Kyzylorda-news.kz 2026 жылы МӘМС жүйесінде қосымша бір млн-нан астам адам қамтылады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова мәлім етті. Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлады. 

Айта кетейік, 2025 жылдың 14 шілдесінде Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңға енгізілген өзгерістерге қол қойды.

- Заңның негізіне ұзақ мерзімді актуарлық модельді қалыптастыру кезінде қаржыландыру моделін қайта қарауды талап ететін демографиялық және экономикалық факторлар ескерілді. Бұл тұрғыда халықтың 7 %-ға өсуі (2018 жылдан бастап 2025 жылға дейін), медициналық көмекті тұтынушылар санының ұлғаюы, сырқаттанудың өсуі сияқты мәселелер қамтылды, - деді Л.Шоманова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, медициналық көмек пакеттер бойынша жасанды бөлу проблемасын шешу үшін ТМККК пакетінен МӘМС жүйесіне негізгі міндеттемелерді 2026 жылдан бастап (бірінші кезең ішінара 2025 жылдан басталады) ауыстыра отырып, пакеттерді кезең-кезеңмен біріктіру ұсынылды. Бұл ретте:

- сақтандыру мәртебесіне қарамастан, ең көп таралған аурулар бойынша базалық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге кепілдік беруге;

- пакеттер арасындағы медициналық қызметтердің қайталануы мен ағынын болдырмауға мүмкіндік береді. Осылайша, 2027 жылдан бастап қаржыландырудың басымдықпен сақтандыру моделіне көшіру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру ескерілгенін айтты. Бұл тұрғыда МӘМС жүйесіне жоғары жалақысы бар қызметкерлердің жарналары мен аударымдарын төлеу бойынша жеңілдіктердің күші жойылмақ. Осы өзгерістер барлық жалдамалы жұмысшылар мен олардың жұмыс берушілерінің шамамен 9 пайызына әсер етеді.

- 2027 жылдан бастап МӘМС-ке мемлекет жарналарының мөлшерлемесін біртіндеп арттыру ескерілген. 2015 жылы МӘМС туралы ҚР Заңының бірінші редакциясында белгіленген бастапқы қаржы моделіне ішінара қайта оралуды бастаймыз... Мемлекет жарналарын кезең-кезеңмен өсіру нәтижесінде, оның мөлшері биылғы 2%-дан 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін өседі, бұл денсаулық сақтау жүйесіне қосымша 2,8 трлн теңге қаражат түсуін қамтамасыз етеді, - деді департамент директоры.

Екіншіден, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен қиын жағдайдағы адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жүзеге асыру жолымен қамтуды арттыру қарастырылған. Қазірі шамамен 16,7 млн (82,3 %) адам сақтандырылды, олардың 12,1 миллионы (72,5%) жеңілдікті санаттарға жатады. 3,3 млн адам МӘМС жүйесімен қамтылмаған, оның ішінде 2,4 миллионы өмір сүру деңгейі қолайлы және қанағаттанарлық азаматтар. Ал 1 млн адам - бұл әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық (Д) және төмен (Е) деңгейлеріне жатады, яғни табысы төмен азаматтар. Олардың табысы отбасының негізгі қажеттіліктерін жабуға жетпейді. Осы санат үшін жарналарды халықаралық тәжірибеге сәйкес қажетті медициналық қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, олардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктеу ұсынылды. Сондай-ақ, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеуге шығыстарды жергілікті бюджеттерге жүктеу ұсынылды. Осы шаралардың арқасында 2026 жылы МӘМС жүйесінде қосымша бір млн-нан астам адам қамтылады.

Фото: freepik

Тағы да оқыңыз: