Kyzylorda-news.kz Бүгінде еңбек етемін деген адамға табыс та, жұмыс та табылады. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған жаңажолдық кәсіпкер Гүлмира Сисенбаеваның осылай дейді. Иә, кәсіп қыламын дейтіндерге қазір мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік көп. Ол қызығушылық арқылы тәттілер пісіріп тірлігін дөңгелентіп, ауылда шағын наубайхана ашып отыр.
Гүлмира Тасболатқызы 18 жасында ауылда бірге өскен Алтынбек есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Мектепті бітіре сала қол ұстасқан екі жас талай кедергіні кешкендіктен үйлену оңай, үй болу қиын екенін біледі. Артынып, тартынып, бірде бар, бірде жоқ күй кешіп жүргенде бірінен соң бірі 4 бала өмір есігін ашады. Жас шаңыраққа бар несібе мен береке осы сәбилермен бірге келгендей. Кәсіпке келгеніне де он жылдан аса уақыт болыпты. Тағдырдың салған түрлі қиындығына қарамай, бір күні жарқырап күннің шығарына сенеді. Тек үміті, жақсы ойы, еңбегіне қарай әрекеті оны үнемі алға жетелеп отырады.
– Бала үшін өмір сүріп, барымызды аямаймыз. Туған күннің сәні – торт қой кәдімді. Сол балаларға деп туған күннің дәмді дүниесін Жосалы кентіндегі наубайханадан алып келеміз. Ол күннің ыстығында бетіндегі гүлі еріп, ауылға келгенше әлгі әрленген әдемі торттың ажары қашады. Бірде қызымның туған күніе алып келген тортымның дәмі бұзылып, ол ұшынып ауырып қалды. Содан осы тәттіні неге өзім жасап көрмеймін деген ойға келемін. Қазіргідей интернеттің жылдамдығы жоқ. Қалада тұратын сіңіліме айтып, торттардың рецептісін көріп, сұрап алдым. Кішкентай балалармен үйде отырғанымды көрген сіңілім Толқын «үйде қарап отырғанша, жолдасыңның бір жағына болысып, ақша тап. Айналысар тірлігің, қалтаңда ақшаң болмаса балаларыңды қалай асырамақсың? Тапқан табысыңа балаларыңның керек-жарағын алып бересің, қалағаныңды аласың» деп кеңес айтады. Оны қамшылап, алға жетелеген осы – бір ауыз сөз еді. Бұл оқиға 2013 жылдары болатын. Сіңілімнің берген мотивациясына мәз болып мектептің асханасына бардым. Мен бәліш пен тоқаш пісіремін, мектепке солай сатсам деп ұсыныс білдірдім. Осылайша тапсырыстардың саны да арта бастады. Пісіретін тәттілерд түрлендіре бастадым. Ауылдың шағын дүкендеріне өткіздім. Кешкілік балаларды ұйықтатып тастаймын да, кішкентай пешке таңға дейін сол тәтті нанымды пісіремін. Кейбірі бұл істі ерсі көретін. Бірақ бұл ісім үшін ұялмайтынмын. Жұмыртқаның қорабына бәліштерім бүлініп қалмасын деп салып аламын. Бар ойым сол балаларды жеткізу, қатарынан кем етпеу болды. Тиыннан теңге құралады емес пе? Түскен аз ақшаны ұқыпты жұмсап, құрал-саймандары мен қоспаларын артығымен алып қоюға үйрендім, – дейді кәсіпкер.
Бұрын бисквит, балды торттарға теңесетін тәтті жоқ болса, қазір «Вупи пай», «Қызыл бархат», «Сүтті қыз» секлді тәтті торттардың да түрлері жаңарып келеді. 2013 жылдан бастап ауыл ішінен тапсырыс ала бастаған Гүлмира қазір бұл торттардың барлығын пісіреді. Бір қызығы торт жасауды үйрететін ешбір шеберлік сабағына қатысып, кондитерлік цехта жұмыс істемеген. Ғаламтор ақтарып, «You tube» арнасынан дайындалу жолын көріп, бар ықласын осыған арнайды.
Анасының кәсібінің жандануына себеп болмақ ниетте Ғалымжан Шәкібеков «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде 7 млн теңге несие алып, нан өнімдерін жасауға арналған құрал-жабдықтар алып ауылдан шағын наубайхана ашады. Осылайша отбасылық кәсіпке айналдырады.
Қазір Жаңажол ауылы емес көрші елді мекендер мен Жосалы кентінің тұрғындары да Гүлмираның тәттісін іздейтін дәрежеге жетті. Бүгінде шағын наубайханада 20 жуық нан өнімдері дайындалады. Кәсіпкер қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындары мерекелік жиындар мен айтулы күн, туған күндерді тапсырыспен торт жасайды. Нан өнімдерін ауылдағы дүкендер мен жақын-жуық елді мекенге де тасымалдайды.
Торттың да түр-түрін дайындайды. Қуыршақ, машина, балалар ертегісінің кейіпкерлеріне тапсырыс қабылдайды. Арасында жасалуы қарапайым болып келетіні, күрделі технологияны қажет ететіні де бар. Ол әрбір бөлшегіне дейін тұнып тұрған креатив болғанын қалайды. Салмағы ауыр, биіктігі бірнеше қабат торттар үйлену тойына арналады.
–Торт пісіргенде жаным жай тауып, барлығын ұмытып кетемін. Қазір қай жиын-тойыңыз да тортсыз өтпейді. Туған күнде де, тойда да бұл тағам дастарханның сәніне айналды. Шеберлік сабағын өткізіңізші дейтін ұсыныс көп түседі. Үйренем деген адам үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Бастысы – таза ниет пен адал еңбек. Шын ынтасы барға ешбір сабақтың қажеті жоқ. Оны өз басымнан білемін. Интернетте іздегеніңнің бәрі бар қазір. Ерінбесең болғаны. Мемлекеттік бағдарламамен несие алып кондитерлік цехынды кеңейт деп кеңес айтатындар бар. 1-2 жылдың бедерінде үйдің бір бөлмесінен азық-түлік сататын дүкен аштым. Әзір барлығын өзім үлгертемін. Тұңғышым Аружан – студент. Демалысқа келгенде көмектеседі. Менде бос уақыт мүлдем жоқ. Әрбір адам уақытты тиімді пайдаланып, бейім іспен айналысса жамандыққа орын болмас еді, – дейді Гүлмира Тасболатқызы.
Кәсіпкердің нан өнімдері қымбат та, арзан да емес. Орташа бағаны ұстауға тырысады. Бір байқағанымыз, тұрақты тұтынушылары үнемі үлкен сенім артып, тапсырыс береді. Әдетте кондитерлер бағаны салмағына қарай қояды. Елдің бәріне ұнау әсте мүмкін емес. Бастысы кәсіпкер сынды қабылдай алады. Тұтынушыларынан дәмі дұрыс болмаса, ұнамаса жасырмай айтуын сұрайды. Себебі екіншіде сол қателік пен кемшілікті қайталамауға тырысады.