Kyzylorda-news.kz. Мемлекет экономикасын жан-жақты дамытудың ұтымды әрі тиімді жолдарының бірі – кәсіпкерлік саласын айшықтау, жандандыру, дамыту. Қазіргі кезде жаңа кәсіп түрін қолға алып, ерінбей еңбек етіп, көптің қажеттілігін өтеп жүрген кәсіпкерлер саны едәуір артып келеді. Бұл бір жағынан жеке тұлғаның өз бетінше еңбекке араласып, тәуелсіз және сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік болса, ал екіншіден тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, қажеттіліктерін өтеудің бірден-бір жолы. Мәселен, аудан бойынша біраз кәсіпкер өз несібесін еңбектен тауып отырған жайы бар. Бұл халықтың қажет-жарағын қалаға барып іздемей-ақ, жұмысын жеңілдетуіне жағдай жасап келеді.
Өзінің еңбегімен берекелі кәсіп түрін айналдырып отырған бүгінгі кейіпкеріміз – Ерасыл деген азамат. Ол – Айдарлы ауылының тумасы. «Ер – туған жерге» демекші, үлкен қалада білім алып, тәжірибесін толықтырған азамат өзі туып өскен жері Айдарлыға қайта ат басын тіреген. Осында тұрғындардың игілігі үшін аянбай еңбек етіп, өз ауылын көркейтуге күш салуды мақсат еткен Ерасыл 1995 жылдың тумасы. Кішкентайынан әкесінің қасында құрылыс, мал шаруашылығы деген сияқты ер азаматқа тән жұмыстарды еркін меңгерген ол жастайынан үйренген ісін жандандырып кәсіпке айналдырып отыр. Яғни бүгінде цементтен түрлі қалып құйып, төсеніш тас пен жол бойын бөліп тұратын бордюр жасау ісімен шұғылданып жүр. Жаңаша кәсіп түрін шағын ауылда жандандыру үлкен жетістік деуге болады. Ауыл азаматтары бұндай құрылыс заттарын шығарса, тұрғындар үшін бағасы да қолжетімді болмақ.
Ерасыл Жұмахметовтің негізгі мамандығы – заңгер. Мектеп қабырғасын тәмамдағаннан кейін Шымкент қаласындағы іргелі білім ордасында білім алып, аталған саланың кәсіби маманы болып шыққан. Кейіпкеріміз заң саласын қанық білу өмірдің кез келген тұсында пайдалы екенін айтады. Оқуы мен тоқуы келіскен ол адал еңбек еткен адамның бәсі биік әрі қоғамға қажет екенін айтады.
Ерасыл бастапқыда әкесі Есенкелдінің шаруашылығына қолғабыс етіп, еңбекке араласқан. Таң ертемен басталатын күйбең тіршілікте өзіне керек тәжірибені жинақтай жүріп, жақында цементтен түрлі плита, бордюр құюды кәсіпке айналдырған. Кәсібін жақында ғана бастағанымен, бет алысы жаман емес. Бүгінде Ерасылға сапалы өнім үшін тапсырыс берушілердің қарасы қалың. Ал кейіпкеріміз адал еңбекпен ризық табу өмірлік ұстанымы екенін айтады.
– Кәсіпкерлік саласы жан-жақты дамып келеді. Мемлекет тарапынан да кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасалып, түрлі бағдарламалар іске асырылып жатыр. Жолдауда да кәсіпкерлерді қолдау, кәсіпкерлік саласын жандандыру туралы сөз қозғады. Бұл аталған саланың жан жақты даму деңгейін көрсетіп отыр. Біз әзірге жұмысты өз қаражатымыз есебінен жүргізіп келеміз. Қажетті аппараттарды Шымкент қаласынан алдырдық. Жұмыс қарқын алып келеді. Алда жоспар көп. Сәтін салса, мемлекеттік грантқа сынға түсіп, кәсібімізді жандандырсақ деген ниеттеміз, – дейді жас кәсіпкер.