Kyzylorda-news.kz. Кәсіпті біреу бастауға көп ойланып жүрсе, біреу қалай бастарын білмей бас қатырады. Електен өткізіп жүргенде уақыт ұттырады. Енді біреу шешім қабылдай алмай, «бірдеңе істеу керек еді?» деген сауалдың төңірегінде айналшықтай береді. Ал енді біреулердің ішінде арманы болады. Соған талпынып әрекет қылады. Істің көзін іздейді. Сол ізденіс пен талпыныстың бір күні жеміс берері анық.
Дүр Оңғар ауылының тумасы Нұрғазы Өтепов те студент кезінен армандаған кәсібіне бүгінде қол жеткізген. Ол «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық орталығы» арқылы 3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алып, өзінің көлік жуатын және автокөліктердің дөңгелегін ауыстыру, жамау, желін тексеру, тағы басқа қызмет көрсету бойынша жеке кәсібін бастады.
Жалпы жыл шеңберінде жаңадан кәсіп ашушылардың саны өткен жылмен салыстарғанда біршама өсім беріп отыр. Мұның бір сыры – аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің кәсіп ашқысы келетін немесе кәсібін кеңейткісі келетін ниет білдірушілерге қызмет көрсетіп, ақыл-кеңес беруде есігі қашан да айқара ашық.
Бөлімнің мәліметінше, ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субьекті саны осы жылдың 1 қарашасына 4323 бірлікті құраса, өткен жылдың сәйкестілік кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға өскен. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьекті саны 4000 бірлікті құрап, 7,7 пайызға артқан екен. Тіркелген кәсіпкерлік нысанының жұмыс істеп тұғандарының үлес салмағы 92,5 пайызды құрайды. Биылдың қаңтар-маусым айы аралығында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6211 адам жұмыспен қамтылса, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,6 пайызға өсіп отыр.
– Мемлекеттік бағдарламалармен бизнес жобаларды қаржыландыруда жыл басынан бері жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 165 жоба несиелендірілді. Оның ішінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» негізінде несие сыйақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша 42 жоба екінші деңгейлі банктермен, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 69, «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық орталығы» арқылы 41, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 13 жоба несиелендірілді, – дейді бөлім басшысы Біржан Өмірзақов.
Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп отырған Нұрғазы Қуанышұлы кәсіп ашумен қатар қасына інісі Мәдиді жұмысқа тартқан. Яғни 1 адамды жұмыспен қамтып отыр. Көлік техникаларымен жұмыс істеу – ерге лайықты қызмет дейміз. Кәсіпкерлікке ден қоя бастаған азаматтың бұл саладағы тәжірибесі 10 жылдың шамасын құрайды. Жастайынан техникаға жақын болған. Шаруашылықта жүргізушілік еткен. «Ортақ өгізден оңаша баспақ артық» дегендей, нарық заманында кәсіп ашып, бақ сынау да ер жігітке үлкен сын деп білетін оның ауыл тұрғындары іскерлігіне шек келтірмейді.
«Орта арнаулы архитектор-құрылысшы мамандығын бітіргенмін. Бірақ бала күннен көлік жүргізіп, техникаға жақын болып өстім. Ауылда шаруашылықта 9 жыл көлік жүргіздім. Биыл кәсібімді ашуға бел будым» дейді жас кәсіпкер сөзін әрі қарай сабақтап.
– Жалпы колледжде оқып жүргенде алдыма мақсат қойдым. Ауылдың қаладан қай жері кем. Көлік жууда өз-өзіне қызмет ететін нүкте қалалық жерде жетіп-артылады. Өзім осындай стансада 2 жыл жұмыс істедім. Қолымнан келетін шаруа. Неге ауылдан осындай орталық ашпасқа, деген идея сол кезде келген. 50, 100 теңгеге көлік иелері өз-өзіне қызмет етіп, көлігін тазалап жуып алмасқа. Қаржы көп кетпейді. Қолжетімді баға. Жұмысы бірер минут. Қолмен жуған көбіктетіп шашып жуғандай болмайды. Әр нәрсенің өз уақыты болады дейді ғой. Идеяны іске асыратын уақыт осы шығар деп, мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, кәсіп ашуға шешім қабылдадым. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 2,5 пайызбен 3 млн теңге несие алып, ісімді бастадым. Құжат дайындауда маған ауыл әкімшілігінің қызметкерлері көмегін аяған жоқ. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде кәсіп ашып, өзімізбен қоса, сырттан келетіндерге де қызмет көрсетудеміз. Кәсіптің өзін ақтайтынына сенемін және алда басқа да жоспарларымыз бар, – дейді мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көруші жас.
Нұрғазы секілді Дүр Оңғар ауылында кәсібін бастаған бірнеше азамат бар. Олардың бірқатары қайтарымсыз грант бойынша жеңімпаз атанса, бірқатары жеңілдетілген несиеге іліккендер.
– Ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуда 1 азаматымыз жүк тасымалына 4 млн теңге қаражат алса, 1 азаматымыз кондитер өнімін шығаруға 6,7 млн теңге және тағы бір тұрғын жобасын сәтті қорғап, 3 млн теңге қаржысын күтуде. 19-35 жас аралығындағы жастарды қолдауда жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған ауыл тұрғындары Мұхтар Сәндібеков мал өсіру бойынша кәсібін бастаса, Нұрғазы Өтепов көлік жуу орталығын ашты. Сонымен қатар 2 азаматымыз 3-3,7 млн теңге көлемінде қаржысын күтуде. 1380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант бойынша 8 үміткердің бизнес жобасы қолдау тапса, олардың алды жұмысын бастады. Биылға кәсіпкерлікпен айналысуға тілек білдірген 18 ауыл азаматының 10-ы жеңілдетілген несие алса, қалған 8-інің 1380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант бойынша қорғаған бизнес жобасы қолдау тауып, кәсіпке ден қойды. «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық орталығы» арқылы Ғани Ұзақбаев пен Мұрат Ешниязов жылқы малын және Рахметолла Тілесов мүйізді ірі қара басын көбейтуге несие алып, жұмыстарын жасап жатыр дейді, – дейді Әбимүсілім Қоқанов.