Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 8 адам тіркелді.
Олардың 7-і Қызылорда қаласының тұрғыны болса, 1-і Арал ауданында тұрады.
Соңғы деректе қауіпті дертті бір отбасының үш адамы жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы Қызылорда облыстық тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Вирус жұқтырған тұрғындардың үшеуі – бір отбасы мүшесі. Олар Қызылорда қаласында тұрады. 6 науқастан ПТР анализдері вирусты жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты сынама алынған. Қалған 2 адамнан ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес скринингтеу кезінде оң нәтиже көрсетті. Қазіргі таңда пациенттер ауруханаға оқшауландырылып, хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Ауру ошақтарында мамандар індетке қарсы іс-шаралар ұйымдастырып, қарым-қатынаста болғандар анықталуда», – делінген департамент хабарламасында.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 297 адам тіркелген. Оның ішінде 228-і сырқатынан жазылып шықты .
