Kyzylorda-news.kz. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқына ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы карантин кезінде ел тұрғындарына қолдау көрсетіп жатқан мəдениет қайраткерлері мен қызметкерлеріне алғыс айтты.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтарға түсінгендері, шыдамдылық танытып, табанды болғандары үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қоса Мәдениет қайраткерлеріне жеке рақметімді жолдаймын. Олар сөзбен де, іспен де қазақ халқына көмектесіп жатыр. Бұл ретте «Карантиндегі жұлдыз» жалпыұлттық жобасының барысын ризашылықпен қадағалап отырмын. Бірегей, әрі пайдалы бастама», – деді Мемлекет басшысы.
Еліміздегі әр бір қызметкер ел басына күн туғанда шама-шарқынша зор қолдау білдіруде. Мұндай істен Сыр өңірінің өнерпаздары да қалыс қалған емес.
Аймақтағы әрбір шығармашылық ұжым қызметкерлері онлайн концерт өткізіп, карантинде үйде отырған халықтың көңілін көтеруге септігін тигізіп жатыр.
Сонымен қатар халқымызлың тарихи-мәдени мұрасын онлайн экскурция арқылы рухани кемелденуге шақыруда. Бұл да болса аз уақытқа халқымызға келген сынақты жеңіл өткізіп, қиындыққа мойымауға пайдасын тигізіп жатыр деп ойлаймын.
Бүгінде барша әлем жұртының жалғыз тілеуі де, тілегі де – жаны мен жақынының амандығы. Өкініштісі сол, бұл індет біздің аймақты да айналып өтпеді. Ендігі кезек, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей осынау сын сағатынан аман өту.
Осы тұста сабыр мен шыдамдылық, тәртіп пен төзімділік, береке мен бірлік бәрін жеңетінін естен шығармағанымыз абзал.
Бұған дейінгі тәуелсіз тарихымыздың әр тармағына зер салсақ, ұйымшылдықпен талай белестерді бағындырғанымызға көз жеткізуге болады.
Ал бүгінгі төтенше жағдайда татулық таразысының теңселмеуі ең алдымен халықтың сабырлығы мен төзімділігіне байланысты болмақ. Біз біргеміз!
Үміт МЕДЕУОВА,
Қызылорда облыстық филормонияның әншісі, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері
