Медицинада зертхана саласы өзіндік күрделілігімен ерекшеленеді. Науқасқа дұрыс диагноз қойылуына себепкер атанатын сынама нәтижесін шығарғуға атсалысатын Лиза Бодыбаеваның ұжымда беделі биік. Шымкент қаласындағы медициналық училищеде фельдшер-лаборант мамандығын игерген медбикені 33 жылдық жұмыс өтілі қалыптасқан. Жоғарғы санатты медбике 1991 жылы аудандық ауруханаға фельдшер-лаборант болып қызметке орналасады. Ал 2008 жылы «Лаборатория» бөлімшесіне аға лаборант болып бекітілген тәжірибелі маманның жұмысы таңнан басталып, кешке дейін жалғасады.
– Тәжірибелі басшы Сара Мұхамбетқалиқызы жетекшілік ететін бөлімшеде сан түрлі сынамалардың нәтижесін шығарамыз. Әрине, сырқатына дауа іздеген емделушінің бойындағы кінәратты анықтау барысында біздің қосатын үлесіміз жеткілікті. Жылдар бойы бір салада жүріп, әріптестер арасындағы мызғымас бірлікті, ынтымақты сақтауды, жұмыс көзін үйлестіруді мақсат тұттық. Әрбір адам үшін жұмыс орны екінші үйі секілді. Біз бір отбасының мүшелері сияқты ортақ тіл табысып кеткенбіз, – деді сала маманы.
Қазіргі таңда Лиза Бодыбаева жолдасы Ерлан Косбармахов екеуі 3 қыз тәрбиелеп отыр.