Kyzylorda-news.kz. Жаңа эпидмаусымда Қызылорда облысында жедел респираторлы вирусты инфекцияның 13032 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар департаментінде өткен брифингте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова хабарлады.
«Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидмаусымның басталуына орай жіті респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен сырқаттану жағдайына және Қазақстандағы, сонымен бірге шетелдегі тұмау вирусының айналымына күн сайынғы мониторинг жүргізеді. Эпидмаусымда 13 мыңнан аса адам жедел респираторлы вирусты инфекцияны жұқтырғаны анықталды. Бұл 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 1532,2 құрады. Ауруға шалдыққандардың 65 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде болып отыр. Сонымен қатар жүкті әйелдер арасында ЖРВИ-дің 652 жағдайы есепке алынған. Науқастанғандардың ауруханаға жатқызылу көрсеткіші – 15,2 пайызын құрап отыр», - деді Әлия Әбдіқайымова.
Эпидмаусымынының 40-50 апталарында облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекциясының ауыр ағымдағы 1720 науқастың сынамасы тұмау ауруына тексеріліп, нәтижесінде зертханалық жолмен нақтыланған тұмау ауруының 282 жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі тұмау вирусының В түрі, қалған 19 жағдайдан тұмау вирусының А түрі анықталды. Тұмау ауруына шалдыққандардың 54 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде.
«Тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биыл 85000 доза вакцина қоймаға жеткізілді. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылды. Препараттың құрамына қосылған «Полиоксидоний» иммуномодуляторының арқасында иммунофармакологиялық әсері күшее түскен. Иммундық статустың түзілуі арқасында ағзаның басқа жұқпаларға төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - дейді Әлия Әбдіқайымова.

