Kyzylorda-news.kz Қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың көшін бастап тұрған ақ халатты абзал жандар. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген бұл жандар туралы айтарымыз көп-ақ. Неге десеңіз, адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтегендігі баршамызға ақиқат. 

  Бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып саналып, медицина мамандығын таңдаймын деген жандар үшін де барынша жеңілдіктер қарастырылуда. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүміндіктер жасалуда. Бұл білікті дәрігерлердің де арқасында демекпіз. Бүгінгі біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де өз саласының майталманы атанып, көптің алғысына ие болып жүрген жан.

  Мақаламыздың арқауы ақ халатты абзал жан – Алмира Дауылбаева. Ол ІІІ Интернационал ауылында 40 жылдан бері акушер болып еңбек етеді. Саналы ғұмырын ана мен баланың амандығына арнаған ол қиын кезеңдерде де мамандығына адалдық таныта білді. Бұлай дейтініміз, тәуелсіздіктің алғашқы қысылтаяң жылдарында ауылдағы дәрігерлік қызметті ақсатпай алып шыққан майталман ақ халаттылардың бірі.  

  Ол ІІІ Интернационал ауылының тумасы. Осындағы №108 мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы медициналық училищенің Акушер бөлміне оқуға түседі. 1982 жылы қолына диплом алған жас маман аудандық аурухананың жолдамасымен Ақжар ауылына жұмысқа орналасады. 2 жылдан соң ІІІ Интернационал ауылдық ауруханасына маман тапшылығына байланысты ауысқан. Содан бері 40 жыл тапжылмай халыққа адал қызмет көрсетіп келеді. 

  Бұл мамандықты алып жүру үшін сабыр мен шыдам, білім мен білікті қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Білікті маман басты жетістік мақтау, мадақтау, алғыс хаттары емес көптің көңілінен шығып, тұрғындардың жылы лебізін есту екенін алға тартады. 

  Уақыт көшіне қарай медицина дамыған сайын дәрігерлерге артылатын салмақта арта түсуде. Тәжірибе жүзінде жүктелген міндетті орынды орындап жүрген ел анасы Алмира Дауылбаева отбасында жолдасымен 3 перзент өсіріп отыр. Жарты ғасырға жуық медицина саласында адам жанының арашашысы болып келе жатқан ақ халатты абзал жан өзінің адал еңбегі арқасында халықтың ыстық ілтипатына бөленіп отырған кейіпкеріміз зейнеттік демалысқа аяқ басқалы отыр. Бір ғана салада, бір мекемеде 40 жылдан астам ғұмырын арнаған ақ халаттының мамандығына адалдығы көпке үлгі боларлық. Еңбегінің зейнетін көрер шағы берекелі болсын дейміз.
 

Тағы да оқыңыз: