Kyzylorda-news.kz. Бүгін жергілікті бұқаралық ақпарал құралдары, оның ішінде «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінде жарияланған Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №10 қаулысымен таныстым. Қала тұрғыны болғандықтан, әр Қаулыға елеңдеп, басынан-аяғына дейін оқып отыратынымыз рас.

Осы жолғы Қаулы көптеген жаңашылдықтарға толы екенін әрбір оқыған адам байқады деп ойлаймын. Мәселен, 2020 жылдың 19 сәуір 00.00 сағаттан бастап Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 07 сәуірдегі №7, 2020 жылғы 11 сәуірдегі №8, 2020 жылғы 14 сәуірдегі №9 Қаулыларының күші жойылып, басты негізгі талап №10 қаулыға біріктіріліпті.

Қаулыдағы басты жаңалық – азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар базарларының жұмысын уақытша тоқта тұру туралы шешім қабылданыпты. Бұған қоса, жәрмеңкелердің, автомобиль, киім-кешек, мал базарларының жұмысын тоқтайтындығы жазылған.

«Базар жұмыстарының тоқтатылуына байланысты көтерме сауда орындарына «азық-түлік дүкендеріне дейін жеткізу» қағидаты бойынша 10.00 сағаттан 18.00 сағатқа дейін күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасауға рұқсат етіледі», – делінген аталған Қаулыда.

Бұдан азық-түлік және басқа да базарлар жабылғанымен, тұрғындардың азық-түлікке деген қолжетімділігі сақталып қала беретіндігін көреміз. Дүкендер де белгілі уақыт аралығында жұмыс жасай беретін болады.

Қаулыда азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті заттарды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды және қоқыс шығаруға (жақын радиустарда орналасқан) қоспағанда тұрғындардың үйден шығуына шектеу қою қажеттігі де жазылған.

Жалпы, карантин шаралары – ең алдымен, өзіміздің, отбасымыздың денсаулығы үшін қажет. Облысымызда қауіпті індет белең алып, бәрімізді сары уайымға салып отырғаны жасырын емес.

Сондықтан, жерлестерімді осы қиын шақта карантин талаптарын сақтап, бірлігімізді көрсетуге шақырамын.

Әлібек ЖАЙСАҢБАЕВ,

қала тұрғыны.

Тағы да оқыңыз: