Kyzylorda-news.kz Қоғамдағы барлық мамандықтың өзіндік жауапкершілігі бар. Бірақ дәрігерлік мамандығының жауапкершілігі екі есе десек артық айтпағандығымыз болар. Себебі дәрігер – адам өмірінің арашасы болғандықтан оларға артылар жүк ауыр. Бұл ретте бұл мамандықтың қыр-сырын біліп, сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты иыққа іліп алу шарт емес, жаның да кіршіксіз таза болуы шарт.

Сондай-ақ жанына шипа іздеп барған адамның сеніміне кіру, оның жанын жадырату бірінші Алланың, екінші осы ақ халатты абзал жандардың қолында екені сөзсіз. Осындай халқының алдында абыройлы қызмет жасап, сенім жүгін абыроймен көтеріп келе жатқан дәрігердің бірі де бірегейі Жұлдызай Абдреймова. 

Ол №3 қалалық емханасының дәрігері. Жаңақорған ауданында дүниеге келген Жұлдызай Мейірбекқызы көмекке зәру науқас жандарды емдеумен айналысуды өзіне мақсат етіп қояды. Сол себепті Сунақата қазақ орта мектебін бітірісімен  1987-1993 жылдары Ақтөбе АКГМИ-ді дәрігер-терапевт мамандығы бойынша бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолын Жаңақорған аудандық ауруханасында дәрігер лаборант болып бастады. 1995 жылдан бастап Төменарық ауылдық ауруханасында жұмысын жалғастырды. Мұнда 1999 жылға дейін еңбек етіп, 2000-2016 жылдары аудандық емханада жалпы аймақтық дәрігер болып жұмыс істеді. 2017 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы №3 емханада ЖЖБ, МККБ меңгерушісі болды. 2021 жылдан бастап емханада кардиолог қызметін атқаруда. 

Жұлдызай Абдреймова шипа іздеп келген науқасқа еммен қатар, жылы қабақ танытып, дәру болар сөзін айтып халық алғысына бөленіп жүрген дәрігер. Адам денсаулығының сақшысы бола білген білікті дәрігер ақ жүрек пен аялы алақан иесі. Халыққа жасаған еселі еңбек ескерусіз қалмасы белгілі. Өз ісінің майталман маманы ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі төсбелгісімен марапатталды.

Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін  Жұлдызай апайымыз сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз.

Тағы да оқыңыз: