Kyzylorda-news.kz. Әлемді алаңдатқан қауіпті індет – коронавирустық инфекцияға байланысты еліміздегі барлық жоғарғы оқу орнының студенттері мен мектептердің оқушылары қашықтан білім алуға көшкені белгілі. Мұғалімдер мен оқушылардың осы жүйеге көшкеніне тура 2 апта өтті. Төтенше жағдайға байланысты ешкім күтпеген, мүлдем өзге форматта басталған төртінші тоқсанның қиындықтары да аз емес. Дегенмен, оған қарамастан ұстаздар қауымы да қол қусырып қарап отырған жоқ. Талай оқушыны жылатқан, кейбір адамдарға мектептің қадірін ұғындырған, ал, кейбірінің жүйкесін жұқартқан қашықтан оқытуды өз көзімізбен көру үшін қызылордалық ұстаз Роза Ысқақованың үйіне ат басын бұрған едік…
«Мұстафа Шоқай атындағы мектепте еңбек етіп, Мұстафа Шоқай атындағы көшеде тұрады»
Кейіпкеріміз Роза Махатқызы – Қызылорда қаласындағы М. Шоқай атындағы №187 IT мектеп-лицейінде еңбек етеді. Анау-мынау емес, математика пәнінің мұғалімі. Кезінде өзіміз, жоқ, талай құрдастарымыз қиналған, әлі де оқушылар қиналатын қиын пәннің дәріскері. Жоғары санатты ұстаздың 38 жыл еңбек өтілі бар.
Сәйкестік дегенді қойсаңызшы! Мұстафа Шоқай атындағы мектеп-лицейде табаны күректей 24 жылдан бері жұмыс жасайтын кейіпкеріміздің өзі де Мұстафа Шоқай атындағы көшеде тұрады екен!
Мұны жақсы ырымға балаған әріптесім Нұрболат Нұржаубай екеуміз дүйсенбінің таңында математик мұғалімнің үйін қиналмай таптық. Қақпадан үйге енгеніміз сол еді, Роза Махатқызының келіні қарсы алып, кейіпкеріміздің оқушыларға қашықтан сабақ өтіп жатқанын айтты.
Біз Роза Махатқызына кедергі келтірмейік деген ниетпен үнсіз ғана ол отырған қонақ бөлмеге ендік. Жоғары санатты ұстазбен ыммен амандасып, бізге назар аудармауын сұрадық. Мұнымызды қабыл алған ұстаз өз жұмысын жалғастыра берді. Ал, біз бәрін сырттай бақылауға көштік.

Алдындағы ноутбуктен бас алмаған ұстаздың қолы оның пернетақталарынан бір сәтке ажыраған жоқ. Арасында үстел үстінде шашылған кітаптарға да көз салып қояды. Бір кезде оқушыларының телефон қоңырауларына жауап бере бастады. Артынша «WhatsApp» мессенджерінің бейнеқоңырауы арқылы оқушыларына қоңырау шалып, жаңа сабақты түсіндіруге көшті.
«Тригонометриялық формулалар». Бұл – жаңа сабақтың тақырыбы. Әзірге сырттан бақылап отырып ұққанымыз осы.
Айдана, Әмірхан, Арнұр… Бұл – ұстаздың оқушыларының есімі. Роза Махатқызы осы оқушылардың атын атап, ұялы телефон арқылы жиі-жиі сөйлескеннен кейін бе, біз де жаттап алуға айналдық.
Әсіресе, Әмірхан мен Арнұр – кейіпкеріміздің «ерке» оқушыларына ұқсайды. Қашықтан оқыту болса да, апайларының өздеріне ерекше көңіл бөліп, жекелеп түсіндіргенін қалайтын секілді.

Осылайша, біз келгелі тура 40 минут уақыт өтті. Оқушыларына үй тапсырмасын берген ұстаз олармен қоштасып, бізге бұрылды…
«Оқушыға көп салмақ түседі»
Біздің жорамалымыз – рас екен. Жаңа сабақтың атауы шыныменде «Тригонометриялық формулалар» көрінеді. Біз келгенде Роза Махатқызы 9 «Б» сыныбына «Алгебра» пәнінен жаңа сабақты түсіндіріп отыр екен. Ұстаздың айтуынша, жергілікті уақытпен 08:30-да осы 9 сыныпқа арналған жаңа тақырыпты «Балапан» арнасынан көрсетіпті. Оны мұғалімнің оқушылары өздігінен үйде аталған телеарнадан тыңдап, меңгереді. Керекті тұстарын дәптерлеріне түртіп алады. Телеарнадағы сабақ аяқталған соң, күнделікті әдеттері бойынша пән мұғалімдері «WhatsApp» мессенджері арқылы ашылған чаттарда жаңа тақырыпты қайтадан түсіндіреді. Қажет болса, біз көргендей әр оқушыға жеке хабарласып, меңгертуге тырысады.

Біз кейіпкеріміз Роза Махатқызынан қашықтан оқыту туралы пікірін сұрадық. Екі аптадан бері алған әсері мен кездескен қиындықтарын әңгімелеуді өтіндік.
– Мектептегідей емес, әрине, – дейді жоғары санатты ұстаз, – Беретін білімді толық бере алмайсың. Көп нәрсені меңгерте алмайсың. Оның үстіне, математика пәнінен көп оқушының қиналатыны жасырын емес. Сыныпта жүргенде жаңа тақырыпты зорға қабылдайтын кейбір оқушылар мұндай кездерде, тіпті, қиналып қалады. Бұл жерде көп салмақ оқушының өзіне түседі. Өздеріне көп ізденуге, ғаламторды ақтаруға тура келеді. Бірақ, бәрі бірдей 100% меңгереді, ізденеді деп айта алмаймыз. Бұрыннан сабақты жақсы оқитындар тез алып кетеді. Жаңа айтқанымдай, сабақ үлгерімі төмендеу оқушылар көп қиналады. Олармен бөлек жұмыс жасауың керек. Кейде сол оқушыларға ұялы телефон арқылы сағаттап түсіндіруіңе тура келеді. Мектепте болсақ, тақтаға шығарып, бәрін сызып, жазып көрсетуші едік деп ойлайсың. Кейбір оқушылар есептің басын шығарады да, әрі қарай алып кете алмағандықтан қоя салады. Екіншіден, қашықтан оқытуда орта жоқ. Оқушылар өзімен өзі жеке қалып қояды. Орта болса, талпынады. Бір-бірімен жарысады. Біріншісі екіншісінен қалып қоймауға тырысады. Әрі сыныпта болса, достықтың, жолдастықтың қадірі артады. Бір-біріне көмектеседі. Досын сүйрелейді. Бір сөзбен айтқанда, сыныптағы сабаққа жетпейді.
Дегенмен, қашықтан оқытудың пайдалы жақтары да бар көрінеді. Бұл тәсіл оқушылардың өздігінен ізденуіне, өз-өзімен жұмыс жасауына көп мүмкіндік береді екен.
– Менің бір байқағаным, қашықтан оқыту – жақсы оқитын оқушыларға жақсы екен. Өзін дамытуға ыңғайлы. Себебі, өздігінен көп ізденеді. Қосымша оқулықтарға жүгінеді. Ерінбесе, кез келген жаңа тақырыпты қашықтан оқу арқылы қиналмай меңгереді, – дейді Роза Ысқақова.

«Күніне 100 оқушымен жұмыс жасаймын»
Қашықтан оқыту туралы сөз болғанда, ең алдымен қойылатын сауал – «Сыныптағы оқушылар түгел қамтылады ма?» деген сұрақтың төңірегінде болатыны сөзсіз. Бұл сауалға кез келген мұғалім жауап беруге қиналатыны шындық. Сыныпта, барлығы күндегідей көз алдыңда отырмағаннан кейін бірдеңе деп айтуың қиын секілді. Дегенмен, Роза Махатқызының бұл орайда өзінің айтары бар.
– Мәселен, мен жаңа тақырыпты түсіндірген 9 «Б» сыныбында 27 оқушы бар. Осы оқушының бәрін қатыстырғым келеді. «WhatsApp»-тағы чатта бәрінің жеке-жеке атын атап, сұрақтар қоямын, тапсырмалар беремін. Бірақ, бәрін қамтыдым дегеннің өзінде арасында 2-3 оқушы үнсіз қалады. Олардың аттарын қайта-қайта атап, басқа оқушылардың алдында ыңғайсыз жағдайға түсіргім келмейді. Сондықтан, оларға жеке-жеке қоңырау шаламын. Түсінбеген жерлерін сұраймын. Қолымнан келгенше меңгертуге тырысамын, – дейді кейіпкеріміз.
Біздің таңғалғанымыз – Роза Махатқызы күніне 100-ге жуық оқушымен жұмыс жасайды екен. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: жаңа сабақты меңгертуден бөлек, бәрінің үй тапсырмаларын жеке-жеке тексеру, оларға жауап жазу…
Қаншама уақыт десеңізші? Жүз оқушыға қаншама күш-жігер керек? Ол аз болса, жүз оқушының бәрі – бірдей емес. Бір-бір үйдің еркесі. Мінез-құлықтары да бөлек. Арасында жеке жұмыс жасауды қажет ететіндері де бар.
Міне, осы оқушылардың бәрімен жұмыс жасау үшін «темірдей жүйке» керек екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, сыныпта емес, қашықтан оқыту болса…
Шыны керек, қашықтан оқытудың қиындығын өз көзімізбен көргеннен кейін ғана жете түсіндік. Міне, ел билеген патшаны да, қарапайым пендені де оқытқан осындай ұстаздар қауымының ерік-жігерлері мен шыдамдылығына бас имей көріңіз!

– Әр сыныпқа 30 минуттан сабақ өтемін. Күн сайын төрт сыныпқа сабақ беремін. Осы төрт сыныпта 100 шақты оқушы бар. Бұдан бөлек, өзім әр сыныпқа, әр жаңа тақырыпқа ізденемін. Түстен кейін оқушыларым үй тапсырмасын орындап, жібереді. Олардың әрқайсысын тексеріп, жеке-жеке жауап жазамын. Әрқайсысына жеке жауап жазу – көп уақыт алатынын жасырмаймын. Оқушылар үй тапсырмасын орындап болған соң, «Daryn», «BilimLand» секілді қосымша платформалардағы тапсырмаларды орындатамыз, – дейді ұстаз.
Оқушы – ұстаз – ата-ана. Қандай жағдай болмасын, осы үштағансыз мектепті, білім беруді елестете алмайтынымыз шындық. Осы орайда, Роза Махатқызынан қашықтан оқыту кезінде ата-аналар тарапынан қандай көмек болып жатқанын сұрадық.
– Тек бізге ғана емес, ата-аналарға да көп күш түсіп жатыр. Біз оқушыларға жаңа сабақты түсіндіріп, тапсырмалар береміз. Әрі қарай оларды қадағалау, тапсырмаларды орындату – ата-ананың мойнында. Шыны керек, кейбір ата-аналар күні бойы жұмыста. Сондай уақыттарда жауапкершілік оқушының өзіне жүктеледі, – дейді кейіпкеріміз біздің сауалымызға.
Қашықтан оқыту «Ел арна», «Балапан» телеарналарындағы бейнесабақтар арқылы жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы бейнесабақтардың сапасы мен одан оқушылардың 10 минуттің ішінде жаңа тақырыпты меңгеруге қаншалықты мүмкіндігі бар екенін тәжірибелі ұстаздан сұрап, білдік.
– Оқулықтағы тақырыпты бейнесабақ түрінде жақсы түсірген, – дейді математика пәнінің мұғалімі, – Бірақ, уақыты аздау. 10 минут – бастауыш сыныптарға жақсы. Ал, жоғары сыныптарға келгенде қысқалау. Мәселен, математика пәнінен кейбір телесабақтарда тек теорияны ғана түсіндіреді. Мысалдарды айтып, есептеп көрсету жағы 10 минутқа сыймай қалып жатады. Кейбір сабақтар мысалымен өте жақсы болып шыққан. Десек те, біз осы уақыттың ішіне сыймай қалған нәрселерді өзіміз түсіндіреміз. Бастысы – бейнесабақтарда жүйе мен бағыт-бағдар бар.
Кейіпкеріміз сөз арасында қашықтан оқытуға дайындық барысында кейбір оқушыларда телефон, ноутбук және ғаламтор мәселесі болғанын жасырмады. Ол оқушыларды мектеп басшылығы қолхат арқылы ноутбуктермен қамтамасыз етіпті. Ал, интернеті жоқ отбасылардың тізімі қалалық Білім бөліміне жолданыпты. Осылайша, аталған мәселе тиісті басшылық тарапынан өз шешімін дер кезінде тапқан.
– Кейде оқушыларды алға қарай талпындыру үшін бағаны көтермелеп қоюға тура келеді. Әрі қарай сабаққа деген ынтасын жоғалтып алмаса дейміз. Үлгерімі төмен оқушылар еңбектеніп, үй тапсырмасын сыныптағы басқа оқушылардан бұрын орындап, бірінші жіберіп жатқандықтан бағаны көтеріп қоятынымды жасырмаймын. Кейде сыныптағы жақсы оқитын достарынан көшіріп алып, жіберіп жататындары да кездеседі. Ондай кездерде «Қуаныш, сенің есебіңнің жауабы Айданамен бірдей», «Әмірхан, сенің есебіңнің қате тұсы Арнұрмен бірдей екен» деп ескертіп отырамын. Оқушылардың алған бағасын күн сайын электронды күнделікке қоямыз. Оқушылар да нәтижесін сол жерден қарайды, – дейді Р.Ысқақова.
«Оқушылардан бөлек, үйдегі немерелерімнің сабағы да – менің мойнымда»
Біз Роза Махатқызымен сұхбат барысында қайта-қайта есіктен сығалап, біздің әңгімеміздің тезірек аяқталуын күткен кішкентай қара домалақтарға еріксіз назарымыз ауды. Олар – кейіпкеріміздің немерелері екен.
– Отбасымда 3 ұл-қызым бар. Үшеуі де отбасылы. Жеті немеремнің бесеуі қолымда тұрады. Соның ішінде төртеуі – мектепте, бастауыш сыныпта оқиды, – дейді ұлағатты ұстаз немерелерін нұсқап.
Кейіпкеріміздің оларға көңіл аударғаны сол-ақ екен, бір-бір кітап құшақтаған кішкентай «оқымыстылар» біз отырған бөлмеге лап қойды.
– Әже, біздің сабағамызды өзің оқытшы, – дейді олар еркелей.

– Бұлар 1-3 сыныптың аралығында оқиды. Таңертең сағат 08:00-де «Балапан» арнасынан телесабақтарды көріп бастаймыз. 10 минуттан сабақтарын көреді. Таңғы астарын ішкен соң, түске дейін үй тапсырмасын орындайды. Мен сабақ беріп жатқан кезде немерелерімнің үй тапсырмасымен келінім айналысады. Сосын мен жаңа сабақтарын түсіндіремін. Түстен кейін 1 сағаттай ойнайды да, қайтадан «Daryn», «BilimLand» платформаларындағы тест тапсырмаларын орындауға кіріседі. Кешке дейін кітабын оқытамыз, жаттығуларын жаздырамыз. Сенсеңіз, арасында тамақ ішуге, тағы басқа қажеттілікке болмаса, осы бөлмеден кешке бір-ақ шығамын. Келінімнің арқасында үй шаруашылығына алаңдаған емеспін, – дейді Роза Махатқызы.

«Қандай заман болмасын білім – басты құндылық болып қала береді»
– Қашықтан оқыту – уақытша қиындық. Сол секілді қауіпті індет те – уақытша. Біз қаншама қиындықтарды көрген, «мың өліп, мың тірілген» халықтың ұрпағымыз. Қазір ешімге оңай соғып отырған жоқ. Десек те, осындай қысылтаяң шақта карантин талаптарын сақтап, мемлекет бекіткен ережемен өмір сүргеніміз дұрыс. Ол өзіміз, отбасымыз, жақындарымыз үшін керек. Сондай-ақ, қандай заман болмасын біз – білімді бірінші орынға қойған ұлтпыз. «Білім – инемен құдық қазғандай» деп дана халқымыз тауып айтқан. Еліміздегі төтенше жағдайға, қаншама қиындықтарға қарамастан білім берудің түрлі тәсілін, оның ішінде, қашықтан оқыту жүйесін іске қосқан министрлікке алғысымыз шексіз. Мейлі, бұл жүйеге қанша сын айтылсын, көңіл толмаушылықтар болсын, ең болмаса, дер кезінде жаңа тақырыпты сыныптағы оқушың жартысына меңгерте, үйрете алсақ – соның өзі үлкен жеңіс. Себебі, кейін қаншама тақырыпты оқушыларға бір күнде, бір аптада меңгерту қиын болады. Моральдық, психологиялық, физикалық тұрғыдан мұғалімге де, оқушыларға да ауыр соғады. Бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, қауіпті індеттің беті тезірек қайтса, қалған қиындықтардың бәрі – уақытша. Өтеді де, кетеді. Мен оған сенемін! – дейді ұлағатты қоштасарда.
Роза Махатқызының бұл сөзі бізді көп ойға қалдырды. Шыныменде, қандай заман болмасын білім – басты құндылық болып қала беретіні сөзсіз. Ал, осыны өміріне бағдаршам еткен Роза Махатқызы секілді ұстаздар қауымының ерен еңбегі мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.

P.S: Біз бұл мақаламызда ұлағатты ұстаз Роза Ысқақованың жетістіктерін тізіп жатпадық. Тек өзіміз үшін танысып шығып, тәжірибелі мұғалімнің өзі де, оқушылары да талай биікті бағындырғанына көз жеткіздік. Бар болғаны қашықтан оқыту кезіндегі оның бір күндік өмірін қалтқысыз, бүкпесіз, боямасыз жеткізуді мұрат тұттық.
… Кәсібіңе бас иеміз, ұстаздар қауымы!
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист,
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
