Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында жылу беру маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі пандемиямен күрес және экономикалық ахуал жөнінде өткен брифингте журналистердің сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.

“Байқағанымыздай облыс орталығында жылу құбырлары жаңартылып жатыр. Жалпы, жылу беру маусымына дайындық барысы қалай жүргізілуде?”, – деп сұрақ қойды аймақ басшысына облыстық “Сыр бойы” газетінің тілшісі Назерке Саниязова.

«Қызылорда облысы бойынша тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу беру маусымына дайындығы бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілуде. Тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен, газбен және сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары 43%-ға орындалды.

Облыстың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары мен автономды қазандықтардың жөндеу жұмыстары 36%-ға орындалды.

Бүгінгі күнге, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығы 25%-ды құрайды. Облыс бойынша 1185 әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу беру маусымына қажетті қатты отын қоры 39,5 мың тонна және сұйық отын 26 мың тонна.

Ал, жергілікті тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір отыны қажет. Бұған қоса, қала және аудан тұрғындары үшін көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында көмір өндіретін кәсіпорындармен тікелей келісім-шарт жасау бойынша жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында инженерлік желілерге қайта жаңғырту және көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қысқа дайындық мәселелері тұрақты бақылауда және межеленген жоспарлы жұмыстарды мерзімінде аяқтаймыз», – деп жауап берді бұл сауалға облыс әкімі.

Тағы да оқыңыз: