Kyzylorda-news.kz Ауылды дамыту мәселелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Осы орайда «Ауыл аманаты» жобасы қоғамда кеңінен қолдау тапты. Жоба – ауыл дамуының жаңа драйвері. Оның аясында 2029 жылға қарай барлығы 1 миллион ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2024 жылы 100 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Жоба облыста іске қосылғалы бір жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мәліметінше, былтыр облыс бойынша жобаға 3 млрд теңге бөлінген.
Нәтижесінде аймақта кәсіпкерлік саласы түрлі жобалар арқылы дами түсуде. Бүгінде мемлекет қолдауымен кәсіп көкжиегін кеңейткендердің үлкен шоғыры бар. Солардың бірі – Жалағаш ауданындағы қалдықсыз өнім шығаратын «Нұр» қап зауыты.
Өндіріс ошағынан бір демде күріш, жем, қоқыс салуға арналған 10 мың дана қап шығарылады. Бүгінде зауыттың жұмысын жүйелеуге 4 адам жұмылдырылған. Кәсіп иесі Асылхан Нұрасыловтың айтуынша, шикізат көршілес Өзбекстан елінен келеді. Ал зауыттың маторы болған алып техника Қытайдан арнайы әкелінген.
Кәсіпкер бұл кәсіпті бастауды көптен бері ойға түйіп жүрген. Ойға алған жұмысынан өнім алып отырған кәсіпкер алдағы уақытта өнімін тек облыс көлемімен ғана шектелмей, шетелге экспорттауды мақсат етіп отыр. Бұл игілікті істің барлығы «Ауыл аманаты» жобасы аясында алған несиенің арқасында жүргізіліп отыр.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында берілетін шағын несиенің жоғары сомасы 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке тең. Биыл айлық есептік көрсеткіш өзгеруіне байланысты, қаржы көлемі де ұлғайды. Мысалы, былтыр 8,6 млн теңге берілетін болса, биыл 9,2 млн теңге қарастырылған.
Сондай-ақ бизнес бағытындағы мұндай қолдаулар көп. Мысалы, қайтарымсыз грант беру – кәсіп бастаушылар мен шаруа шеңберін ұлғайтатындарға үлкен мүмкіндік. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, көшет сатып, кірісін еселеген жандардың бірі – Айдана Пұсырманова. Ол былтыр қолда бар қаражатқа жылыжайға қажетті материалдар сатып алған. Басқа да қажетті құрал-саймандар алу үшін мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінеді. Осылайша 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған.
Жылыжай – табыс көзі. Көкөністің күтімі күпті, бабы мықты болып өсуіне жылыжайдың атқарар рөлі орасан. Дастарқанымызға дайын күйі келетін көкөністердің қандай күтіммен өсетініне көп көңіл аудара бермейміз. Дейтұрғанмен еселі еңбектің арқасында жемісті жұмыс болатынын ескеру керек.
Бүгінде Жалағаш ауданы Мөрәлі Шәменов ауылындағы Пұсырмановтар әулеті жылыжай жұмысын жолға қойған. Өз қаражаты есебінен жылыжай салып, сол жерден несібесін алуда. Жылыжайда қызанақ пен қиярдың 2 түрі бар. Бүгінде бағбан өнімдерін дүкен сөрелеріне шығарып, тұрғындар үшін қолайлы бағада сатуда. Кішкентай ауылда көптің алғысын арқалап жүрген бағбан алдағы уақытта жылыжайдағы өнімдердің қатарын құлпынай жемісімен толықтырмақ.
Сонымен қатар Жалағаштағы тағы бір жарқын жобаның бірі – балаларға арналған «Ботақан» ойын-сауық орталығы. Орталық ауданның кәсіпкерлік саласына жаңа леп әкелді десек те болады. Бастамаға аудан тұрғындары да дән риза.
Кәсіп иесі Еркебұлан Каипов бұл ғимараттың құрылысын 2022 жылы бастаған. Кәсіпкер 2023 жылы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ» ЖШС-нің «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында құрылыс үшін 6 %-бен 50 млн теңге жеңілдетілген несие алып, қалған 150 млн теңгесіне жеке қаражаты есебінен құрылыс жұмыстарын жүргізген.
Екі жыл ішінде бой көтерген орталық заманауи үлгіде жасақталған. Техникалық қызметкерлер, аниматорлар, даяшылар және тағы басқа қызметтерге 15 адам жұмыспен қамтылған. Жоғары сапалы жабдықтармен жасақталған ойын-сауық орталығы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ата-ана үшін баланың қуанышты жүзін көру – үлкен бақыт. Бұл орталықта ойын алаңдарының түр-түрі қарастырылған және отбасымен тамақтануға да жағдай жасалған.
Кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген кәсіпкерге мемлекет қашанда көмек қолын созуға дайын. Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін қолға алғандардың бірі – Жазылбек Пірімжанов. Ол өткен жылы өзіне қызмет көрсету көлік жуу орталығына қажетті құрал-жабдықтар алып қаржыландырылған. Бүгінде кәсіпкер бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
Өз-өзіне қызмет көрсететін орталықтың ашылуы қазіргі заманғы бизнестің ең перспективалы бағыттарының біріне айналды. Еуропада мұндай тәжірибе 2000 жылдардың басынан бері жұмыс істеп келеді. Алайда, біздің елде өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орындары кейінгі уақытта ғана танымал бола бастады.
– Кейінгі уақытта ауданда көлік санымен қатар автокөлік жуу орындарының да артқанын байқадым. Осылайша «көлік жуу орнын неге ашпасқа?» деген ой келді. Бизнестің бұл түрі тиімдірек, – дейді Жазылбек Пірімжанов.
Орталықта автокөлік иелері өз көліктерін өздері жуа алады, мұнда қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Жоба құны 7,6 млн теңге.
Иә, расында да бір адам шағын немесе орта кәсіпті қолға алса, бірнеше адамға жұмыс табылады. Мұның өзі үлкен демеу болары сөзсіз. Кәсіпкер, іскер жандарды табу арқылы жұмыссыздықпен, әлеуметтік ахуалмен күресуге әбден болады. Сол үшін де қазіргі кезде ауылдағы тұрғындар, оның ішінде жастар берілген мүмкіндікті пайдаланып, шағын болса да кәсібін бастауды қолға алған. Бұл сөзімізге Жалағаштағы жарқын жобалар дәлел бола алады.
Биболат Сәтжан