Kyzylorda-news.kz. Қазақ ұлтында «Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» деген қанатты сөз бар. Аудандық мәдениет үйі – өнерлі де талантты, шабытты да шығармашыл азаматтардың ордасы десек, іргелі ұжымды абыроймен басқарып келе жатқан Нұрхан Серікұлы Көшербаевтың саланы дамытуға сіңірген еңбегі ерен екені даусыз. Жастайынан өнер өлкесіне қадам басып, сахнаның киесін терең сезініп, басшылық қызметке де ерте араласқан азамат бүгінде білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ғана емес, талантты жастардың жанашырына, бағыт-бағдар беретін ұстазына айналып үлгірген. Мереке қарсаңында айтары бар азаматпен сұхбаттасып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таразылап, ой-пікірін білуді жөн көрдік.
– Нұрхан Серікұлы, ең алдымен сізді және аудандық мәдениет үйінің ұжымын кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын.
– Рақмет, мереке қарсаңында ақпараттық қолдау көрсетіп, сұхбатқа шақырып, атқарылған жұмысты жергілікті сайт арқылы насихаттауға ұсыныс білдіргеніңізге алғыс айтамын.
– Өнерге қалай келдіңіз? Кімдерді ұстаз тұтасыз?
– Жырау Алмас Алматовтың «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» деген сөзі бар. Сол секілді сахнаға бір күнде шыға салған жоқпыз. Әуелі талаптандық, оқыдық, тоқыдық. Өзім әкем Серік Көшербаевты ең алғашқы және ең ұлы ұстазым деп есептеймін. Әкем көлік жүргізушісі болса да өнерді ерекше қадір тұтатын азамат еді. Өзі өнер саласында оқи алмаған соң мені сахнаға алып шығып, талабымды байқап, «осы баламды оқытсам, өнер саласында жұмыс істесе» деп армандаған еді. Оның бәрі көңілімде сақтаулы. Сондықтан ең алғашқы алғысымды, өнерге келуімді әкеммен байланыстырамын. Одан кейін ағалық қолдауын көрсеткен аға буын өкілдері көп, солардың бірегейі – Ерғали Оразымбетов, Алмагүл Бақтиярова, Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасовтар. Осындай азаматтардан тәлім-тәрбие алдық, тәжірибе жинақтаған болатынбыз.
– Сахналық қойылымдарды дайындаудың хас шебері екеніңізді аудан халқы жақсы біледі. Шығармашылық еркіндікті сүйетін білікті режиссерға кәсіпорын директоры болып, мекеме басқару қиын емес пе?
– Әр жұмыстың қиыны да, қызығы да болатыны сөзсіз. Халқымызда «Жаманға басшы болғанша, жақсыға қосшы бол» деген даналық сөз бар екені даусыз. Өзім 2008 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұжымымды жақсы ұжым, шығармашылықты түсінетін жандар топтасқан іргелі мекеме деп есептеймін. Сондықтан айтқызбай түсінетін, түсінген нәрсесін жауапкершілікпен орындайтын, ең бастысы сахнаның қадір-қасиетін бағалайтын мамандармен бірге еңбек етіп келе жатқанымды, оларға басшылық жасап жүргенімді абырой санаймын.
– Қазір ауданның мәдениет саласында қанша мекеме бар?
– Ауданда сала бойынша 16 мәдени ошақ халыққа рухани, мәдени, әдеби қызмет көрсетуде. Атап айтсақ, 1 аудандық мәдениет үйі, 1 кент мәдениет үйі, 1 кент клубы, ауылдық мәдениет үйі мен ауылдық клуб бар. Мәдениет үйлері мен клубтар типтік жобада салынып, материалдық-техникалық базасы нығайған. Жаңа үлгіде стендтер жасақталған. Компьютерлер интернет желісіне қосылып, лэд экран орнатылған. Мәдениет үйлері мен клубтар концерттік, ұлттық киімдермен, аспаптармен қамтамасыз етіліп, қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Сырдария аудандық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары бойынша 196 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде мамандар саны – 86. Өнер ұжымдары әдіскер, көркемдік жетекші, мәдени ұйымдастырушы, режиссер, оркестр, отбасылық ансамбльдер, ВАА жетекшілері, хореограф, суретші, сүйемелдеуші мамандармен толықтырылған болатын.
– Үйірмелер жұмысы жөнінде айтсаңыз.
– Ұлтымыздың дәстүрі мен өнерін дәріптеу, жас жеткіншектерді үйірмеге қызықтыру, халқымыздың бай мұрасы – әнін, биін, күйін, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа насихаттауда үйірмелердің орны ерекше. Бүгінде мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында 103 үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерге 1694 өнерпаз тартылған. Оның ішінде 14 үйірме «Халықтық» атағы бар ұжымдар. Халық театры, «Құрақтың Досжаны» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Сәдуақасовтар» жанұялық ансамблі, «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблі, «Балауса» халықтық би ансамблі, «Дала дидары» мәдени үгіт бригадасы, «Сарыбаевтар» халықтық отбасылық ансамблінің ауданның мәдениет саласында өзіндік орны бар. Ал «Сыр гүлі» халықтық би ансамблі, Айдарлы халық театры, «Жадыра» халықтық әжелер ансамблі облыстық деңгейдегі түрлі іс-шараларда топ жарып жүр. Сәйкесінше «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі, «Шаттық» халықтық би ансамблі, «Көңілашар» халықтық ойын-сауық отауы, «Ақ дариға» халықтық ансамблі, 1 мәдени демалыс кешені де көрермен көзайымына айналған болатын.
– Аудан көркемөнерпаздарының республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқауларға қатысу көрсеткішіне тоқталсаңыз. Ауданда ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар жөнінде айтып өтсеңіз…
– 2024 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша 1 республикалық деңгейдегі іс-шара өтті. Нақтырақ айтқанда, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен айтыс жанрының майталманы Замаддин Ибадуллаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Заманның заңғары – Замаддин» атты жастар арасындағы республикалық ақындар айтысы өткізілді. Одан бөлек «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты облыстық байқау мен атақты күрішші Балдырған Мұстафаеваның туғанына 85 жыл толуына орай «Еңбекпен даңқы өрлеген» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Мұнан бөлек аудандық деңгейде 18 іс-шара ұйымдастырылып, ойдағыдай қорытындыланды. Оның ішінде, «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдығына орай да іс-шаралар өткізілуде. 2024 жыл басынан жылдық жоспарға сәйкес және жоспардан тыс түрлі бағытта 397 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 41940 көрермен тамашалады.
– Қазір «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы құрылып, жұмыс істеуде. Осы бағыттағы жұмыстарда қандай ілгерілеу бар?
– Биыл ақпан айынан жаңадан «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында 7 жобаны нақтыладық. Қазір «КИНО-ТІМЕ», «Әлем-BOOK», «АРТ уақыт», «Еріктілер тобы», «Сұхбат ТІМЕ», «Креативті НUВ», «Жанұя шуағы» жобалары негізінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Басты мақсатымыз – ұлттық мәдениетті өркендету, сақтау, дамыту және тарату арқылы ауданның мәдени-рухани дамуын қалыптастыру. Танылмай жүрген жас таланттарды сахнаға шығару да басым бағытымыздың бірі саналады.
– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз болса…
– Уақытпен санаспай еңбек етіп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Өнеріміз өрде болып, мәдениетіміздің шоқтығы биік болғай!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ