Kyzylorda-news.kz. «Тұңғыш Президент саябағындағы» блок-посттағы қайнаған тіршілікпен танысу кезінде біз мұндағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын қадағалап жүрген облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшидин Әмитовті кездестірдік. Өзімізді таныстырған соң, полиция полковнигінен облыстағы ахуал туралы кеңінен баяндап беруін сұрадық.

«Қызылордада жұмыссыз адам жоқ секілді»

– Облыстағы карантиндік шектеулер кезіндегі ахуал туралы білгіңіз келсе, менімен жүріңіз. Бұл – сыртқы блок-пост, ішкі бақылау бекеттеріне барайық. Себебі, қаладағы көптеген жағдайларды өз көзіңізбен көргеніңіз дұрыс, – деді Шамшидин Егенбердіұлы.

Біз полиция полковнигінің ұсынысын қуана қабылдап, көлікке отырдық.

Бетке алған бағытымыз – Шанхай мөлтек ауданына кіре беріс тұста орналасқан бақылау бекеті.

Шамшидин Егенбердіұлы ә дегеннен-ақ әлі де шешілмеген көптеген мәселелердің барын ашып айтты.

– Былай қарасаңыз, Қызылордада жұмыссыз адам жоқ екен. Менің блок-посттар қойылған күннен бастап осыған көзім жетті. Сонда кімдер атаулы әлеуметтік көмек алып отыр? Қарап тұрсаңыз, бәрінің қолында «жеке кәсіпкер» деген қағазы бар. Сол арқылы емін-еркін өте береді. Сонда карантин талабын кім сақтайды? Осы жаңа ғана сіздің алдыңызда бір кәсіпкер дау туғызды. Қағазына қарасақ, мекемесінде өзін қосқанда, екі-ақ адам жұмыс жасайды. «Халықты қандай азық-түлікпен қамтамасыз етесіз?» десек, қорабындағы 30-40 самсасын көрсетеді. Бірақ, қолында тиісті жүкқұжаты (накладная) жоқ. Дәл сол қалаға апара жатқан өнімінің халыққа қажеттілігі қанша деген ой туады. Ал, өткізбей көріңіз! Заң соғып шыға келеді. Бұлай карантин болмайды ғой! Бір қуантарлығы, бүгінгі жиында Кәсіпкерлер палатасына тапсырма берілді. Халықты азық-түлікпен, басқа да қажетті керекті заттармен шынымен қамтамасыз ететін ірі-ірі кәсіпкерлердің тізімі жасалады. Енді блок-посттардан солар ғана өте алады, – дейді полиция полковнигі.

Бүгінгі таңда облысымыздағы көптеген мекеме қызметкерлерінің басым көпшілігі қашықтан жұмыс жасауға көшірілгені белгілі. Бірақ, сонда да «жұмысқа бара жатырмыз» дейтін халықтың қарасы азаймай отырған көрінеді.

– Бүкіл блок-посттар мен қала ішіндегі бақылау бекеттерінен өтіп жатқан халықтың саны мүлдем көп. Бірақ, бәрінің қолында «жұмыс жасайды» деген анықтамасы бар. Сонда облыста енгізілген карантин тәртібі қайда қалды? Қашықтан жұмыс жасауға жіберілген қызметкерлер қайда отыр? Сұрақ көп, тек жауабын таппай қиналамыз. Халықтың өзі карантиннің неге енгізілгенін жете түсінбейінше, облысымыздағы эпидемиологиялық ахуал күрделене береді, – дейді Шамшидин Әмитов.

Шанхай мөлтек ауданына кіре беріс тұста орналасқан бақылау бекетіне келгенде көргеніміз – мұнда жаяу жүргіншілерден гөрі автокөліктер көп. Кезекке таласқан жүргізушілер жаға жыртысуға дайын. Полиция полковнигі атап өткендей, бәрінің қолында анықтамасы бар. Біз келген 10-15 минуттің айналасында 10 көліктің ішінен тек біреуі ғана кері қайтарылды.

– Бұдан жағдай шыныменде күрделі екендігін байқауға болады, – дейді кейіпкеріміз.

Кезекте шұбатылған көліктерді тексеруге полиция полковнигінің өзі де кірісіп кетті. Мұндағы ахуалды жете түсіну үшін біз де Шамшидин Егенбердіұлының жанынан табылдық.

«Жындыханаға бара жатырмын…»

Біз келген сәтте бақылау бекетіндегі арнайы қоршауға ең алғашқы болып «Жигули» маркалы көлік тоқтады. Көліктің тізгінінде жетпісті алқымдаған ақсақал отыр.

– Ассалаумағалейкүм, аға! – деп амандасқан полиция полковнигі одан тиісті құжаттарын сұрады.

– Қандай құжат? Не құжат сұрап тұрсың? – деп жауап қайтарды әлгі кісі.

– Аға, сіздің қаланың ішінде жүріп-тұруыңыз үшін арнайы анықтама керек. Онсыз болмайды.

– Ә, солай ма?

– Менде ондай құжат жоқ, – деді ақсақал.

– Онда көлігіңізді кері бұрыңыз, қалаға кіруге рұқсат ете алмаймыз.

– Жоқ, бұра алмаймын, балам!

– Көке, жасыңыз қаншада?

– Жетпіс үште.

– Онда сізге көшеге мүлдем шығуға болмайды. Жасы 55-тен асқан кісілерге көшеге шығуға болмайды деген арнайы қаулы бар.

– Мен… мен ауруханаға баруым керек! Шұғыл бармасам болмайды! Өздері шақырып жатыр! – деп айқай салды бір кезде ол.

– Қандай аурухана? Аға, ауруханалар жұмыс жасамайды. Денсаулығыңыз мазаласа, жедел жәрдем шақыруыңыз керек, – деп жауап қатты оған полковник.

– Мені… мені… мені жындыханаға шақырып жатыр. Бармасам болмайды. Қалайда өтуім керек. Келмесең, сотқа береміз деді олар…

Ақсақалдан мұндай жауап күтпеген полиция полковнигі маған қарап басын шайқады…

… Күлеміз бе әлде жылаймыз ба?!.

«Архивте жұмыс жасаймын, шұғыл бармасам, жұмыстан шығарып жібереді»

Келесі тоқтаған көліктің ішіндегі екі тұрғын – өздерін архивтің қызметкеріміз деп таныстырды. Қолдарында «мұрағатта жұмыс жасайды» деген тиісті құжаттары бар. Бірақ, мінген автокөлігіне рұқсат қағазы жоқ. Бақылау бекеттегі полиция қызметкері осыны түсіндіріп, көлікті кері бұруын сұрап еді, ішінде отырған әйел кісі Шамшидин Егенбердіұлына «жағдай» айта бастады:

– Мен архивте жұмыс жасаймын. Шұғыл шақыртып жатыр. Бармасам, болмайды. Келіп бір есепті дайындап бер дейді. Қазір жетпесем, жұмыстан шығарып жібереді, – дейді ол.

Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, қызметін уақытша тоқтатқан мекемелердің арасында архив те бар екенін түсіндіріп көрмек болып едік, көнбеді…

– Міне, осындай кісілердің кесірінен блок-посттардағы немесе қала ішіндегі бақылау бекеттеріндегі кезек көбейе береді. Сосын халық бізге «көлікті ұзақ ұстайсыңдар, пара алып жатырсыңдар» деп сын айтады. Біздің осыдан басқа тірлігіміз жоқ секілді. Әдейі өткізбей отырған сияқтымыз. Жалпы, қазір көптеген мекемелердің қызметкерлерін карантинге байланысты қашықтан жұмыс жасауға жіберді. Бірақ, өзіңіз көріп тұрсыз, мұнша халық қайда бара жатыр? Бірте-бірте бұл автокөліктерді планшеттегі базадан да тексеруге мүмкіндік болмайды. Себебі, уақыт көп кетеді. Ол кезде автокөліктердің кезегі таңға дейін жетеді, – дейді Ш. Әмитов.

Шыныменде, халық нөпірі осылай тоқтаусыз ағыла берсе, карантиннің мәнісі қайда?

«Интернеттің «жұлдызына» айналғың келіп тұр ма?»

Қала ішіндегі бақылау бекеттерінде тұрған полиция қызметкерлері де тәулігіне 12 сағаттан кезекшілікке түседі. Мұнда қала сыртындағы блок-посттардағыдай арасында тынығуға, тамақ ішуге арнайы орындар қарастырылмаған. Сондықтан, тамақты көлік ішінде ішуге мәжбүр.

Бұл бақылау-бекеттерінде де полицейлерге қысым көп. Тұрғындар өздерінде тиісті құжаттары жоқ екендігін естісе, болмаса көлігін планшеттегі тізімнен таппаса полиция қызметкерлерімен жаға жыртысуға дейін барады. Қол жұмсаудан тайынбайды.

Сосын бір-біріне жол бермейді. Кезек күткілері келмейді. «Мен өтемін де, мен өтемінге» салып қырық-пышақ болады.

Мәселен, қолында бірде-бір анықтамасы жоқ, көлігінің нөмірі полиция қызметкерінің планшетіндегі тізімнен табылмаған жігіт сол орында қып-қызыл жанжал шығарды. Полицейді балағаттап, жағасына жармасуға дейін барды. Одан қалды, көлігінен телефонын алып шығып, видеоға түсіретінін айтты.

– Интернеттің «жұлдызына» айналғың келіп тұр ма? Қазір видеоға түсіремін де, мені заңсыз өткізбей жатыр деп ютубқа салып жіберемін. Әрі қарай блогерлер айналысады. Ертең-ақ жұмысыңмен қош айтысасың, – деп өзеуреді ол.

Мәселе полиция полковнигі араласқаннан кейін ғана өз шешімін тапты.

«Тиісті мөрі жоқ күмәнді анықтамалар көп»

Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшидин Егенбердіұлымен қала ішіндегі бақылау бекеттерін аралағанда байқағанымыз – тиісті үлгіде жазылмаған, мөрі немесе басқа да бұрыштамасы жоқ күмәнді анықтамалардың көптігі.

Кейбір мекемелердің аттары, тіпті, ақылға сыймайды.

– Біз мұндай анықтамалардың бәрін фотоға түсіріп алып жатырмыз. Бәрін сараптамадан өткізіп, тексеретін боламыз. Құжаттарды қолдан немесе заңсыз жасағандар жауапқа тартылатын болады, – деді Ш. Әмитов.

Екіншіден, қаладағы жұмысын тоқтатқан ірі супермаркеттердің жүк таситын көліктерінің емін-еркін жүруі. Мысалы, біз болған Шанхай мөлтек ауданындағы бақылау бекетінде «Mechta» супермаркетінің 3 бірдей жүк көлігін кездестірдік.

«Мөрді осы қазір өзім-ақ баса саламын»

Келесі болып ат басын бұрғанымыз – қаланың Батыс мөлтек ауданында орналасқан бақылау бекеті болды. Мұнда да құжынаған автокөлік, тар көшедегі тізілген кептеліс. «Жұмысқа бармасам болмайды» деп басталатын бітпейтін сылтаулар. Кейбірінің жұмыс анықтамаларында мүлдем мөр жоқ. Тағы да қаптаған күмәнді құжаттар. Тіпті, кейбір тұрғындар мөрді өзімен бірге алып жүреді екен.

Мұндағы полиция қызметкерлері тоқтатқан кезекті көлікті әйел тізгіндепті. Көліктің іші толған азық-түлік.

«Жұмыстан келе жатырмын», – дейді ол.

Бірақ, анықтамасында мекеменің мөрі жоқ. Осыны айтып ескерту жасап еді, ол жалма-жан жауап қатты.

– Фирмалық бланкіге мөр басылмайды ғой. Егер басу керек болса, қазір өзім-ақ баса саламын, – деді сөмкесінен мөрді алып шығып, қолындағы анықтамаға тарс еткізді…

… Мөрі кез келген адамның қолында жүре беретін не деген мекеме?!.

«Енді күйеубаласы болған соң, жоқ дей алмадым…»

Қала ішіндегі бақылау бекеттерінде полиция қызметкерлерімен бірге тұра берсеңіз, тұрғындардың неше түрлі қулығына куә боласыз.

Мәселен, полиция қызметкерлері тексерген газель көлігінің егесінде жергілікті әкімдік азық-түлік тасуға берген рұқсаты бар да, бірақ, жүкқұжаты (накладная) жоқ.

Көліктің жүк салатын бөлігін тексергенде, 5-6 пакетті көзіміз шалды. Олардың ішіне, 1-2 келіден ғана азық-түлік салынған.

«Сіздерге азық-түлікті аз көлемде тасуға рұқсат етілмейді» деген Шамшидин Егенбердіұлының жауабынан кейін ғана газель көлігінің жүргізушісі шынын айтты.

– Негізі, маған тапсырылған тиісті азық-түлікті дүкендерге тасып болдым. Бірақ, енем хабарласып азық-түлік керектігін айтты. Енді күйеубаласы болған соң, жоқ дей алмадым. Сол енемнің үйіне азық-түлік апара жатқан бетім, – деп ағынан жарылды ол.

Осылайша, тиісті мекеме берген құжаттарын жеке басының мүддесіне жарататындар да бар екен…

«Менің кімнің інісі екенімді білесің бе?»

Келесі бағыт – Тасбөгет кентіндегі бақылау бекеті. Мұнда да кезекке тізілген көліктер «шерулетіп» тұр. Сол баяғы айтыс-тартысты мұнда да бірден аңғарасыз.

– Менің кімнің інісі екенімді білесің бе? – деді қымбат көлікті тізгіндеген жігіт құжатын сұраған полиция қызметкеріне.

– ?!

– Кімнің екенін айтсам, мына жерден безіп кетесің ғой, бауырым!

Ақыры сөз таластырған қымбат көліктің иесіне кері қайтуға тура келді.

«Масканы не үшін тағуым керек?!»

Блок-посттар мен бақылау бекеттерінде, қала көшелерінде ең көп кездесетін жағдай – тұрғындардың көпшілігінде медициналық бетперделердің жоқтығы. Бұл – халықтың әлі күнге дейін карантин тәртібіне салғырт қарап қана қоймай, оның талаптарын бұзып отырғандығын көрсетеді.

– Масканы не үшін тағуым керек? – деп өзімізге сұрақ қойды бір тұрғын.

– Денсаулығыңыз үшін.

– Денсаулық өзімдікі ғой…

P.S: Карантин кезіндегі біз кездескен осы боямасыз картиналардың көпшілігі баршаңызға таныс болар. Олай болса, тиісті қорытынды шығаруға әлі де кеш емес…

Абай болайық, аман болайық!

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист,

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

Тағы да оқыңыз: