Kyzylorda-news.kz    Жақында «Евразия» мәдени сауықтыру спорт кешенінде халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық ашық турнирі басталды. Бұл турнир 3 күнге созылады. Себебі жарысқа еліміздің барлық өңірінен, яғни 14 облыс бойынша 250-ге жуық жас спортшылар қатысады. Жарыс 2004-2006 жылы туған жастар арасында өтеді.

Алдымен қазақ күресінің ашылу салатанатында қала әкімі Серік Қожаниязов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бұл турнир 12 жыл бұрын Сырдың бас шаһары – Қызылорда қаласында байрағын көтеріп, бүгінде еліміздегі бірегей жарыстардың қатарына қосылды. Осы жылдар ішінде бабы келісіп, қанат қаққан темірқанат түлектер Азия мен Әлемді мойындатты. Турнир жеңімпаздары Руслан Теміржан жастар арасында әлем чемпионы атанса, Шәріп Серікболсын, Бекзат Шакизаевтар ел чемпионы болды. Демек, дүбірлі доданың келешегі кемел екендігі даусыз.

Қазақ күресінің Сыр өңірінде шеберлік мектебі қалыптасқан. Осы үлкен мектептен талай барыстар шықты. Олар – «Қазақстан барысы» турнирінің алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұлов. Одан кейін жеңісті жолды жалғаған Мақсат Исағабылов. Қос батырдың ізінен ерген Еламан Ерғалиев пен Нұрым Сәлімгереев бүгінгі барыстар бәсекесінің беделділері.

Абыройлы ағаларына қарап бой түзеген «Бала барыстарымыз» да жетерлік. Олай дейтініміз, жасөспірімдер арасындағы «Бала барысы» турнирі еліміз бойынша алғаш болып Қызылорда қаласында өтті. Жас балуандар осындай жарыстар арқылы шыңдалады, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ жарысқа қатысушы споршыларға шынайы бәсекелестік, спорт алаңында жеңіс пен сәттілік тілейтінін жеткізді.

Бүгінде 12-ші мәрте өткізіліп жатқан жарысқа қатысушы жастардың басым бөлігі Қызылорда қаласының спортшыларынан құралған.

Сонымен қатар ҚР қазақ күресінің мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Диқанбайұлы келесі жарыстың қай қалада өтетінің айтып берді.

– Бұл турнир 2013 жылдан бастап 6 жылдай облыс деңгейінде өтсе, 2017 жылдан бері 5-ші рет республикалық деңгейде өтті. Жылда турнирге әр облыстың жас балуандары қатысады. Бүгінгі жарысқа қатысушы балалар осы жарыста іріктеуден өтіп, бір жұмадан кейін Түркістан қаласында өтетін Түркі әлемінің астанасы аясында «дала қырандары» атты командалық жарысқа қатысады. Бұл жастардың арасындағы үлкен жарысымыз деп білеміз, – деді Жеңіс Диқанбайұлы.

Мұнан бөлек биылғы жылы Индияда өтетін Азия чемпионына қатысуды жоспарлап отқанын жеткізді.

Айта кететін жайт бүгінгі қатысушы спортшылар Ақтөбеде қазақ күресінен жарысқа түсіп, іріктелген.

  –    Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бүгінгі жарыста менің көптеген қарсыластарым бар. Десе де екі айналымды жеңіспен ұттым. Оның ішінде Жетісу мен Абай облыстарының спортшыларымен күрестім.  Негізі мен Ақтөбе қаласында өткен жастар арасындағы қазақстан чемпионымын.  Ал бүгін 78 келі салмақпен  күресудемін, – деді спортшы Жалғас Жоспар.

Жалпы жарыс «Qazaq kuresi» Ассоциациясы бекіткен ереже бойынша өтеді. Барлық аймақтан келген жас балуандар әр салмақта 3 спортшыдан, өткізуші аймақтан әр салмақ дәрежесіне 4 спортшыдан жіберіледі. Одан бөлек  салмақ бойынша 1 келі жеңілдік қарастырылған.

Қазіргі таңда турнирге қатысу үшін 14 облыстан тапсырыстар қабылданған және  қабылдау әлі де жалғасуда.

Тағы да оқыңыз: