Kyzylorda-news.kz. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды ай сайынғы жәрдемақыдан бөлек, азық-түлік себетімен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осындай көмекке қол жеткізгендердің бірі – қызылордалық көп балалы ана Әсел Салқынбаева.

Қызылорда қаласының Коммунизм мөлтек ауданында тұратын Әселдің 5 баласы бар. Барлығы да кәмелет жасына жетпеген. Жолдасы осыдан біраз уақыт бұрын өмірден өткен.

«Мен жалғызбасты ана ретінде тіркеуде тұрамын. Жұбайым өмірден өткен. 5 ұл-қызым бар. Жалғызбасты анаға бес баланы өсіріп, жеткізу қиын екенін білесіз. Тұрақты жұмысым да жоқ. Бірақ, осыған қарамастан мемлекет бізге көмек қолын созып жатыр. Қиын кезеңдердің бәрінде бізді назарынан тыс қалдырған емес. Төтенше жағдай басталғалы бері мемлекет қамқорлығын сезініп келемін. Қала әкімдігі ай сайын азық-түлік жиынтығын үйіме әкеліп беріп отыр», – дейді жалғызбасты ана.

Көпбалалы ана бұған дейін де «Nur Otan» партиясының «Biz birgemiz» акциясы аясында 50 мың теңге көмек алған көрінеді.

«Елімізде орын алған төтенше жағдай кезінде мемлекет тарапынан аз көмек болған жоқ. Жұмыссыз қалған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қараусыз қалдырмай мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр. Сол көмектің бірнешеуінің игілігін өзімнің отбасым да көріп жатыр. Бұған дейін қаржылай көмегін аямаған үкімет енді азық-түлік себетін де жеткізіп беріп жатыр. Себеттің ішінде тұрмысқа қажетті гигиеналық заттар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қамтылған», – дейді Әсел бізбен әңгімесінде.

Тағы да оқыңыз: