дәрігер-терапевт Кенішкүл Мақсұтованы ауылдастары ерекше құрмет тұтады
Kyzylorda-news.kz. … Қармақшы аудандық «Шипагер» жанұялық емханасының іші толған адам. Жасы мен жасамысы, егде тартқан қария, әйтеуір не керек, дертіне шипа іздеген жандардың бәрі – осында. Барлығы демесек те, науқастанып емханаға келген жандардың көбісі бір есіктің алдына жиналып қалыпты. Кезекте тұрған адам қарасы қалың. Емхананың кезекші медбикесі болса, емхана қабылдауына келген емделушілерді дәрігерлерге бөліп, зыр жүгіріп әлек.
– Әже, сіз өзіңіз көрінуге келдіңіз бе? – деді әлгі кезекші медбике емхана есігінен немересін жетектеген күйі аттаған ақ жаулықты кейуанаға.
– Мына «құдайдың бере салғаны» салқындап қалыпты, соны Кенішжанға көрсетейін деп келіп едім, қарағым, – деп тіл қатты әжей.
– Әже, бері қарай жүріңіз, келесі бөлмеде балалар дәрігері бар. Немереңізді соған көрсетіңіз әрі кезек те аз екен, – деп жол сілтеді медбике.
– Мен немеремді Кенішкүлге көрсетемін. Оным балалар дәрігеріне деген сенбегендігім емес. Балалар дәрігерін де жақсы танимын. Бірақ, мүмкін, Кеніш қалқамның шипалы алақандары менің құлынымның денесіне тисе – дәрісіз-ақ жазылып, ойнақтап шыға келер…
Медбике одан әрі кейуанаға ештеңе демеді. Әжей ақыры аудандық емхана бас дәрігері бөлмесінің алдындағы орындыққа жайғасып, өз кезегін күтіп отырды. Осылайша, талай науқасты аяққа тұрғызып, аудан халқының сеніміне ие болған ақ халатты абзал жан Кенішкүл Мақсұтқызына көрінуге келген жандар қарасы көбеймесе, азайған жоқ. Сағат артынан сағат өтті. Түскі үзіліс болса да, адам аяғы әлі толастар емес. Үзіліс уақыты келді деп дәрігер де бөлмесінен шыға қоймады. Қабылдауын, науқастарды қарауын жалғастыра берді. Сөйтіп, Кенішкүл дәрігердің жұмысы түскі үзіліссіз өтті.
Адам өмірінің арашасы атанған жанға жүгінуге келген тұрғындар саны түс ауа да бәсеңдемеді. Сол күні «Кенішжанға көрінеміз» деп келген қария-кейуаналардан бастап, «Кеніш құрбымыз қайда екен?» деген замандастары да, «Кеніш өзінде ме екен?» деп іздеген орта жастан асқан кісілер де, «Кенішкүл апайға келдік» деген жастар да, одан қалды әжесіне ере келген кішкене бүлдіршендер де, бәрі-бәрі – емхана дәрігерінің бөлмесінен жайдары көңілмен шықты.
Осылайша, бір сәт тыным таппастан тағы бір жұмыс күні аяқталған Кенішкүл дәрігер үйіне қайтуға жиналып, емханадан сыртқа шығып келе жатқан. Кенет жанұшыра айқайлаған бейтаныс келіншектің дауысынан кілт тоқтай қалды. Тура өзіне қарай жүгіріп келе жатыр.
– Кеніш апай, көмектесіңізші! Балам ойнап жүріп қораның төбесінен құлап қалыпты. Ес-түссіз жатыр. Мен мына үйде тұрамын, – деді емхана жанындағы қызыл шатырлы үйді нұсқап. – Үйіміз емханаға жақын болған соң сізге жүгіріп келе жатырмын. Жедел жәрдемге де хабарластым. Ол арғы беттен келемін дегенше, біраз уақыт өтеді. Жалынамын, баламды аман алып қалыңызшы!
– Сабыр сақта, айналайын! Әрине көмектесемін! Бәрі жақсы болады! Кәне, үйіңе тезірек барайық, – деп келіншекті сабырға шақырған Кенішкүл дәрігер оның соңынан ере жүгірді…
Бұл – біз бүгінгі мақаламызға арқау еткелі отырған ақ халатты абзал жан, аялы алақаны талай жандардың дертіне шипа болған дәрігер Кенішкүл Мақсұтқызының бір ғана қызметтік күні. Ал, бақандай 45 жыл бойы қаншама күні осылай қауырт, түскі үзіліссіз, демалыссыз, ұйқысыз өтіп келе жатқанын есептесеңіз, кейіпкеріміздің аудан тұрғындарына деген адал еңбегін өзіңіз-ақ салмақтай беруіңізге болады.
Бұл күндері Қармақшы аудандық амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық ауруханаға қосылған жанұялық емханада абыройлы еңбек етіп келе жатқан Кенішкүл Мақсұтова ауданға қарасты қазіргі Ақтөбе ауылында дүниеге келеді. Осы ауылдағы алғашқы көлік жүргізушілерінің бірі, автомеханик Мақсұт Торшаев пен Шәмшия Балабаеваның отбасында дүние есігін ашып, қарапайым жанұяда тәрбиеленген Кенішкүл кішкентай кезінен үйдегі он баланың алғыры, зерегі болып өседі. Көп балалы жанұяда тәрбиеленген ол анасының қолғанаты, көмекшісі болып қана қоймай, бауырларына қамқор бола біледі. Мектепте есеп-қисап, химия секілді пәндерден алдына жан салмаған зерек қыз 1976 жылы №109 мектептің 10 сыныбын аяқтағанда да есімі үздік бітірушілердің қатарында болады. Жастайынан алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын еңбекқор Кенішкүл сол жылы сыныптастарының арасынан алғашқы болып Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Институт қабырғасында да еңбекқорлығынан, оқып-тоқудан, ізденуден танбаған бұрымды қыз алты жылды да оңай еңсеріп, 1982 жылы туған жеріне кәсіби маман болып оралады. Аталмыш институттың «Емдеу ісі» факультетін үздікке тәмамдаған ол еңбек жолын өзі дүниеге келген Чапаев ауылдық дәрігерлік амбулатория меңгерушілігінен бастайды. Осылайша, Кенішкүлдің тынымсыз күндері мен ұйқысыз түндері басталып кете барады. Тынымсыз еңбек, қауырт қызмет, қиындыққа толы дәрігерлік жұмысты жауапкершілігі мол меңгерушіліктен бастаған өжет қыз көп ұзамай-ақ адал да абыройлы еңбегімен бұл қызметке әбден лайық екенін дәлелдеп шығады.
1984 жылы қуанышынан қайғысы, үмітінен қорқынышы көп, дәрігерлік салада ең қиын бөлім саналатын «Жедел жәрдем» бөліміне өз еркімен ауысқан оның бұл бөлімде де бағы жанып, талай жанды өлім аузынан арашалап алып қалады. Көптеген науқастарға дер кезінде көмек көрсетеді. «Адам өмірінің арашасы» деген атқа лайық екенін күн сайын дәлелдей түседі. Оның осы бөлімде жүріп танытқан қырағылығы мен өжеттілігі, дәрігерлік батыл шешімдері ертеңіне-ақ аудан тұрғындарына аңыз болып тарап кетеді. «Дәрігер Мақсұтова» деген есімі қасиетті Қармақшы ауданы халқына кеңінен танылып жүрген кезі де – осы бөлімдегі кездері болатын. Тек науқастанған емделушілер, аудан тұрғындары ғана емес, әріптестерінің арасында да өзінің лайықты орнын таба білген оның еңбекқорлығына сол қызметтестері қызыға да, қызғана да қарайтын. Себебі, ол қандай бөлімде немесе емханада қызмет атқарса да өзінің ақ халаты мен абыройына ешқандай кір жұқтырмай, дәрігерлік қызметін кіршіксіз орындайтын. Мерейі әркез үстем бола білген Кенішкүл Мақсұтованың абыройлы қызмет жолдары 1990 жылдан 1999 жылға дейін Қармақшы аудандық емхана филиалында аймақтық дәрігер, 1999 жылдан аудандық емхана филиалының меңгерушісі, 2000-2004 жылдары жанұялық емхана аға дәрігері, 2004-2007 жылдары аудандық емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі, 2007 жылдан бастап жалпы практикалық дәрігер және бөлім меңгерушісі болып жалғасып кете береді.
Тағы бір айта кетерлігі – алғаш еңбек жолын бастаған кезінен осы уақытқа дейінгі оның 45 жылдық қызметтік кезеңінде ешқандай қателік, заң бұзушылық орын алмапты. Аяқ астынан оқыс жағдайға ұшыраған адамның болмаса ауыр дертке шалдыққан науқастың тірі қалу-қалмауы Алланың қолындағы іс десек те, ауылдастары: «Әлгі науқасқа дәрігер Мақсұтова араша түсе алмапты. Дер кезінде көмектесіп үлгермепті» деген пікірді ешқашан айтып көрген емес. Қазіргі таңда аудандық амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық аурухананың бас маманы және жалпы тәжірибелік дәрігері қызметін зор сеніммен атқарып келе жатқан жоғары санатты терапевт-дәрігер Кенішкүл Мақсұтова 2009 жылы аудан бойынша Бас терапевт болып тағайындалады.
Бүгінде өз ісінің шебері, майталман маман атанған, ақ халатты абзал жандардың арасында есімі әрқашан құрметпен аталатын Кенішкүл Мақсұтқызы осылайша қандай қызмет болмасын, өзіне артылған сенім жүгін абыроймен ақтап шығып, Гиппократ антына адал екендігін әркез дәлелдеп келеді. Оның әр жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің түрлі марапаттарына ие болуы – өз саласында үздік әрі өз ісінің шебері екендігін айғақтай түседі.
Ешқашан қарапайым мінезінен танбаған Кенішкүл апайдың біреуге жекіп, дауыс көтеріп сөйлегенін аудан тұрғындары кездестіріп көрмепті. Керісінше, еңбектеген кішкентай баладан бастап, үлкен қарияларға дейін ілтипатпен қарайтын оның үлкен жүректі дәрігер екендігі аудан халқының аузындағы аңызға айналған. Жүзінен мейірім, жүрегінен жылу төгілген кейіпкеріміз білікті маман болуымен қатар, сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі. Оның түрлі сахналардан әуелете салған әуезді әндері тыңдарманын бірден ұйытып әкетіп, ерекше дауысы жаныңды жіпсіз байлап, өзіне баурап алады.
Дәрігер болғаның – өміріңді халқыңа арнағаның. Дәрігерлік анттың сыртында, «дәрігер» деген сөзді «адам жанының арашасы» деп түсінеді халық. Яғни, дәрігер болу – ақ халат қана кию емес, үлкен жауапкершілік жүктейді деген сөз. Адамның тағдыры – ойыншық емес. Қазір жан-жақты терең білімді, жағдайыңды жанымен түсініп, жүрегімен сезіп тұратын, ақ халатына аппақ көңілі жарасқан Кенішкүл Мақсұтқызы секілді дәрігерлер көп деп те айта алмайтынымыз жасырын емес. Несін жасырайық, бүгінгі таңда Кенішкүл дәрігердің амандығын, тілеуін тілеген қармақшылықтар саны өте көп. Сірә, бақыт дегеніміз осы болар мүмкін? Өзіңнің басқаларға керек екеніңді сезіну, олардың сенің амандығың мен тілеуіңді тілесе – бұдан артық бақыттың не керегі бар?!
Олай болса, мамандық таңдауда қателеспеген Кенішкүл Мақсұтқызы да, өз өмірлерін қапысыз сеніп тапсырған Кеніштей дәрігерлері бар қармақшылық тұрғындар да бақытты.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қармақшы ауданы.
