Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» деп жиі айтып жүр.

 Расында спортты жанына серік етіп, салауаттылыққа бет бұрған ұрпақ тәуелсіз еліміздің рухын тіктеп, атын асқақтатары сөзсіз. 

Біз бұған талай мәрте куә болып келеміз. Қай елдің болмасын жалауы көкке көтерілетін жағдайдың бірі чемпиондар жеңіс төріне шыққан жағдайда. Қандай ерекше сәт, көңіл толқытар көрініс. Бұл спортқа ден қойған әрбір спортшының арманы екенін кім жоққа шығара алсын?! 

Жанарға келген қуаныштың жасын іркей алмай жүрген жеңімпаз жастардың қатарында біздің де талай жерлестеріміз бар. Түрлі спорт түрінен, түрлі жас ерекшеліктерге байланысты көптеген турнирлерде жүлде салып, жеңісті қанжығаға байлап жүргендігі аудандағы бұқаралық спортқа деген қолдаудың айқын көрінісі.Ал қолдау бар жерде еңбектің қаншалықты нәтижелі болатынын көріп, біліп жүрміз. Әсіресе ауданда жекпе-жек спортының түрлері өте қарқынды дамып келеді. 

Таяуда ғана әмбебап жекпе-жектен 2 дүркін әлем чемпионы атанған Фараби Сауытбаев бастаған бір топ өрендер Қырғызстан республикасы, Ыстықкөл облысында «Унифайттан» өткен Азия чемпионатында айды аспанға шығарды. Жерлестеріміздің жетеуі алтыннан алқа тақса, бір қола медальді қанжығаға байлады. Бір ауданнан барған спортшылардың мұндай жоғары нәтижесі жастардың жекпе-жекке қаншалықты ден қойғандығын байқатып-ақ тұр. Көк байрақты көкке көтеріп, Әнұранымызды әуелеткен жасөспірімдер арасындағы чемпиондар ДиасҒалымжанұлы, БақытжанСерікбай, ЖансүйенМұхтарұлы, МансұрӨтебай, жастар арасындағы чемпиондар Бағдаулет Әзизуллаев,

ДінисламБолатбекұлы және ересектерарасында алтын медальды еншілеген ФарабиСауытбаев пен жастар арасында жарыстың қола жүлдегері Нұралы Кемалов туған жерге оралды. Елдің даңқын асқақтатқан спортшыларды аралдықтар орталық алаңда қарсы алды. Жас өрендерді арнайы күтіп алған аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Б.Махатов:

– Азия құрлығындағы мемлекеттердің мықты спортшылары бақ сынасқан сайыста барлық қарсыластарыңыздан басым түсіп, чемпион атануларыңыз біз үшін зор мақтаныш. Осы ретте, жастарды бала күнінен спортқа баулыған жаттықтырушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да әлемдік додаларда еліміздің көк туын желбіретер үздік спортшы атануларыңызға шын жүректен тілектеспін! – деп, жас спортшыларға ақжарма лебізін білдірді.

Чемпиондарды қарсы алуға жиналған жанкүйерлер мен ауданның белсенді жастары жеңімпаз атанған спортшыларға айрықша құрмет көрсетті.Қанжығаға жүлде салған №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшыларынан алдағы уақытта да жеңіс күтетініміз жасырын емес.Аудан абыройын асқақ етер байрақты бәсекелер көп болсын!

Тағы да оқыңыз: