Kyzylorda-news.kz. Операция үстелі - өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде дәрігерлер адам өміріне тіршілік нәрін беремін деп жанталасып жатады. Солардың шипалы қолдарының арқасында өмірден күдерін үзген науқас адамдар аман-есен жарық дүниеге қайта оралады.
Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы ақ халатты абзал жандар. Осындай бiлiм мен мейiрiмдiлiктi ұштастыра бiлген ақ халатты абзал жандардың бірі – Тлеулеев Болат Қожабайұлы.
Болат Кожабайұлы 21 тамыз 1968 жылы дүниеге келген. 1993 жылы Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» бойынша тәмәмдаған. 1993-1995 жылдары №3 қалалық емханада хирург, 1995-1997 жылдары Темір жол ауруханасында хирург болып жұмыс жасаған. 1997 жылдан бастап Облыстық онкология орталығында "Хирургия" бөлімінің онкохирургы болып абыроймен қызмет атқарып келеді. Шет елдерде, Корея, Сеул, Минск, Москва, Белоруссияда ғылыми конференцияларға қатысып тәжірибе алмасып, алған білімімен орталықтың мамандарымен бөлісіп тәжірибе барысында пайдаланып келеді. Оның көп жылғы еңбегі елеусіз қалмай Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан, Облыстық онкология орталығы тарапынан бірнеше рет Алғыс хаттар мен Құрмет грамотасымен марапаттталған!
Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. «Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек еткен Болат Кожабайұлын жұртшылық «алтын қолды дәрігер» деп те атайды. Тіпті, тағдыр салған тауқыметтен енді құтылмаспын деп, үмітін үзген жандардың өзін емдеп, дертін жазған білікті дәрігерлерді антына адал, абыройлы жан десек, артық айтқандық емес.
Қатерлі дерттің құрсауына іліккен жанның әп-сәтте өмірінің астан-кестен болатыны анық. Мұндай да Болат Қожабайұлы сынды білікті де білімді ақ халатты дәрігерлердің алтын қолы, жылы сөзі мен мейірім шапағаты әрбір науқасқа дем берері сөзсіз.