Kyzylorda-news.kz.  Әйгерім – Жалағаштың тумасы. Ал есейіп, мектептен соң жоғары білім арқылы мамандықпен кәсіп бастаған жері – Қармақшы ауданы. Иә, былайынша, қатар жатқан қос ауданның арасы тым алыс емес. Дәрігерлік оқу орнының «терапия» бөлімін бітірген қыздың болашақ жары осында кездесті. Енді, міне, қармақшылықтарға дәрігерлік те, келіндік те міндетін қатар атқарып жүр.

Бала кезінен дәрігер болып ойнап, көршінің кішкентай ұл-қызын емдеп жүретінін бүгінде ол күліп еске алады. Сол бала қиялымен мамандығын адаспай тапты емес пе?! 2006 жылы Жалағаштағы Т.Жүргенов атындағы дарынды балалар мектебін бітірген соң Ақтөбеде білім алды. Осындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне түсті. 2013 жылы «терапевт» мамандығы бойынша аяқтап шықты. Еңбек жолын да осы жылы Қармақшы аудандық ауруханасында дәрігер болып бастаған.

– Бала күнімде  ауруханада жұмыс жасап жүрген дәрігерлерге қарап, қатты қызығатынмын. Олар адам жанының арашашысы ғой. Мен солардың бірі болуды армандадым. Үстіне киген ақ халаттарынан олардың жүректері таза, пейілдері кең, көңілдері кіршіксіз екенін байқауға болатын еді. Міне, сондықтан кішкентайымнан медицинаға құмар болып өстім. Әлбетте, жаны қиналып тұрған адамға қуаныш сыйлауды үлкен бақыт деп санаймын. Сол себепті мамандығымды мақтан тұтамын. Қармақшы аудандық ауруханасының «Шипагер» емханасына терапевт-дәрігер болып қабылданғанымда қатты қорықтым. Қуанышым да болды. Бірақ нағыз жауапкершілік арқалағанымды сол кезде анық түсіндім. Осында келгеннен қабылдау бөлімінде, жедел жәрдем стансасында түнгі кезекшілікке тұрып, жауапкершілікпен орындап, тәжірибелі дәрігерлерден көп нәрсе үйрендім. Әлі де өз мамандығым бойынша ізденісімді тоқтатпадым, – дейді Әйгерім Балымбетова.

Антына адал жас 10 жылдан бері тұрғындардың денсаулығын тексеріп, ауырып ем іздеп келгендерге көмек беруден аянбай жүр. Жұмысын үлкен жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқаратын дәрігер үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысады. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді.
Әйгерімнің жетістіктері де жоқ емес. Еңбегі ескеріліп, бас дәрігердің, аудан әкімінің бірнеше рет Алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан Республикасы медицина қызметкерлері қоғамының 2022 жылғы қорытындысы бойынша «Үздік медицина қызметкері» медалінің иегері.
Әйгерімнің жұбайы Нұрлыбек Сайымов та – ауданға белгілі азамат. Қазір «ІІІ Интернационал» ауылдық округінің әкімі қызметін атқарады. Отбасында бір қыз тәрбиелеп отыр. 

«Ауырған адамға ең бірінші керегі – жылы сөз» дейді Әйгерім. Ал он жыл мерзімде аға буыннан көп нәрсе үйренген дәрігердің ел-жұртқа тілегі біреу ғана. Ол тілек бәрімізге түсінікті…
«Адамдар ауырмаса екен…»

Тағы да оқыңыз: