Kyzylorda-news.kz. Операция үстелі – өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде дәрігерлер адам өміріне тіршілік нәрін беремін деп жанталасып жатады. Солардың шипалы қолдарының арқасында өмірден күдерін үзген науқас адамдар аман-есен жарық дүниеге қайта оралады.

Алтын қолды хирург Болат Маханбетияров талай балаларды емдеп, оларға өмірге деген екінші мүмкіндік берген.

Маханбетияров Болат Үмбетиярұлы – 2009 жылдан бастап Қызылорда облыстық медициналық орталығына балалар хирургі болып қызметке орналасқан. Негізгі жұмысын атқара жүріп жаңа туған нәрестелер арасында ақаумен туылған сәбилердің хирургиялық патологияларына көңіл аударып, олардың ақауларын анықтап, емдеумен айналысқан.

2011 жылдың желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында неонтальды хирургия бойынша курстан өткен. Осында алған білімін ақаумен туған балалардың сауығып кетуіне арнаған.
2016 жылы Санкт-Петербург қаласында және 2018 жылы Оңтүстік Кореяның «Северанс» клиникасында неонтальды хирургия бойынша туа болатын ақауларға байланысты ерекшелікті игеріп, ота жасау тәсілдерін жандандырды.

2020 жылдан бастап жоспарлы хирургия болім меңгерушісі қызметін атқарады.

«Халық жанына шипа іздеп бірінші дәрігерлерден көмек сұрап келеді. Бар үміті бізде. Сондықтан біз олардың сенімін ақтауға тырысып, жылдар бойы жинаған тәжірибелеріміз арқылы емдеп жазуға тырысамыз. Алдымызға келген азаматтардың сауығып отбасына оралуынан асқан бізге сый жоқ. Себебі қанша еңбек, маңдай теріміз, жұмысымыздың нәтижесі осы халық саулығынан көрінеді. Күнде ауруханаға түрлі аурумен көп балалар түседі. Бірінен кейін, бірі қатарласып «Пилоростеноз» диагнозымен түскен қос нәрестемізге, «Лапароскопиялық пилоромиотомия» операциясын сәтті жасап шықтық. Тараз қаласына жолға шығуды жоспарлап отыр едім, екі періштеміз бірінің артынан бірі түспесі барма. Құдай қалап, сәтін салып, екеуіне де операция жасап үлгердік. Енді жолға уайымдамай шыға беруіме болады. Ал нәрестелерімізді жолдан келгенде аналырының қасында болады деген үміттемін», – дейді Болат Маханбетияров.

Тағы да оқыңыз: