Kyzylorda-news.kz. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған мәлімдемесін ұйып тыңдадым. Президент мәлімдемесінен ел көкейінде жүрген көптеген сауалдардың жауабын таптық.
«Жақсылықты бөліссең көбейеді», «Жақсы сөз – жарым ырыс». Бұл халқымыздың сан ғасырлық тәжірибесінен түйген ой-танымы, ғибрат-өнегесі, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты.
Қазіргідей қиын уақытта жақсылықты, ізгі, мейірімді істерді, қамқор ниетті көре білсек, жазсақ, насихаттасақ дұрыс болар еді.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мәлімдемесінде көптеген жақсы жаңалықтарымен бөлісті.
Мәселен, дәрігерлердің төтенше жағдай уақытындағы айлық жалақыларына байланысты жаңа шешім шығарды. Сөз жоқ, әділ шешім. Материалдық қана емес, рухани демеу. Дәл қазіргі уақытта індетпен арпалысып жатқан ақ халатты абзал жандарға жасалған мемлекет қамқорлығы.
Сондай-ақ, ұялы байланыс операторлары 20 000 дәрігерге 1 айға тегін қызмет ұсынған. Отбасымен, балаларымен хабарласып тұру үшін. Ізгілікті іс. Көңіл жібітеді.
«Мен бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым. Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым», – деді Президент өзінің мәлімдемесінде.
Мұны ел қуана қабылдап жатыр. Қазіргі қиын кезеңде бұл халқымыз үшін өте үлкен қолдау.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлының жанар-жағар майды 15 пайызға арзандату жөніндегі шешімі – көктемгі егіс науқаны алдында еліміздегі шаруаларға үлкен көмек болатыны сөзсіз.
Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесінен елдің көкейінде жүрген барлық сауалдарға жауап алдық деп толық сеніммен айта аламын.
Ғабит ТҰЯҚБАЙ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі
