Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергеновамен кездесті. Жиында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал сөз болды.
Жыл басынан бері жауапты департаментпен жоспардан тыс 815 тексеру жүргізіліп, 323 заң бұзушылық анықталып, қорытындысымен жалпы сомасы 37 180 457 теңгені құрайтын айыппұл салынды. Мекеме білім беру ұйымдарына да тексеріс жұмыстарын жүргізген.
Кездесуде облыс әкіміне коронавируспен күрес амалдары, вакцинациялау қарқыны және тұмау мен туберкулезге қарсы екпе жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Аймақ басшысы өңірді коронавирус және басқа да инфекциялық аукруларға қарсы дәрі-дәрмек қорымен толық қамтамасыз етуді, халық арасында ковид-19 індетіне қарсы екпе туралы түсіндірме жұмыстарын жандандыруды міндеттеді. Мұнан бөлек, балалар арасында туберкулез ауруына қарсы вакцина салдыру мәселесі (БЦЖ) туралы ата-аналар арасында ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігін еске салды.

