Kyzylorda-news.kz. Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Солардың бірі – аудандық аурухананың УДЗ бөлім дәрігері Нұргүл Әбітаева.

Нұргүл Оралқызы – 12 жыл көлемінде медицина саласында өнімді еңбек етіп, шексіз құрметке бөленген, «Алтын дәрігер» медалінің иегері. Бір сөзбен айтқанда, нағыз адам өмірінің қорғаушысы. Ол 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясын тәмамдап, сол жылдан бастап аудандық емханада жасөспірімдер дәрігері болып жұмыс істеген. Өз білімі мен біліктілігін ары қарай дамыту мақсатында 2011 жылы Алматы Мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында сәулелі диагностика мамандығы бойынша білім алады.

Қоғамдағы адам денсаулығын күзетіп, мемлекеттің алға жылжуына үлес қосушы бірден-бір мамандық болса осы дәрігерлер. Бұл сала тек іспен емес, сөзбен де терең тамырласып жатады. Өйткені «ақ халаттылар науқасты жартылай іспен емдесе, жартылай сөзбен емдейтіні» талассыз ақиқат. Бұған көне Иран даналығында айтылған «Дәрігердің үш қаруы бар: сөз, шөп және пышақ» дегені нағыз дәйек. Бұл жердегі сөздің бірінші орынға қойылуы тегіннен-тегін емес. Яғни «дәрігердің науқас психикасына, оның ойына, көңіл күйіне, ерік-жігеріне ықпал етуі – ең басты қаруы». Өз кезегінде білікті дәрігер Нұргүл Оралқызы да бұл қағидатты жадында ұстап, науқастармен тиісті дәрежеде сөйлесіп, қарым-қатынас құра біледі. Конфуций айтқандай «Бір сөзбен адамды дана немесе ақымақ деуге болады. Сондықтан әрбір сөзімізге абай болғанымыз жөн».

12 жылдан астам еңбек өтілі бар Нұргүл Әбітаева қазіргі таңда сұранысы жоғары мамандық иесі – узист. Осындай қоғамда маңызы бар мамандықты таңдаған Нұргүл өз ісінің шебері, білгір әрі жан-жақты. Аудан медицинасының дамуына бір кісідей үлес қосып жүрген жанның жақында «УльтраНұр» УДЗ жеке кабинеті ашылды. Соңғы үлгідегі заманауи Оңтүстік Корея елінен алынған «Samsung» HS30 скайнер жасайтын аппаратымен аудан тұрғындарына өз адал қызметін көрсетуге дайын.

«Бұл көп біліктілікті қажет ететін қызықты жұмыс. Жас мамандарға көп жылдан бері жинаған тәжірибемді үйретіп келемін. Пациенттермен сөйлесіп медициналық қызметтің олқы тұстарын анықтаймын. Заман талабына орай медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға барынша үлесімді қосып жүрмін», – дейді ол. 

Әрине, осындай берері көп нағыз білікті маманның келешек шәкірттері де осал болмасы анық.

Бағалай білген кісіге медицина мамандары тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Нұргүл Оралқызына абырой биігіңіз арта берсін демекпіз.

Тағы да оқыңыз: