Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық саланы дамытуға басымдық беру керегін үнемі айтады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласы аясында кәсіпкерлікті дамытуға да қолдау бар. соның бірі «Ауыл аманаты» жобасы.

Бүгінде ауыл-аймақтағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында биыл аймаққа 3 миллиард теңге қаражат бөлінген. Жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беру арқылы жылыжай, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа да бизнес жобаларды қаржыландыру көзделген. Ауыл халқының табысын арттыруға негізделген несие 5 жылға, мал шаруашылығы үшін 7 жылға дейін беріледі. Ал мемлекеттік бағдарлама игілігін тиімді пайдалана білгендер шаруашылығын дамытып, бүгінде оның жемісін көруде.

   «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, өз шаруашылығын дамытуды мақсат еткен Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Сейсенкүл Кыдырбаева жылыжай ісін жандандырмақ ниетте жобаға өтінім берген. Нәтижесінде кейіпкеріміз «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы 7 миллион 9 мың теңге жеңілдетілген несие алып, жаңа жылыжайды іске қосқан.

       – «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жылыжай ісін бастадым. Қазіргі таңда 255 шаршы метрді құрайтын жылыжайдан күніне 100 келіге дейін қияр жинаймын. Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан берілер мүмкіндік көп. Тек істің көзін таба білу керек, еңбектену қажет, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.

   Жылыжай ісі соңғы жылдары тұрғындардың қызығушылығын тудырып, жаңа өндіріс көзі жанданып келеді. Істің көзін тапқандар мұның тиімділігін де жақсы түсінген. Бүгінде кейіпкеріміз жылыжайдан алған қияр өнімімен ауыл және қала тұрғындарын қамтамасыз етіп келеді.  Сонымен бірге жылыжайда қызанақта өсірілуде. Кәсіпкер алдағы күз айларында қызанақтың алғашқы өнімдерін сатылымға шығармақ ниетте.  Көкөністің бұл түрі қашанда дастарханнан табылатын, көпшіліктің сұранысына ие өнім қатарында. Нарықты зерттей білген кейіпкеріміздің  кәсіп аясы мұнымен шектелмек емес. Ол алдағы уақытта жылыжайдан үздіксіз өнім алуды ойлап, лимон өсіруді де қолға алмақ. Ауылда кәсіп ашып, өз ісін дамытқан Сейсенкүл Кыдырбаева бүгінде жылыжайда 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Айдана Сейіл

Тағы да оқыңыз: