«Әз-Наурыз» мерекесінде аудандық мәдениет үйінде Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ақын, өтірік айтыс жанрының хас шебері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Замаддин Ибадуллаевты еске алуға және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдығына орай «Заманның заңғары – Замаддин» тақырыбында республикалық жастар айтысы өткізілді. Аузымен құс тістеген жүйріктердің додасында республиканың түкпір-түкпірінен келген 10 ақын өзара бақ сынасты. Сөз зергерлерінің айтысын аудан әкімі Берік Сәрменбаев, белгілі сазгер Рамазан Тайманов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
Бұл ретте, аудан әкімі сөз алып, жиналған көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі.
– Халқымызда «Қос тойың қабат болсын» деген жақсы сөз бар. Бүгін біз Наурыз мерекесін тойлаумен қатар айтыскер ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Замаддин Ибадуллаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Заманның заңғары – Замаддин» атты жастар арасындағы республикалық ақындар айтысын ұйымдастырудамыз. Замаддин Ибадуллаев суырыпсалма өнерімен туған жерде шыңдалып, айтыс сахнасына шыққан. Заңғар ақын республикалық ақындар айтыстарының жүлдегері атанды. Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысында топ жарды. Өтірік өлең айтысының үлгісін көрсетіп, елге белгілі болды. Ақынның «Ақжарма жырлар», «Жылдар мен жырлар», «Бағдары ауған пенделер» атты кітаптары жарық көрген. Айтыс өнерінің хас шебері көптеген шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде олардың қатарында Елена Әбдіхалықова, Мамыр Байдәулетов, Айдос Рахметов, Нұрмат Мансұров, Мұхтар Ниязов секілді талантты шәкірттері жыр додасында халықтың ықыласына бөленуде. Сырдария ауданы – таланттардың өлкесі. Бұл мекен – сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, қаламы қарымды қаламгер Қалтай Мұхамеджанов, театр анасы Сәбира Майқанова, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әнұраны авторының бірі Жадыра Дәрібаева, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, композитор Рамазан Тайманов бастаған дарындылардың туған жері. Сондай-ақ, ауданымыздан ғұлама ғалымдар мен ахун-ишандар көп шыққан. Бүгін осынау берекелі, киелі өлкені ақындар жырға қосып, өлеңмен өрнектейді деп сеніммен айта аламыз. Бірлігі бекем Сырдария ауданы дами берсін! Шабыты тасыған ақындарымызға сәттілік тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аламан айтыстың тізгінін үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, ақын Мұхтар Ниязов ұстаған болатын. Бұл ретте, Батыс Қазақстан облысынан келген Мұрадым Мирланов, шымкенттік Қажымұқан Абзалов, түркістандық Нұрмахан Жақыпбек, жамбылдық Алина Айдаралы, астаналық Мұхтар Қонарбаев Алматы қаласы атынан қатысқан Нұрзат Қару, шиелілік Шыңғыс Құдайберген, қызылордалық Ерасыл Бәйментай, аралдық Бексұлтан Орынбасаров, сырдариялық Нұрахмет Мансұров сөз барымтасының көркін қыздыра білді.
Айтыстың алғашқы жұбында Замаддин Ибадуллаевтың жерлесі Ерасыл Бәйментай мен Жамбыл облысынан келген ақын қыз Алина Айдаралы сөздің мәйегін сарқып, қыз бен жігіт айтысының шырайын келтірді. Сөз барымтасында Сырдың жас ақыны балқар ұлтының аруына Сырдария ауданында келін болып қалуды ұсынса, бұрымды ару тегінде тектілік тұнған қазаққа жиен екенін айта кетіп, тек жігіт ғана емес, қыз баласы да нағашыларына тартып туатындығын алға тартты. Қос ақын Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойын жырға қосып, қаламгерлердің қазіргі жағдайын тілге тиек етті. Сонымен қатар кетпен шауып, терін төккен шаруа адамдары жас ақындардың жырына арқау болды.
Бірнеше мәрте оқушылар айтысында топ жарып жүрген сырдариялық Нұрахмет Мансұр мен түркістандық өрен Нұрмахан Жақыпбек екінші жұп болып сахна төріне көтерілді. Елдің бірлігін, ауданның жетістігін жырлаған ақындар аға мен інісі арасындағы ізеттілікті сақтай отырып, қағытпа қалжыңдарға иек артты. Тапқырлық пен суырып салма қасиетті ұтымды пайдаланған ақындар Замаддин Ибадуллаевтың мол мұрасын көпшілікке дәріптеді. Алғаш «Күміс домбыра» иегері атанған Нұрмаханға берген жас өрен Нұрахметтің жауаптары көпшілік көңілінен шықты.
Ал астаналық Мұхтар Қонарбаев пен аралдық Бексұлтан Орынбасаров жыр жауһарларын төгілте орындап, бір-бірінен асып түсуге деген талпынысы жоғары болды. Аудан өмірімен біте қайнасып жатқан жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін ерекше суреттей білген қос ақын Сырдария ауданының мақтаныштарының есімін жаңғыртып, әр ауылдың берекесі жарасқан ел-халықтың тұрмысын лайықты түрде ел-жұртқа жеткізе білді. Атымтай жомарт ел азаматтарының көзге көрінбейтін ілкімді істері жөнінде жас ақындар мірдің оғындай сөздерімен айтып, халық жүрегінен орын тапты. Бұл жұптағы өтірік өлең жанрының айшықты белгісі жиналған жұртшылықты айрықша серпілтіп тастады.
Төртінші жұпта аға мен інінің жарасымды айтысын жасаған шымкенттік Қажымұқан Абзалов пен Шыңғыс Құдайберген Сыр салысының туған топырағында шығуымен қатар, диқан қауымның еңбегіне тоқталды. Шыңғыс сөздің құдіретін сезініп, кие тұтқан Абзаловқа Қазақстанның еңбек ері Абзал Ералиев басқаратын «Абзал және К» ТС өндірген күрішті сыйға тартты. Ал Қажымұқан болса, шымкенттің диқандары еккен сәбізді інісіне берді. Іргелес жатқан қос облыстың ақындары түйдек-түйдек жырларымен ел есінде қалды.
Айтыстың соңғы жұбында батыстан келген арынды ақын Мұрадым Мирланов пен түбі қазалылық Нұрзат Қару сахнада жырдан мұнара тұрғызды. Қашанда өткір әзілімен ел есінде сақталатын Мұрадым Нұрзаттың қазақ жігітіне лайық екендігін айта келіп, батыс елінің келіні болуға шақырды. Ал Нұрзат ақын қазақ қыздарының нәзіктігімен дараланатынын кестелі сөзімен қарсыласына жеткізді.
Төрт сағатқа жуық жас ақындар аламан бәйгеде тосылмай шауып, бір-бірін сөз құдіретімен тұқырта түсті. «Кіл жүйріктен кім жүйрік» демекші, жас ақындардың өнеріне «Мәдениет саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ақын, қазылар алқасының төрағасы Серік Ыдырысов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Алтын домбыра» республикалық айтысының жеңімпазы Бекарыс Шойбеков, «Мәдениет саласының үздігі», «Серпер» жастар сыйлығының, ҚР «Құрмет громатасының» иегері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Қызылорда қалалық «Жастар» театрының директоры Нұрмат Мансұр қазылық етті.
Бұл жолғы айтыс өзге айтыстардан өзгеше болды. Себебі, республикалық айтыста Сыр өңірінің жыршылық дәстүрі кеңінен насихатталды. Әр жұп шығар алдында майталман жыршылар өз өнерлерін халыққа паш етті.
Өз кезегінде талантты, дарынды, күміс-көмей жыршылар Руслан Ахметов «Мені білгің келе қойса, ал құрбым», Шолпан Бейімбетова «Өмір иірімдері», Майра Сәрсенбаева «Жыр басы», Амандық Бөрлібаев Сыр шайырларының термесін орындады.
Әрине, ақынын құрметтеген елдің – мәртебесі биік. Бұл ретте, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа арнайы өзінің атынан ат мінгізді. Сонымен қатар Нұрмат Мансұр халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының облыстық филиалы атынан әрбір жыршыға қаржылай сыйлық үйлестірді.
– Бүгін «Әз-Наурыз» мерекесіне керемет сөз барымтасының куәгері атандық. Осыдан 5 жыл бұрын Замаддин ақынның құрметіне ерекше айтыс өткізілген болатын. Мен өтірік өлең шебері, айтыс өнерінің абызы Зәкеңнен үйренерім көп болды. Аламан айтыстарда үнемі жанына ертіп жүрді. Тағылымын беріп, сөз өнерін меңгерте түсті. Осы ретте, айтыстың жоғары деңгейде өткізілуіне үлес қосқан ел азаматтарына, аудан басшылығына шынайы алғысымды білдіремін, – деді қазылар алқасының төрағасы Серік Ыдырысов.
Республикалық айтыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге астаналық Мұхтар Қонарбаев лайық деп танылса, жүлделі бірінші орынды қызылордалық Ерасыл Байментай, екінші орынды түркістандық Нұрмахан Жақып, үшінші орынды Жамбыл облысынан келген Алина Айдаралы, сырдариялық Нұрахмет Мансұр және аралдық Бексұлтан Орынбасаров иеленді. Сонымен қатар айтысқа қатысушы ақындарға ынталандыру сыйлығы берілді. Айта кетейік, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының облыстық филиалы атынан батыс қазақстандық Мұрадым Мирлановқа арнайы жүлде табысталды. Барлық ақындар қаржылай сыйақымен марапатталды.