Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында биылғы жылдың І тоқсан қорытындысымен алғаш анықталған бруцеллез ауруының 5 жағдайы тіркелді. 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 2,2 есеге төмендеген, яғни былтыр І тоқсанда сарыптың 11 жағдайы анықталды. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жанабергенова мәлімдеді.
Аудандар бойынша сарып ауруы Қазалы, Қармақшы және Қызылорда қаласында тіркелді. Солардың ішінде Қармақшы ауданында-2, Қазалы ауданында-1, Қызылорда қаласында 2 жағдай есепке алынды.
Індетке шалдыққандардың арасында ауыл тұрғындарының үлесі 40% құрады. Бруцеллез жұқтырғандардың барлығы да ауылшаруашылық малдары бойынша бруцеллезден қолайлы елді мекен тұрғындары.
Ауру ошақтарында індетке қарсы барлық іс-шаралар жүргізілді, қарым-қатынаста болған 22 адам зертханалық тексерумен қамтылды, ошақтан 1 науқас анықталды. Барлығы медициналық бақылауға алынды.
Аурудың негізгі көзі – жануарлар. Сарып ауруы адамға көбінесе жанасу мен алиментарлы жолдар арқылы жұғады. Сондықтан Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауру малды төлдету, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу кезінде арнайы киім, резеңке қолғапты пайдалану қажетігін, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында термиялық өңдеуден міндетті түрде өткізуі қажеттігін еске салады.
Аурудың клиникалық белгілері – дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, дене салмағын жоғалту. Індетке шалдыққан адамның буындары ауырып, бұлшық еттері мен жүйке жүйесі зақымданады. Жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға, жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеліп соқ¬тыруы мүмкін.
Фото: Ақмешіт апталығы