Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сыр медицинасы үшін айтулы жаңалық. Себебі араға 9 жыл салып көпбейінді облыстық ауруханасында 25 жастағы жергілікті азаматқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Үш жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болған науқасқа өз туысы донор болған. Дәрігерлердің айтуынша, 5 сағатқа созылған ота сәтті өткен. Қазіргі таңда науқас пен донор болған азаматтың жағдайы бір қалыпты. Олар дәрігерлердің күнделікті бақылауында болмақ. Осыған орай, бүгін көпбейінді облыстық ауруханасында дәрігерлердің қатысуымен көшпелі баспасөз конференциясы өтті.
Соңғы 11 жылда елімізде трансплантация жасау тәсілі жоғары деңгейде жүзеге асып жатыр. Осы уақытқа дейін 3 мыңға жуық трансплантация жасалған, оның ішінде негізгісі - бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқыбез трансплантациялары. Дегенмен, бұл оталардың 90 пайызға жуығы тірі донор арқылы іске асырылады. Соның ішінде әлемде туыстық донор арқылы ота жасау тәсілі кеңінен қолданылуда. Бұл ота бүйрек жетіспеушілік ауруларына өте тиімді. Мінекей, бүгін осы туыстық донор арқылы 25 жастағы қызылордалық азаматқа бүйрек трансплантациясын жасадық. Ота сәтті өтті. Бұл трансплантацияға көпбейінді облыстық аурухананың дәрігерлері қатысып, тәжірибе алмасты. Бүйрек ауыстыру отасын алдағы жылы да жалғастыру жоспарлануда, - деді Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында 85 трансплантацияланған науқас бар. Оның 82-сі туыстық донордың көмегімен өмірін сақтап қалған. Ал биыл туыстық донор арқылы 11 науқасқа ота жасалды.