Kyzylorda-news.kz. Кеше, яғни, 2 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлыққа қол қойды.
Бұл шара, ең алдымен, еліміздегі қиын-қыстау кезеңде, карантин жағдайында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Төтенше жағдай режимін ұстап тұруда мемлекетке жәрдемдесу үшін қажеттігін баса айтқым келеді.
Мемлекет басшысының аталған Жарлығын еліміздің әрбір тұрғыны салмақтап, терең түсініп, байыппен қарауы керек. Себебі, бұл – бәріміздің, отбасымыздың, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып оытрған қадам.
Бұдан қорқудың, үрейге бой алдыру, босқа дүрлігудің қажеті жоқ.
Өйткені, заңға сәйкес, арнаулы жиындарға шақырылғандарға әскери қызметшілердің барлық жеңілдіктері қолданылады. Атап айтқанда, тамақтану, медициналық қамтамасыз ету, киім-кешек, жеке инвентармен жабдықтау, тасымалдау мәселелері түбегейлі шешілген.
Ерекше атап өтерлігі – арнаулы жиындарға шақырылғандар тек тұрғылықты жері бойынша қызмет өткеретін болады. Жиындарға тартылған азаматтар басқа өңірлерге мүлдем жіберілмейді.
Бүгін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев атап өткендей, жиынға шақырылғандар күндіз қызмет орындарында болып, кешке үйлеріне қайтатын болады.
Ең бастысы – жиынға қатысушылар жалақы алатын болады.
Бұл жиындарға шақырылған барлық жұмыс істейтін азаматарға олардың жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақы төленетін болады. Аталған жұмыс орындары жиындарға қатысудың барлық мерзімінде сақталады.
Ал, жиынға қатысушы жұмыс істемейтін азаматтарға да ең төменгі жалақы төленетін болады.
Бұл да – жұмыссыз азаматтарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік.
Шақыру әр өңірдің қажеттілігіне қарай ғана шағын топтармен өтетінін ескерсек, еліміздің қауіпсіздігі үшін барлық азаматтар бұған жұдырықтай жұмылып атсалысуы қажет.
Ғалымжан ТАСЖАНОВ,
Қызылорда облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі
