Kyzylorda-news.kz Өңірде денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Қаржыландыру көлемі соңғы 5 жылда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында, үш есеге жуық өсті. Бұл туралы Қызылорда облыстық мәслихатының Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі комиссиясының кеңейтілген отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.

Комиссия отырысы барысында Балжан Шәменованың төрағалығымен бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Оның бірі - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы жұмысының қорытындылары.

Филиал директоры Жақсылық Абдусаметов атап өткендей, егер 2019 жылы саланы қаржыландыруға 45,9 млрд теңге жумсалса, 2024 жылы - 120,3 млрд теңге қарастырылды. Өсім 2,6 есе. МӘМС жүйесін енгізу арқылы салаға 35-40% қосымша қаржы келіп жатқанына арнайы тоқталды.

«5 жыл бұрын бір отаның құны орта есеппен 353,4 мың теңге болса, биыл 6 млн. теңгеден асты. Өсім 17,6 есе. Мысалы, бұл бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық (жаппай) эмболизациясы немесе окклюзиясы, интракраниальды артерияға стенттерді тері арқылы имплантациялау сияқты оталар. Автоматты кардиовертер/дефибрилляторды, бивентрикулярлық дефибрилляторды имплантациясы, бауыр трансплантациясы бойынша оталардың құны 9 млн. теңгеден астам», - деді спикер.

Жақсылық Әбілқасымұлы Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар нормативтік құқықтық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, Қор филиалының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы айтты. Осы орайда, халықты МӘМС жүйесіне толық тартудың маңыздылығына тоқтала отырып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Баяндамашының айтуынша, облыста 129 890 (15,4%) адам МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған.

Сонымен қатар, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Отырыс соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша депутаттардың ұсыныстары ескеріліп, шешім жобасы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қарауына ұсынылды.

Тағы да оқыңыз: