Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысына 170 дәрігер қажет. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі пандемиямен күрес және экономикалық ахуал жөнінде өткен брифингте журналистердің сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.
“Өңірде қалыптасқан эпидахуал кезінде денсаулық сақтау саласында қажетті мамандардың жетіспеушілігі анық байқалды. Нақты қандай салалар бойынша мамандар тапшы? Осы бойынша зерттеу жасалды ма және шешілу жолдары қандай?”, – деді облыс әкімі “Қызылорда” телеарнасының тілшісі Әкімжан Жолтаев.
“Әрине, бұл өте өзекті мәселелердің бірі. Бұл бойынша жауапты сала мамандарымен бірлесіп толық зерттеу жасалды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес биылғы жылы 170 дәрігерге сұраныс бар. Олардың ішінде: 46 аймақтық дәрігер, 26 анестезиолог-реаниматолог, 8 неонатолог, 8 психиатр, 5 фтизиатр, 5 онколог, 4 балалар хирургі, 5 офтальмолог, 3 инфекционист, 3 балалар невропатологы, 3 оториноларинголог, 3 реабилитолог, 3 дерматовенеролог, 3 патанатом, 4 травматолог, 3 нефролог, 2 пульмонолог, 2 кардиолог, 2 акушер-гинеколог, 2 хирург, 2 дәрігер-лаборант, 2 терапевт, 1 уролог, 1 эндоскопист дәрігер қажет.
Бұл сұранысты реттеу үшін, бүгінгі күнге 18 жас маман медицина ұйымдарына, олардың 7-еуі елді мекендерге жолданды. Олар – 4 жалпы тәжірибелік дәрігер, 3 терапевт, 3 акушер-гинеколог, 2 хирург, 4 педиатр, 1 нейрохирург, 1 ЛОР дәрігер.
Бұдан бөлек, провизорлық стационарларға 5 интерн, 1 резидент (жоғары оқу орынын толық аяқтамаған) уақытша жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тапсырысы негізінде медициналық университет түлектерін бөлу хаттамасы бойынша (по протоколу распределения выпускников медицинских ВУЗ-ов) алдағы уақытта облысымызға қосымша 123 жас маман келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, облыс әкімінің гранты негізінде медицина мамандығы бойынша білім алып жатқан резиденттерден 15 жас дәрігерлер өңірімізге келіп қызмет атқаратын болады. Осы сәтті пайдалана отырып, дәрігер мамандарды аймағымызға келіп медицина саласының дамуына үлес қосуға шақырамыз, – деді облыс әкімі Г. Әбдіқалықова.
