Kyzylorda-news.kz. Аудан аумағындағы қуаңшылық салдарын еңсерумен қатар өмірмен күресте салғырттықты көтермейтін тажал індеттің де екпіні қайтпай тұр. Бұл туралы Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов мәлімдеді.
«Жағдай тіптен ушығу үстінде. Қазірдің өзінде аудандағы жағдай күрт нашарлап, коронавирус дертіне шалдыққан науқастар саны 286-ға жетті. Өкініштісі сол науқастардың 1-еуі дерт салдарынан бақилық болса, тағы 4 науқас жан сақтау бөлімінде. Біз қай кезде болмасын басымызға тимесе бүкіл жаманат бізді айналып өтетіндей күйде жүретін халықпыз. Әрине мұндай жағдайда бәрі де кеш болуы мүмкін. Осы бір кеселмен күресте өмірімізге араша бола алатын вакцина салдыру екенін жұрт енді түсіне бастағандай. Қазіргі таңда аудан бойынша екпе салдырған азаматтардың саны 16 мыңнан асты(44,8 %). Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса беретін болады», – деді аудан әкімі Серік Сағитжанұлы.
Қазіргі таңда, аудандағы провизорлық стационарда – 53 науқас ем алуда. Үй карантинінде – 44 адам болса, емделіп шыққандар саны – 188 адам.
Бүгінгі күнге дайындық төсек орны бойынша жұқпалы аурулар бөлімшесінен – 25 орын, жүйке аурулары бөлімшесінен – 100 орын дайын тұр. Қосымша А.Байтұрсынов ауылдық емханасынан – 120 орындық карантиндік стационар ашуға мүмкіндік бар.
Жалпы алғанда, аудан халқының саны 80 855 болса, орта есеппен 36337 азамат, яғни аудан тұрғындарының 44,9 пайызы вакцина егілуге жатады. Бүгінде екпе салдырған азаматтардың саны 16303-ке жетті.