Kyzylorda-news.kz Бүгінде қол еңбегімен айналысып, қосалқы табыс табу мақсатында белгілі бір істі дамытып жүрген жастар баршылық. Сондай адал еңбекпен пайда тауып, кәсібін өрлетіп отырған 26 жастағы Нұрлан Құмарбаевтың шеберлігінде шек жоқ.
Нұрлан мектеп бітіре сала жиһаз сататын дүкенге жүк тасушы болып орналасады. Ақкөңіл жігіт сауда үйінің заттарын тасумен қатар, жиһаздарды құрысуға көмектесіп те жүрді. Бұл оған қиынға соқпады, себебі әкесі Жалғасбек кәнігі ұста болған. Одан дарыған осы өнері ақырында нақты бір кәсіппен айналысуына жол ашты.
Қазір жас кәсіпкер ағасы Маратпен бірлесіп, шағын цех ашты. Күні бойы ағаш кесіп, сұранысқа сай заманауи жиһаз жасай бастайды. Олар есігі жылжымалы шкаф-купені түрлі дизайнда дайындайды. Үйдің сәнін келтіретін соңғы үлгідегі бұл жиһаз талғамы жоғары тұтынушылардың көңілінен шығатын көрінеді. Бұдан бөлек, көне дивандарды жаңалап, қаптайды. Көрпе жинайтын шкаф пен киім іліп, аяқ киім қоятын түрлі тұрмыстық дүниені сапалы жасап береді.
«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қолдан келгенше еңбектеніп жүрмін. Қазалы көлік-техникалық колледжінде оқып, машинистің көмекшісі мамандығын игеріп шықтым. Дегенмен, қазіргі кәсібіме ерекше ден қойдым. Еткен еңбегіме қарай тапқан табысым да жаман емес. Шүкір, тапсырыс берушілер қатары көбейіп келеді. Арнайы сұраныспен қонақүй мен сұлулық салондарына қажетті жиһаздар жасадым. Дүкен иелерінің талабы бойынша зат қоятын сөрелер құрастырдым. Сондай-ақ, туған күнге арналған естелік сый мен суреттерге рамка салуды да қолға алдым. Әдемілік үшін жарға ілетін айналардың жиегін рамкілеймін», – дейді ағаш шебері.
«Ұстамен жақын болсаң ісің бітеді» деген. Нұрланға тапсырыс бергендер тиянақты ісіне риза болып, алғысын білдіріп жатады. Уақыт өте оның қызметіне қайта жүгінетіндері де бар. Жас кәсіпкер бір күнде бар болғаны 3 адамның ғана тапсырысын алып қала алады. Өйткені, адам қолы жетіспейді. Ол мемлекет қолдауынан үмітті. Қаржы алып, бұл ісін дамытып, ұлғайтқысы келеді.