Kyzylorda-news.kz. Көкіректегі үміт отын алаулатып, қатарынан кем қалдырмай, алға сүйрейтін, алға сүйрегенде де алысқа жетелейтін адамның жүрегіндегі жігер-ау, сірә! Тіршіліктің түйінін уысынан шығармай, алдынан сара жолды ашатын да осы жігер. Иә, осындай жігітке тән жігерлілікті Ақжан Оразмаханның өн бойынан кезіктіруге болады.

Істің көзін тауып, шаруасын оңқай асықтай үйіріп отырған кәсіпкердің қарақан басының қамын ғана ойламай, қалың ормандай шиеліліктердің әлеуметтік-тұрмыстық жайы мен денсаулығына көңіл аударып, қолынан келгенінше көмек көрсетуі азаматтық. Кейіпкеріміз осыдан 8 жыл бұрын Шанхайдан алғаш болып дәріхана ашып, кәсібін бастайды.

Жол түсіп менде «Ақжан» дәріханасына бас сұқтым. Мұнтаздай тап-таза бөлме, жинақы сөрелер, реттілікпен орналастырылған дәрі-дәрмектер бір-бірімен үйлесіп-ақ тұр. Қала берді мұнда келушілерге толық жағдай жасалған. Арнайы ине егу бөлмесі де бар. Сәлемімді қабыл алған Ақжан келген мақсатымды білген сәтте бірден ағынан жарылды. Әңгіменің ауанынан байқағаным, жас кәсіпкердің дәріхана ашамын деген арман-мақсаты бала күнгі арманы. Нәтижесінде отбасымен бірге дәріхана ашты. Бүгінде кәсібін дөңгелетіп, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ақжанның негізгі мамандығы да – фармацевт.

«Аудан тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, алғаусыз алғыстарын айтуда. Әр келген тұтынушыға қажет болған дәріні тауып беруге тырысамыз. Жоқ болып қалған жағдайда дереу тапсырыс беріп, алдырамыз. Дәрілер келісімшарт арқылы еліміздің Қызылорда мен Шымкент қалаларынан жеткізіледі», – дейді Ақжан Оразмахан.

Жас кәсіп иесінің ендігі мақсаты – дәрі-дәрмек түрін молайтып, кезек күттірмейтін күндізгі стационар ашу. Халыққа қолдан келгенше қалтқысыз қызмет етуге әзір. «Батаменен ел көгерер» деген тәмсілді ұстанған ол адамнан алған алғыс, кәсіптің берекесін артырарына бек сенімді.

Тағы да оқыңыз: