Kyzylorda-news.kz. Жеңіскүл Жақсыбайқызы жастайынан кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып өскен жан. Бүгінгі күнге дейін түрлі кәсіппен айналысып, барынша өзін сынады. Талапшыл жанның талпынысы да жоғары. Үнемі тың дүниені қолға алғанды қалайтын кәсіпкер келіншек қазір шұжық шығаруда. Оның өнімдері – «Қазалы шұжығы» деген атаумен аудан тұрғындарына таныла бастады.

Осыдан біраз уақыт бұрын аталған кәсіпті табыс көзіне айналдыруды мақсат тұтқан Жеңіскүл Қыстаубаева Астана қаласына арнайы барып, шұжық дайындау курсын оқыды. Мол тәжірибелі мамандардан бағыт-бағдар алып, Қазалыға оралған соң іске білек сыбана кірісіп кетті. Мемлекеттік грант жеңіп алуға талап қылғанымен ұсынған жобасы комиссия тарапынан қолдау таппай, кері қайтарылды. Тәуекелшіл жанның бұл сәтсіздікке сағы сынбады. Қолдағы бар қаржысына құны төрт жүз мың тұратын арнайы пеш сатып алды. Бұдан бөлек, 150 мың теңгені қажетті заттарға жұмсады. Сөйтіп, көкейге тоқыған білімін іс жүзіне айналдыруға қамданды. Қазір Жеңіскүл үйіндегі шағын цехында шұжықтың алты түрін дайындайды.

– Бұған дейін ет сатумен айналыстым. Қазалыда кең тарамаған кәсіп түрін ашуды ойланып жүрдім. Іздендім, білім алдым. Сөйтіп шұжық шығарамын деген шешімге нақты келдім. Шұжықтың құрамында сиыр, жылқы, тауықтың төс еті және қойдың құйрық майы бар. Арнайы қоспаларды Алматы қаласынан алдырамын. Барлық өнім халал әрі денсаулыққа кері әсері жоқ дей аламын. Малды көзімше сойдырып, еттің тазалына аса мән беремін. Бұл тағамдық өнім болғандықтан жауапкершілік аса маңызды, – дейді кәсіпкер келіншек.

Тұтынушылардың талғамынан шығып, тұрақты алушылар саны артып келе жатқанын қуана жеткізген Жеңіскүл өзіне мемлекет тарапынан қолдау болмағанына қынжылды.

– Ой жеткенмен, қол жетпей жатады ғой. Менің де, алға қойған жоспарларым жетерлік. Алғашында, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсем, шағын цехымды аппараттармен толық жабдықтаймын деген үмітім болды. Алайда қаржыға ілікпедім. Сондықтан, бар жиған-тергеніммен пеш алдым. Енді, қақтайтын аппарат алсам, кәсібімді одан әрі дөңгелетуге тигізер септігі орасан зор болатын еді, – деді бізбен әңгіме барысында.

Жеңіскүл Жақсыбайқызының жоспары көп. Таза, табиғи сүттен ірімшік жасауды да үйренгісі келеді. Қазір шұжықтарын кент ішіндегі азық-түлік дүкендеріне өткізіп отыр. Көбіне тапсырысты әлеуметтік желі арқылы алатындығында жасырмады.

– Әлеуметтік желінің дамыған заманы. Жалпы, тапсырыстардың басым көпшілігі инстаграм парақшасы арқылы түседі. Бір-екі рет алған адам тұрақты тұтынушы болып қалуда. Азық-түлік дүкендеріне қойған шұжықтар екі апта көлемінде өтпеген жағдайда өзімізге қайта аламыз, – деген кәсіпкер келіншекке: «Өтпей қалса, шығынын өтеу қиын болмайды ма? деген сауал қойдық.

– Шүкір, осы кезге дейін кері қайтарылған шұжық жоқ. Дегенмен тұрғындар біздің өнімге енді-енді үйренісіп жатыр. Сондықтан аптасына бір рет ғана шығарудамыз. Шұжықтың келісі алты мыңнан басталады. Яғни, біреуі – 2000-2500 теңге тұрады. Алда кәсібімді кеңейтсем, жұмыссыз жүрген жандарды жұмыспен қамтысам деген ниетім бар. Әлі де, аяқтан тұрып, нық басып кету үшін қомақты қаражаттың керектігі жасырын емес. Алдағы уақытта тағы да, мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге бөлінетін қаржылай көмекті алу үшін қайта бағымды сынағым келеді, – деді сөз соңында Жеңіскүл Қыстаубаева.

Тағы да оқыңыз: