Kyzylorda-news.kz. Денсаулық пен өмірдің егіз ұғымдай қосарланып жүретіні ақиқат. Өйткені, ұзақ өмір сүріп, көп жасау үшін өн бойда жігер байқалып, тән мен жанда аурушаңдық болмауы тиіс. Сондықтан, денсаулыққа келгенде қолды бір сілтемей, дәрігер қабылдауына жазылған дұрыс. Алдын ала емделгеннің артықтық етпейтіні анық. Сандық толы сары алтын, қолда бума-бума ақша, асып-тасыған байлық болғанымен оның өзі ажалмен айқаста араша бола алмайды. Американдық өнертапқыш Стив Джобс «төсек тартып ауырып қалған кезде өз-өзіме есеп бердім. Атақ та, байлық та өлімнің алдында дәрменсіз екенін ұғындым» деген. Тағы бір философиялық ойында «Сіз ақшаға автокөлігіңізді айдайтын адамды да, сіздің орныңызға жұмыс істейтін қызметшіні де жалдай аласыз. Бірақ, бар қаражатыңызды құйсаңыз да, сіздің орныңызға ауырып жан кешетін адамды таппайсыз» деген екен. Дүйім жұрт денсаулықтың қадірін жетік біледі. Осы ретте, денсаулықты – қоғам байлығы десек, дені сау ұлт – мемлекет тірегі. Билік басшылары да халықтың хәл-жағдайын алдыңғы орынға қойып, медициналық қызметтер сапасын жақсартуды көздеген. Төрт бағытты қамтитын ұлттық жобаны бекіткені де содан.
Аталған жобаның нәтижесінде әрбір азаматтың өмір сүру ұзақтығы ұлғайып, халық қажетті тексерістен өткізіліп, ем-шараларын қабылдап, медицина және оңалту орталықтарының жағдайы жандануы тиіс. Сондай-ақ, көпшіліктің тілегі – кадр жетіспеушілігі түйінін тарқатып, білікті маманмен толыққаны игі. Сайып келгенде, ақ халаттылардың тынымсыз тірлігі тәжірибемен ұштасып, аурудан айықтырудың амалы артатыны сөзсіз. Бүгінде, облысымызда жоба өз деңгейінде жүзеге асып келеді. Тұрғындар көмек алып, әлі де толық қамтамасыз етілуі басты назарда.
Өткен жылы облыстағы бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 807 753 тұрғын тіркелген еді. Оларға медициналық көмекті 18 стационарлық, 22 амбулаториялық-емханалық медицина ұйымдары көрсетті. Тұрғындардың бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына қолжетімділігін арттыру мақсатында Орталық қалалық емханасы қолданысқа беріліп, соның негізінде №1, №3 және №6 қалалық емханалардың жүктемесі азайып, денсаулық сақтау желісі нормативке сәйкестендірілді. Мұның өзі жоба аясындағы кезекті жетістік.
Жалпы, бөлінген қаржылардың қорытындысында есебі шығып, игілікке жұмсалғаны қажет-ақ. Осы ретте, облыстық денсаулық сақтау басқармасы керекті аппараттар мен құрал жабдықтарды сатып алудан сырт қалған емес. Мәселен, дистрибьютор тізіміне енгізілген 5 және өзге де 7 дана медициналық бұйымдарға «СК-Фармация» ЖШС-і арқылы сатып алу жұмыстары жүргізілген болатын. Сондай-ақ, қаржы желге ұшып, бей-берекет жұмсалмай, керісінше әр емхананың жағдайын түзеп, жабдықпен қамтамасыз етілуі көңіл қуантты. Басқарма мәліметі бойынша, қалалық орталық емханасына компьютер, облыстық психикалық денсаулық орталығына ассенизатор және автобус автокөлігі, облыстық перинаталдық орталығына қазандық жабдықтарына, транформаторлық қосалқы станциясына, бактериологиялық анализатор аппаратына, облыстық қан орталығына иммунохимиялық анализатор аппаратына бюджет есібінен қаржы бөлінді. Аудан ауруханаларының да кемшін тұсы кесе-көлденең шыға бермей, онда да жағдайды реттеу мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Сырдария ауданы Шіркейлі дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін де қаражат қарастырылып, бұл денсаулық саласының қалыпты дамуы үшін жасалған негізгі қадамдардың бірі болды. Қарқынды құрылысы аяқталып, көптің қуанышын еселеген емханалар әлі де бар. Өткен жылы Жаңақорған ауданында Жаңарық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, іске қосылды. Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында 6 медициналық бекет қолданысқа берілді. Одан бөлек, Орталық қалалық емханасы және Қазалы аудандық емханасы халық игілігіне ұсынылды.
Бас ауырып, балтыр сыздағанның бәріне ақ халаттылардың көмегі керек. Яғни, тұрғындар жедел жәрдем қажет кезде аурухана іздеп сабылмай, дертіне дер кезінде ем қабылдауы керек. Әйтпегенде ауруы асқынып, көз жұмғандар жетерлік. Бұл мәселенің де шешімі табылып, шалғай медициналық ғимараты жоқ елді мекендерде Арал ауданы Тастүбек, Қазалы ауданы Жұбан ауылдарында 2 медициналық бекет іске қосылды. Сонымен қатар, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Жалағаш ауданы Таң ауылында іске асырылып жатқан 1 дәрігерлік амбулатория құрылысын маусым айының аяғында аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, облысымыздағы алыс шалғай елді мекендердегі халыққа медициналық көмек көрсету үшін 5 жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылған.
Жоғарыда айтып өткенімдей, білікті мамандардың жетіспеушілігі жарға жығады. Дәл осы ақ халаттылардың антына адал болу мәселесіне келгенде науқастардың айтатын назы көп. Иә, кадр тапшылығының өңірімізде белең алған. Десек те, ұлттық жобаның негізгі бағыттары бойынша атқарылған ауқымды шаралар мен қарышты қадамдар бұл тапшылықтың да орнын толтырады деген сенімдеміз. Өңірде мамандар тапшылығын азайту мақсатында біршама жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы жылы 84 дәрігер жұмысқа қабылданып, олардың 24-і елді мекендерге жолданған болатын. Сонымен қатар 2016 жылдан бастап өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 111 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалып, қазіргі таңда 47 жас түлек емдеу ұйымдарында қызмет атқаруда. Ал, биыл өңірге 33 резидент келеді деп күтілуде. Үрдіс жалғасын тауып, 2022 жылы 20 резидентті тапшы мамандықтар бойынша даярлауға қаржы қарастырылып отыр. Асылында, жүргізілетін жүйелі жүмыстар кез келген келеңсіздікті тап басып, олқылықтың орнын толтыруға негіз болатыны белгілі. Олай болса, табандап тұрып алған мәселенің түйіні шешілсе, халықтың бөркін аспанға атып қуанатын сәті жақында. Сонда халық пен медицина байланысы беки түспек.
Айта кетейік, 2017-2021 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлауға 127 облыс әкімінің гранты бөлінді Бұл шаралар өз кезегінде 2024 жылдан бастап аймақтық саланы дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Сонымен, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін шаралардың шектеулі болғаны жарамайды. Керісінше, арнайы тексерістерден жиі өтіп, деннің саулығына көз жеткізген абзал. Бүгінде халықтың нысаналы топтарына скринингтік тексерулер 6 нозология бойынша жүргізіледі. Жіктеп айтар болсақ, қанайналым жүйесі аурулары, қант диабеті, глаукома, сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісіктері. Яғни, Облыс көлемінде скринингтік тексеруге жас шамалары бойынша жоспарланған тұрғындар саны – 264 027.
Қорыта келгенде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының аясында жүргізілген жұмыстардың бұл жіпке тізгендегі жартысы. Алдағы жылы да жобаны жылы жауып қоймай, жандандыра түссе Сыр елінде серпілістің күшейе түсетіні сөзсіз. Түптеп келгенде, облысымыздың медицина саласы дамудың даңғыл жолына түсіп, өз ісін жетік білетін абзал жандардың адал еңбегін талай мәрте көретін боламыз. Сондай-ақ, түрлі жайсыздықтардан тыныш, ауру-сырқаудан аман болатынымыз анық.