Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдады.
Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын қазіргі қалыптасқан жағдай осыны дәлелдеуде. Осыған байланысты жергілікті жерлерде нақтылы іс шаралар жүзеге асырылуда, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары күнделікті мәліметтерменен қалың жұртшылықты хабардар етуде.
Бүгін Президент мәлімдемесінде “Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді. Бірақ, Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі”, – деді. Бұл замандастарымыз үшін қуанышты жағдай.
Қауіпті індетке қарсы тұру – тек қана мемлекеттік органдардың жұмысы ғана емес, әрбір Қазақстан азаматының, тірі пенденің төл міндеті болуы тиіс.
Өмір сүрудің аксиомасы өзіңді-өзің сақтандыр, өзгеге жанашырлық сөзіңді жеткіз, атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау көрсет.
Төтенше жағдай кезінде қабылданған шешімдердің әрбір пунктінің орындалуына азаматтық борыштарынды орындаңдар!
Бұл істе ардагерлер қауымдастығының, ардагерлердің атқарар жұмыстары жеткілікті-ақ. Болашақ ұрпағымыздың денсаулықтарының зардап шекпеуіне өмірлік тәжірибелеріңізді айтыңыздар!
Халқымыздың басынан өткізген қиын қыстау кездегі зұлмат замандардан қалай аман-есен шыққанымызды, ұлт болып қалай ұйысқанымызды үнемі нақты мысалдармен жеткізе беріңіздер! Күні кешегі тәуелсіздігіміздің алмағайып кезеңінде болған қиыншылықтарды еске түсіріңіздер.
Халқымыздың санасында сақталған мына сөз «мың өліп, мың тірілген қазақ» деп тегін айтылмаса керек.
Билік басындағы азаматтарға қамқор көңілдеріңізді білдіре отырып, әрбір жасалынып жатқан іс әрекеттеріне қолдау көрсетейік, ардагерлер демекпіз. Біздер, барлық уақытта қиын қыстау шақта халық пен билік біргеміз!
Қазақ елінің болашағы үшін белсенді қызмет жасай берейік, ағайын!
Көктемнің шуақты күнінің әрбір мезгілін тиімді пайдаланып, үй жайымыздағы ағаш егу, гүл отырғызу, көкөніс егу жұмыстарын шарбақтан шықпай-ақ атқара беруге болады, жастарға үлгі көрсетейік, абзал Ардагерлер!
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
