Kyzylorda-news.kz. 17 қарашада әлемде халықаралық шала туған балалар күні атап өтіледі. Ол 2009 жылы жаңа туған балаларды күту жөніндегі Еуропалық қордың бастамасымен қабылданған болатын.
Қазіргі таңда ерте босану қоғамдық проблема болып қала беруде. Сол себепті, ата-аналарға орталықтың психолог маманымен психологиялық қолдау жүргізілуде.
Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының дерегінше соңғы жылдары нәрестелердің мерзімінен бұрын туылуының тұрақты өсуі байқалады. Аталған орталықта 2023 жылдың 11 айында 9276 нәресте туылса, оның ішінде 620 шала туған сәбилер.
«Шала туған нәрестелердің өмір сүру сапасы жоғарылату үшін, қазіргі заман талабына сай орталықтың дәрігерлері мен мейірбикелері тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілігін жоғарылату мақсатында алыс-жақын шет елдерде оқытылды. Сонымен қатар дәрігер неонатологтар ішінен офтальмолог, невропатолог, кардиолог мамандары қайта даярланды.
Өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында орталықта көптеген құрал-жабдықтар, атап айтсақ нәрестелерге емдік гипотермия жасауға арналған «TecoTherm Neo», көз көру қабілетін анықтайтын «Retcam Shuttel» аппаратары алынып, шала туылған нәрестелерді көктамыр ішілік тамақтандыруға арналған мөлшерлемелік аппарат – «компаундер» орнатылды.
Шала туылған нәрестелердің өкпесін жетілдіру мақсатында сурфактант-орынбасушылық ем және инвазивті емес өкпені жасанды желдендіру емі нәтижелі қолданылуда», - делінген облыстық перинаталдық орталығының хабарламасында.
Сонымен бірге, жүрек және асқазан-ішек жолдарының туа біткен ақаулары бар нәрестелерді республикалық санавиация желісі арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы ғылыми-зерттеу орталықтарына аудару мәселесі жолға қойылған.
Шала туылғаннан нәрестенің дене салмағы экстремальды төмен болады, сол себепті алғашқы секундтан қамқорлық жасап, олардың дене жылуын сақтау маңызды. Облыстық перинаталық орталығы шала туылған нәрестелерге қажетті тоқыма бұйымдарын әзірлейтін «28 ілмек» қайырымдылық ұйымымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді.