Kyzylorda-news.kz. “Бүгінгі таңда Сыр өңірі диқаншыларын су тапшылығы қатты алаңдатуда. Егер бұл мәселе шешімін таппаса, 50 пайыз егістіктен айырылып қалу қаупі бар екендігі айтылуда. Бұл бағытта облыста қандай нақты шаралар қабылдануда?”
Осындай сауалды бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға өңірдегі пандемиямен күрес және экономикалық ахуал жөнінде өткен брифингте “Kyzylorda-news.kz” ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбай қойды.
“Қазіргі таңда облыс бойынша 184,7 мың га егіс егіліп, негізгі дақыл күріш егісі 89,6 мың гектарды құрады. Бүгінде су алу каналдары арқылы егіске күнделікті секундына 404 текшеметр су алынуда.
Атап айту керек, өткен жылмен салыстырғанда, Нарын – Сырдария каскадының су қоймаларында судың көлемі 4,4 млрд. текшеметр аз болса, Шардарадағы жиналған су 2,3 млрд текшеметрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,1 млрд текшеметрге аз, ал төменге Сырдария өзені арқылы секундына 520 текшеметр су тасталып, 2019 жылмен салыстырғанда 180 текшеметрге аз болып отыр.
Бұл өз кезегінде, сумен қамтамасыз ету барысына кері әсерін тигізіп, нәтижесінде барлық аудандардың егіс алқаптарында су тапшылығы байқалуда. Бүгінде облыс бойынша 1853 га. күріш егісіне су жетіспей отырса, 405 га. егіс мүлдем сусыз қалғандығы анықталды.
Жақында егістігіне су жеткізе алмай қиналған диқандардың қазіргі жай-күйін Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы, менің орынбасарларым мен салаға жауапты мамандар көзбен көріп қайтты.
Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты облыстың егін алқаптарын сумен қамтамасыз етуде қалыптасқан күрделі жағдайды күнделікті бақылауда ұстап, тікелей ұйымдастыруды және су тапшылығын алдын алу бағытында жұмыс жасауды тапсырдым.
Облыстың егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында, қазірден бастап тамыз айының 10-на дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Шардара су қоймасынан төменге секундына 550 текшеметр су тастауға тапсырма беру туралы Үкімет Басшысына жедел ұсыныс жолдаған болатынмын.
Менің ұсынысым оң шешімін тауып, бүгіннен бастап тиісті су көлемі жіберіле бастады.
Ендігі міндет, осы жіберілген бар су көлемін тиімді пайдаланып, егілген егісті су тапшылығына ұрындырмай алып шығу мақсатында барлық аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар бердім”, – деді облыс әкімі Г. Әбдіқалықова.

