Kyzylorda-news.kz  Сырдария аудандық ауруханасы қашанда сала ардагерлерін құрмет төріне шығаруға дағдыланған. Жақында арнайы ардагерлерге куәлік табысталып, ереше ілтипат көрсетілді. Мамандықтың қыр-сырын игеріп, зейнеттік демалысқа шыққанша қажырлы еңбек еткен ұжымда ардагерлер қатары жеткілікті. Соның бірі – Жанат Досмағанбетова.

Жалпы, Жанат Өзбекбайқызы Сырдария аудандық ауруханасында 42 жыл еңбек еткен. «Перзентхана» бөлімшесінде ана мен баланың денсаулығына жіті назар аударып, жас буынға ақыл-кеңесін аямады. Біліктілігіне ешбір шүбә келтіртпес сала ардагері көптеген марапат төрінен көрінді.

– Жолдасым Мұхтар – ішкі істер органдарының ардагері. Құқық қорғау саласында абыройлы қызмет етті. Өзім жаңа босанған кішкентай нәрестені бақылауда ұстап, барынша денсаулығының дұрыс болуына көңіл бөлдім. Жауапкершілігі мол қызметте жүргенімде мыңдаған сәбидің дүниеге келу сәтіне куә болдым. Балаларым темір жол саласында қызмет етсе, бір келінім дәрігер, екіншісі бала күтімімен үйде отыр. Ал қызымыз Лаура Ақтау қаласында тұрады. Ол терапевт-дәрігер, қосымша жеке дәріхана бизнесін қолға алған. Шүкір, балалар есейіп, өз алдына отау болғанына қуаныштымыз. Қазіргі уақытта үйдегі шаруаның барлығына немерелерім жарап тұр, – дейді көп кәсіпті дөңгелеткен Жанат Досмағанбетова.

Ардақты ана бүгінде жеке кәсіппен айналысып, мал шаруашылығымен қатар құс өсіруді, омарталықты қолға алған.

Тағы да оқыңыз: