Kyzylorda-news.kz. – Аралкүл ағеден жан, үнемі күліп жүреді. Көшеден кезіктіре қалса, хал-жағдайымды сұрап, апалап тұрады, – деді алпысты алқымдаған ақ жаулықты ана қасындағы замандасына.
– Иә, өзі бір жақсы бала. Дәрігер болсаң, осындай бол, –десті қос кейуананың орташа бойлы, белі ауырғандықтан болар сәл бүгіліңкіреп жүретін қара шарқаттысы.
Олар айтып келе жатқан басты кейіпкер – қаладағы дәрігер Аралкүл Ашықбаева. Оның мейірімділігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігін сөз етіп келеді. Расында да Қазалы қаласының халқы бұл дәрігерді ақкөңіл, елгезек, жылы шырайлы, нұрлы жүзді, кішіпейл деп жақсы сөздерге теліп отырады.
Аралкүл Ашықбайқызы Арал ауданының Қаратерең аулында туған. 1981 жылы орта мектепті бітіріп, дәрігер болсам деген бала күнгі арманын жүзеге асырмақ ниетпен Ақтөбе медициналық институтына оқуға түсті. Дәрігер мамандығын меңгеріп шыққан жас еңбек жолын Қазалы қаласындағы емханадан бастайды. Міне содан бері ақ халатындай ақ көңілімен емделушілердің жүрегінен жол тауып келеді.
Отбасында жолдасы Серғазымен өмірге төрт бала әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп отырған ата-ана. Ұл-қызынан өрген он немеренің сүйікті әжесі.
Көмек сұрағанға қол ұшын созуға әзір тұратын Аралкүл Ашықбайқызы әріптестері ортасында сыйлы басшы. Ұжымды өзінің сыпайлығымен ұйыстыра білген дәрігер үшін ең бастысы – уақытылы әрі жауапты жұмыс істеу. Ол: «Әр адам өзіне ұқыпты болып, дер кезінде орындай білсе, жұмыс жүйелі жүреді» деген ұстанымда.
«Емхана болғандықтан күніне қанша адам келеді. Олардың басым көпшілігі науқастанып тұрады. Ауырып тұрған адам белгілі, мазасықашып, мең-зеңболып, кейбіріашушаңкеледі. Дәрігерлік ем өз алдына, адами тұрғыда жақсы сөзбен демеп, жылы қабағыңмен қарсы алып, шығарып салсаң, ауырып тұрған жанға күш сыйлайды», – деген дәрігер жұмыс барысындағы кез келген мәселені сабырлықпен шешуге тырысатындығын жеткізді.
Аралкүл дәрігер туралы тұрғындардың да пікірі теріс емес.
«Ауыра қалсаң, әуелі Алла содан кейін дәрігерлерден жәрдем сұраймыз. Қаладағы емханаға барсақ, аққұбаша келген Аралкүл күлімдеп қарсы алып, жаныңа жалау болатын сөздерімен жабырқау жаныңды жылытады. Оның отбасында алған тәрбиесі іс-әрекеті мен адамдарға деген қарым-қатынасынан көрініп-ақ тұрады. Емхана іші де жаңаланып, жақсарып келеді. Қызметкерлердің де қызметі көңілден шығады», – дейді қала тұрғыны.
Алғыс арқалаған Аралкүл Ашықбайқызы аудандық, облыстық деңгейдегі марапаттардың иегері. Адам жанының арашасына айнала білген ақ халатты абзал жан халыққа қалқысыз қызмет ету – міндетім, мамандығыма деген жауапкершілігім деп біледі. Кейінгі толқын жастарға білгенін айтып, ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын жан өзі де үнем ізденіс үстінде жүреді. Адал еңбек – елге сыйлы етеді деген осы болар. Бүгінде қарапайым халық дәрігеріне дән риза.