Kyzylorda-news.kz. Коронавирус инфекциясына байланысты Қызылорда облысына 109 шетелдік маманның кіруіне рұқсат етілмеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Калмакова мәлімдеді.
Оның айтуынша, аймақта шетелдік жұмыс күшін тартатын 22 кәсіпорын бар. Қазіргі таңда берілген 196 рұқсаттың ішінен 87 шетелдік маман жұмыс істейді. Қалған 109 шетел азаматы облысқа кіргізілмеді.
«Өңірімізде қазақ-қытай ынтымақтастығы аясында 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұлар – шыны және цемент зауыттары. Сондай-ақ, зауыттарға шетелдік жұмыс күшін тарту-инвестициялық келісім-шарт аясында жүргізіледі»,- деді Гаухар Амангелдіқызы.
Сонымен қатар, зауытта 214 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, инвестициялық жоба аясында рұқсат алған – 35 қытай азаматы. Бұған қоса, өткен жылдың желтоқсан айында 32-і қытай азаматы еңбек демалысына шығып, елдеріне оралды. Қазіргі уақытта 3 шетел азаматы зауытта жұмыс істеуде.
Айта кетейік, еңбек демалысына шыққан қытай азаматтарына елге кіруге рұқсат берілмеді.
Мұнан өзге, инвестор жұмысын қазақстандық компанияларға беруді жоспарлауда. Берген жағдайда кадр қажеттілігі жергілікті еңбек нарығы есебінен жабылатын болады.
Қазіргі таңда Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдайға байланысты қытай мамандарының келе алмауына сәйкес зауыттың іске қосылуы шілде айына жылжытылды.
Айта кетейік, өңірімізде жұмыс жасап жатқан 87 шетелдік маманның 85 – Қытай елінің азаматтары болса, АҚШ және Сербиядан 2 маман еңбек етуде.

