Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда бәсенсуге болмайды. Мәселен, шілде айының 11 күнінде 40 жағдай анықталды. Соңғы тәулікте 6 жағдай есепке алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.
«Өңірде эпидахуал тұрақты деп бағаланғанымен, коронавирус инфекциясының пандемиясы әлі аяқталған жоқ. Сондықтан індетке қарсы екпе салдыру қажет. Бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына өз септігін тигізеді. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық профилактикалық шараларды да ұмытпауға шақырамын. Себебі қарапайым ғана сақтық шаралары тек COVID-19-дан емес, барлық инфекциялық аурулардан, ауа тамшылары арқылы таралатын вирустардан қорғануға көмектеседі»,-деді Әлия Мүтәліпқызы.
«Бүгінде облыста вакцинациялау мен ревакцинациялау отандық QazVac, VeroCell, Pfizer препараттарымен жүргізілуде. Вакцинаның І-компонентін 425 853 қызылордалық, ІІ компонентін 423 364 адам алды. Сонымен қатар, 2021 жылдың 22 қарашасынан ревакцинация жұмыстары басталып, қазірде 228 265 тұрғын қайта екпе алды»,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы.