Фото: agroinfo.kz

Kyzylorda-news.kz  Жаңақорған жұрты жылыжай өндірісіне бейімделе бастады. Жыл он екі ай жұмыс істеп, екі маусымда өнім алуды көздеген диқанға мемлекеттен де қолдау көп. Ауданда 12 кәсіпкер болса, оның 5-6 ғана нақты жұмыс жасайды. Өткен жылы мемлекеттен қолдау тауып, қайтарымсыз грант алған Бейбіт Алшынбековтің жылыжайымен танысып, аяқалысын байқап көрдік.

– Негізі бұл кәсіпке толық ден бергеніме  жылы тола қойған жоқ. Жылыжайдың іргетасын 2023 жылы қалап, биыл алғашқы өнімдерімді жинай бастадым. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыз несие алып, көлік жуу және кілем тазартуға арналған шағын цехты іске қостым. Шүкір, ойымдағыдай өнім алудамын, – деп бастады сөзін кәсіп
иесі.

Ашығын айтсақ, Бейбіт Алшынбеков бұл кәсіп түрін бала кезден үйреніп, тәжірибе жинақтаған. Қазір отбасылық бизнеске айналдырып, нәпақасын жер анадан теріп жүр. Осыдан бір жыл бұрын қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, шағын ісін ілгерілетуге мүмкіндік алыпты. Енді 2,5 пайыздық несие алып, ауылға ең қажетті кәсіпті дөңгелетіп отыр.
– Шыны керек, жылыжайдың ауданда көп болғаны дұрыс, егер өнім көбірек өзіміздің базарға жол тартса, онда сауда да қызып, өнім құны да төмендейді. Әйтпесе, қыстың күні ерте көктемде нарықтағы қияр мен қызанақтың бағасына жағаңды ұстайсың. Сондықтан осы кәсіп түрі көп қолдауды қажет етеді. Бір өкініштісі, бұл істі бастағандар көп өтпей күтімі шыдай алмай тастап кетіп жатады. Әрі сату жөнінде қиындық туындайды. Мен мәселен, екі күнде 20 келіге дейін қиярды жинап, дүкендер мен сауда үйлеріне пұлдаймын. Егер осынша тауар бірнеше күн тұрып қалса әлбетте шығынға батамыз. Көбісі осы мәселеден қорқады, менде де осы қиындық кездескені рас, алайда, келешекте тұрақты тұтынушы тауып нақты нәтижеге жеткім келеді.

– Қиярдың қандай түрін өсіресіз?

– Қазір климатқа үйретілген сырты бүдір қияр өсірудемін. Бұл сорты түбі испандық болғанымен, біздің елде де көптеп өсіріледі. Қиярды үзіп алған күннен бастап бір аптаға дейін балғындығын сақтайды. Осы аралықта сатып үлгеру керек. Тұрғындардың көбі қысқы салатқа, тұздалған қияр басуға алып жатады.

– Жылына қанша рет өнім аласыздар?

– Ашығын айтсам, ерте көктемде егіп, сәуір айының бел ортасынан асқаннан бастап екі ай өнім алуға  болады. Шілдеге дейін жерді демалдырып, тазалап, қажетті минералдар беріп, шілдеге дейін тағы егіп, тамыз айының соңында жинауға болады. Біздің қиярымыз 90 күнде дән жеміс береді. Әзірге жаздық маусымды реттеудеміз, қаржы көзі артып, мүмкіндігіміз кеңейіп жатса қыстық өнімді іске қосамыз. Ол кезде аудан бағасына сәл болса да төмендеуіне үлес қосамыз.

– Кәсіп аясын кеңейтуде қандай жобаларыңыз бар?

– Кәсіпкерлікте бір талаптыісіңе,екінші бір ұмтылысың тірек болып тұрады. Бұдан бұрын «Ауыл аманаты» аясында 2,5 пайызға несие алып, ол қаржыға көлік жуу мен кілем тазартуға арналған шағын цехті іске қостым. Бұл да тұрақты табыс көзіне сеп.

Біздегі жылыжайлардағы негізгі көкөністердің қатарында қияр, құлпынай, шалқан, салат жапырағы секілді маусымдық өнімдер бар. Олар тек аудан нарығында ғана емес, көршілес Түркістан, Шымкент, Ақтөбе облыстарының базарына жөнелтіледі. Сапаға мән беретін болсақ біздің жерден өндірілген өнім ешқандай химиялық қоспасыз, таза табиғи тауар болғандықтан өзге өңірлерден сұраныс үзілмейді.

Расында, бала күнімізде жемісжидекті шіліңгір шілденің ыстығында ғана жеуші едік. Ал, бүгінде қақаған қыстың аязында да кез келген дүкен сөрелерінен қалаған жемісіңізді таба аласыз. Өйткені, шаруалар жылыжай өндірісін қолға алып, оны дамытудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгерген. Біздің аудан да аргарлы аймақтың бірі. Халықтың басым бөлігі төрт түлік пен егіншілікті кәсіп етеді. Соңғы уақыттары елімізде жылыжай шаруашылығы жан-жақты даму үстінде. Осы мүмкіншілікті басшылыққа алған жерлестеріміз қыстың көзі қырауда көкөніс өсіріп, табысқа кенелудің маңызын түсініп отыр. Ең табысты, жылыжай кешені – халықты таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің таптырмас тәсілі. Жылыжай өндірісіне қол жеткізу – әрбір бағбанның арманы.

Жылыжайда өскен өнімнің артықшылығы, көкөніс жылдам өсіп, сырты көз тартарлықтай жылтыр болады. Сонымен бірге, ылғал мен жылу барлық аумаққа бірдей таралады. Бірақ, жабық жерде өскен өнімнен күннің иісі сезілмейді. Дәмі мен иісі жағынан далада өскен көкөністен айырмашылығы да осында. Десе де, құрамында қажетті дәрумендер мен минералдар жеткілікті. Бұл шаруашылықтың да өзіне тән қиындығы аз емес. Сапалы өнім алу үшін шаруаға біраз тер төгуге тура келеді. Жылыжайды жылу жүйесімен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету үшін аз шығын шықпайтыны анық.

Осы тұста, жаңақорғандық шаруалардың жай-күйін бағдарлап көрдік. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде жұмыс жасайтын іріліұсақты бірнеше жылыжай бар. Алайда, қазіргі уақытта жұмыс жасап тұрғандары өте аз. Соның бірі Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қожалық Қаратөбе аумағында орналасқан. Білдей бір ауданда жұмысын үздіксіз жалғастырып келе жатқан шаруа қожалыққа арнайы барып, кешен иесі Амантай Сарбасовпен жүзбежүз кездесіп қайттық.

– 2010 жылдан бері осы диқаншылықпен айналысудамыз. Көлемі 70 соттық аумақты құрайтын жылыжайда қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүргенбіз. Екі жылдан бері елімізге індет келгелі қызанаққа сұраныс азайды, әрі шығыны көп. Ерте көктемде еккен қиярды жинап алып, енді күздік егінді бастадық. Бұйыртса, қараша айынан бастап өнім бере бастайды. Негізінен жылыжайдан өнім алу өте қиын шаруа. Оған күтім көп керек. Неге десеңіздер, біздің ауданда мамандар жоқтың қасы. Бастапқыда өзге өңірден мамандар алдыртып, тәжірибесімен бөлісіп, өзіміз кәсіби бағбандар дайындадық. Қазір жаман емес, шығымы жақсы, кешенде 6-7 адам жұмыс жасайды. Жылыжайда егін егу, бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл желкем соқса солып қалады. Жылыжайдың температурасы +6 градустың өзінде жеміс жаурап өспей қалады. Сосын 40-45 күн жылы суда жату керек. Өйткені, оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі, – дейді кәсіпкер.

Әйткенмен, биылғы науқан былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеу болғанын да жасырмады. Көктемгі науқаннан былтыр 30 тонна өнім алса, биыл небәрі 15 тоннаға жуық өнім жиналыпты. Себебі, қаражаттың тапшылығынан дәрі-дәрмекті уақытында ала алмады. Барға қанағат етіп отырған жылыжай иесі Түркістан мен Қызылорда қаласынан сұраныстың көп екенін де сөз етті.

Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады. Жыл сайын жылыжай шаруасын ширатып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалықтың берекелі ісіне жерлестер дән разы. «Жылыжай салу ісі көптен бері ойымда жүрген, ойға алған істі жүзеге асыру үшін қаржы мен күш керек екені белгілі. Бүгін сол арманмақсатыма қол жеткізіп отырмын. Жылыжайдың құрылысын қыста бастаған болатынбыз. Бірінші кезекте нысанды жылыту жүйесін орнаттық. Көкөністі тамшылатып суару жүйесімен суаратын боламыз. Өйткені бұл жүйе суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді» – деген шаруа:

– Жылда егілетін өнімді көбіне өзге аймақтарға жөнелтеміз. Сондай-ақ, аудан орталығында да келісім бойынша өткізетін екіүш мекеме бар. Жалпы, субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Әуел баста жылыжайды қолға алғанда ғана субсидия беріледі. Одан кейін ыстық-суығына өзің жауаптысың. Содан болар аудандағы шығынға ұшыраған өзге жылыжайлар қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Егер мемлекет тарапынан аз-кем қолдау көрсетілсе, жұмысымыз жанданып кетер еді, – деп мәселесін айтты.

Қожалық қияр ұрығын голландиялық компаниядан алады. Ал, тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті Түркістандағы «Агро» дүкенінен тасымалдауда. Бір өкініштісі, аудан нарығы жергілікті өнімді сатып алуға құлықсыз. Міне, «7 kz» шаруа қожалығын осы мәселе алаңдатады. Аудан көлемінде қолға алынып, жұмысын қарқынды бастаған жылыжайлардағы кедергілер жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Дәурен Абибуллаев:

– Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 1 ғана жылыжай жұмыс жасап тұр. Қалған үшеуі «Нұрлы кент», «Жан» және «Абдулла» шығынға батқан себебінен жұмысын тоқтатты. Егер оларға қолдау болса, жылыжайды дамытып, халықты көкөніспен қамтуға ниетті, – деді.

Осы тұста, кент орталығында орналасқан жылыжайлардың да жай-күйін білдік. Олар мемлекеттен ешқандай қаражат алмай, күнкөрістің қамын күйттеп жүргендерін жасырмады.

Орналасқан аумағы шағын болса да, бала-шағасымен ерте көктемнен қара күзге дейін еңбек етіп, нәпақасын тауып жүргенін бүкпесіз баяндады. Рас, қыруар қаржы кететін жылыжайды қарапайым шаруалардың қалтасы көтермейді. Олардың ортақ ойы жылыжайды газдандыру мәселесіне көмек болса дейді. Бұл шығынды азайтады. Осы тұста, елімізде жылыжай кәсібін дөңгелетемін деген әр адамға мемлекеттен қолдаудың да барын айта кетейік. Тарқата кетсек, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы несие алуға, жаңа индустриялық аймақтан жер учаскесін алып, онда барлық коммуникацияларды тартуға және субсидия алуға көмек көрсетіледі. Бірақ әзірге шаруалардың жабық жерде көкөніс өсіру тәжірибесі жоқтың қасы. Өйткені, оған күтім мен уақыт көбірек жұмсалады.

Осы тұста, өзге елдердің тәжірбиелерімен де бөлісе кетейік. Дамыған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Әлемде жылыжай салудан Қытай бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала едәуір дамып тұрған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланды, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерланды секілді дамыған елдерде жаңа технологиямен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн евро тұрады. Өйткені оның құрылымында қуатты көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар. Ал, Түркиядағы жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсірілсе, қалған 10 пайызына жеміс, қияр 2 пайызына егіледі. Халқының саны бізбен шамалас болса да, жері әлдеқайда кіші Нидерландының өзі әлемді азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Бүгінде бұл ел тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі 2-ші орында. Бір айта кетерлігі, еліміздегі біраз жылыжайлар Нидерланды технологиясымен салын­ған. Өйткені, олардың қолданатын технологиясы біздің елімізге өте тиімді. Егер жергілікті диқандарға қолдау көрсетіліп, жұмыстары жүйеленсе, нарық бағамына да оң әсер ететіні сөзсіз.

Енді бір сәт әлемдік нарыққа бет бұрсақ. Әлемде жылыжай салудан Қытай бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала едәуір дамып тұрған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланды, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерланды секілді дамыған елдерде көлемі үлкен әрі жаңа технологиямен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн евроға дейін барады. Өйткені оның құрылымында қуатты өте көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар және құнарлы, сапалы өнім алуға жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтауы тиіс.

Дамыған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Мәселен, Түркияда жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсіріледі. Ал қалған 10 пайызына жеміс, 2 пайызына гүл егіледі екен. Халқының саны бізбен бірдей болғанмен, жері әлдеқайда кіші Нидерландының әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ету әлеуеті таңғалдырады. Бүгінде Нидерланды – тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Олар мұндай жетістікке жету үшін барлық технологиялық процесті мұқият қадағалап отырады. Жылыжай іргетасының қадасы қағылғаннан бастап, алғашқы өнімді бергенше білікті мамандардың кеңес­теріне назар аударады.

Ал, Жер Анадан басқа байлығы жоқ еврей ұлты дамыған отыз елдің төріне қарапайым шаруасымен енді. Мұндай кешенді салуды жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Әрбір қадамың қымбат тұрғаны былай, өнімді өсірудің өзінің қиындығы өте көп.

Сондай-ақ аудандағы өзге де жылыжай шаруашылығымен айна­лысып отырған шаруалармен тілдес­кенімізде негізі жылыжай кешені ең тәуекелді іс деп санайтынын жеткізді. Расында шаруалардың сөзінің жаны бар секілді. Өйткені, отандық маркетингтік зерттеулер жылыжай өндірісі өзін-өзі ақтау үшін 2 гектардан жоғары болуы тиіс деген тұжырымға келген. Не десекте, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жылыжайлардың орны маңызды. Өйткені, шетелдік өнімдер бағаның қымбаттауына әке­ліп соқтырса, отандық көкөністер қолжетімді бағада базар сөрелерінен табылар еді.

Түйіндей айтқанда, ауданның ауыл шаруашылығы саласында іл­кім­ді ілгерілеушілік бар. Оған қоса, жыл сайынғы Жолдау жүгі отан­дық өнімді бәсекеге қабілетті етіп, нарықтық экономикада өзіндік даң­ғыл жолын қалыптастыруда. Бір ғана, аудан орталығынан ашылған агроиндустриялық аймақтың әлеуеті зор. Ерінбей еңбек етемін деген диқаншы қауымға бұл үлкен қолдау.

Көзіміздің жеткені, жылыжайдың жаздық жүйесінің өзіне әжептеуір қаржы кететінін білдік. Ал, қыстық маусымына да аз ақша кетпейтіні тағы бар. Құрылысынан бөлек, суару жүйесі, еңбеккерлер ақысы, тыңайтқыштар бағасы қалтаға едеуір ауыр салмағын салады. Сондықтан болар, көп кәсіпкерлер жылыжайын жабуға мәжбүр. Оның бір ғана себебі, шаруақожалық өзінің шығынын өтемейтінінде. Расында, шағын кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту үшін мемлекет тарапынан қолдау тетігі аз емес. Одан қала берді қымбатшылық шаруаларды қысып, еңсе тіктеуге мұрша бермейтіндей.

 

Мақпал МАРҚАБАЙ

 

 

Тағы да оқыңыз: