Бүгін Қызылорданың іргесіндегі «Байтерек-1» мөлтек ауданында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Ашылу салтанатына Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Аталмыш кеңсе азаматтардың қажеттіліктері, учаскелік полиция инспекторларының функционалдық міндеттері ескеріліп, қажетті жиһазбен, техникамен, байланыс құралдарымен және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Бұл азаматтармен қарым-қатынас процесі үнемі бақылауда екенін білдіреді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне де тосқауыл болатыны анық.
Атап айтқанда, азаматтарды қабылдау бөлмесі, аға учаскелік полиция инспекторының қызметтік бөлмесі, учаскелік полиция инспекторының және көмекшісінің қызметтік бөлмесі, ювеналды полиция инспекторының қызметтік бөлмесі, шағын мәжіліс бөлмесі, ас бөлмесі, жуынатын орын, дәретхана және қазандық бөлмесі.
Одан бөлек айғақ заттар қоймасы, қызметтік көлікке арналған қыстық автотұрақ қалқасымен қамтылған. Бұл ретте учаскелік полиция инспекторларының жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалған.
10 бөлмеден тұратын ғимараттың ауданы 207,79 шаршы м2. Қызмет көрсетілетін учаскедегі халық саны 5 мыңнан астам адамды құрайды.
«Полицияның сервистік моделінің басты тұлғасы ретінде учаскелік полиция инспекторларына басты рөл беріліп отыр. Қазіргі уақытта учаскелік инспекторлардың жұмысына барлық жағдай жасалуда» деді өңірдің Бас полицейі М.Аблазимов.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде учаскелік инспекторлардың рөлі зор. Олар халықпен күнделікті тікелей байланыста, азаматтарға оқыс жағдайда бірінші болып көмекке келіп, қастарынан табылады, оларды алаңдататын мәселелерді біледі, шешуге тырысады, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады. Учаскелік инспекторлар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмау үшін күрделі жұмыстарды атқарады.
Осылайша халық пен полиция арасындағы негізгі байланыстырушы буын саналатын учаскелік полиция инспекторларының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңа заманауи жабдықталған учаскелік полиция пунктінің ашылуы олардың өнімді қызмет атқаруына, қызметке деген ынта-жігерінің артып, қызмет сапасының жоғарылуына өз септігін тигізбек.