Kyzylorda-news.kz. «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының» стратегиялық блок басшысы, Қазақстан Республикасының хирургиялық қызмет жөніндегі координаторы медицина ғылымдарының кандидаты Ибекенов Оңласын Төлегенұлы Қызылорда облысына іссапармен келді. Дәрігер қазіргі таңдағы Сыр өңіріндегі хирургия саласының ахуалымен танысты.
Сапар барысында Оңласын Төлегенұлы көпбейінді облыстық және қалалық ауруханалары, Жаңақорған және Шиелі ауданаралық ауруханаларының хирургия, реанимация, ота және функционалды бөлімшелерінің материалдық базасымен қатар, хирургиялық құрал-жабдықтармен, мамандардың қамтамасыз етілуімен танысты.
Одан соң көпбейінді облыстық ауруханасының мәжіліс залында хирургиялық ахуалды талдау бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мирзанова Мая Миранбайқызы және облыстың хирург, эндоскопист дәрігерлері қатысты.
Жиында облыстың хирургия саласының биылғы жылдың 9 айының қорытынды есебі тыңдалып, нәтижесінде Оңласын Төлегенұлы Қызылорда облысының хирургия саласының жұмысына оң бағасын берді.


