Kyzylorda-news.kz  Жаңақорған ауданы мал шаруашылығынан оқ бойы озық тұрған аймақ. Аудан бойынша 25 297 жылқы, 1790 түйе, 67 421 сиыр және 266 191 қой мен ешкі басы бар. Енді, осы төрт түліктің терісін кәдеге асырып, ауданда тері өнеркәсібін дамыту жолға қойылуда.

Мемлекет кешегі күнге дейін мал шаруасына көп қолдау көрсетті. Есебі жоқ субсидияны есебін тапқандар алып үлгерді. Байыса қазақ байысын дейміз, бірақ оған бақылау жасап жатқан ешкім болмады. Мал басын жыл сайын көбейтіп жатырмыз, әкімдік берген цифрларды көрсек елдің әлеуеті артып келе жатыр. Солай да шығар, бірақ, сол қолда тұрған мал басын көбейтіп, сүтін азын-аулақ тиын етеміз, негізгінен ет бағытында саудалаймыз. Басым көбінің шаруасы осы. Терісін, жүнін, басқа да қажеттіліктерді өтеуге әліміз әлі келмей жатыр. Келеді, бірақ оңай олжа табуға құмармыз.

Алдымен облыстағы ахуалды аңғарып көрейік. Аймақ бойынша төрт түліктен түрлі өнім шығару жолға қойылған. Мәселен, «Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Кушжанова түрлі өсімдіктің қоспасынан сабын дайындайды. Кәсіпкердің өнімі көп сабынға ұқсамайды. Ол түйе, ешкі сүті, жантақ қосылған емдік қасиеті бар сабын шығаруда. Бұл сабынның түрлі тері ауруларына және терінің құрғауына қарсы емдік қасиеті бар екен. Арсенаның емдік әрі хош иісті сабыны «Қазақстанның үздік тауары-2023» өңірлік көрме-байқауында-ақ сұранысқа ие болған. Арсена Көшжанова бұрын сабынды өзіне және таныстарына дайындайтын, содан кейін хоббиді бизнеске айналдыруды шешті. Мемлекеттік қолдау аясында қолдан жасалған сабын шығаратын цех ашқан. Кәсіпті бастағанына 6 айдай уақыт болған. Қазіргі таңда сабынның 11 түрін шығарып отыр. Соның ішінде 3 сабын емдік қасиетке ие. Айтуынша, сабынның құрамында хош иістер, бояғыштар мен консерванттар жоқ, тек табиғи ингредиенттер. Судың орнына ешкі мен түйе сүтін қосады, сонымен қатар түйе тікенегі қосылған шөп сабынының рецептін ойлап тапқан. Одан бөлек, Шиелі ауданында қымыран шығаратын зауыт бар. Аралда жүннен өнім өндіру ісі қолға алынғалы жатыр. Міне, аймақтағы ауқымды жобалар осылай реттеліп келеді.

Енді өзімізге келейік, біз бүгін мал өсімі мен жай-күйін, тері өндірісі, ет бағыты, сүт және құрт өндіру ісін сөз етеміз. Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, аудан бойынша 25 297 жылқы, 1790 түйе, 67 421 сиыр және 266 191 қо мен ешкі басы бар. Біздің екінші бағыт тері өндірісі. Өңдеу өнеркәсібі оның ішінде кенжелеп қалған саланың бірі – ол былғары өңдеу өндірісі. Жақында «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбеков пен өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Аблан Әсенов өңдеу саласы бойынша зерделеу жұмысын жасап, көршілес өңірлерге барып қайтты. Бұл кәсіптің болашағы мен осы бизнеспен айналысып отырған кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдап та көрген болатын.

– Әуелі Алматымен іргелес Көкөзек ауылында Саят Аблақов басқаратын “Almaty Tannery+” ЖШС тері өңдеу зауытында болдық. Бұл жерде 200-ге жуық адам жұмыс жасайды екен. Шикізат Алматының айналасындағы ауылдардан, Түркістан облысы және Солтүстік өңірлерден қабылданады. Дайын өнімді негізінен Алматы,Тараз, Ақтау, Қарағанды қаласындағы мемлекеттік тапсырыстарды орындаушы фабрика, цехтарға жібереді. Онда етіктер (арнайы және әскери етіктер) жасалып шығарылды. 1 айда 75000 дана МІҚ терісін өңдеуге қауқарлы зауыттың қазіргі жұмыс жүктемесі 20-25 пайызды құрап отыр. Одан кейін Тараз қаласында орналасқан "ТаразКожОбувь" ЖШС тері өңдеу зауытына бардық. Мұнда аяқ киім шығаратын үлкен фабрика бар. Жалпы өндіріс орны 1961 жылы құрылған. Шикізатты жергілікті жерден, жетпегенін өзге өңірлерден алады. Зауыт сиыр (бұқа), қой терісін қабылдайды Өндіріс басшысы Еркін Абдыбаев Кеңес заманындағы ет комбинаттарында малды дұрыс соймағаны үшін жауапкершілік бар еді дейді, терінің сапасыздығын айтып тұр. Жеңілдік, субсидия малға, етке, егістікке, жанар-жағар май және тағы басқа өнімдер бар, ал тері өндірісіне ештеме жоқ деп базынасын басып айтты, – деді филиал директоры. Зауыттағы құрылғыларды уақыт талабына сай жаңартылып отыру заңды. Мәселен, Түркия елінде бұл салаға мемлекеттік қолдау кеңінен жасалынған деседі. Осы кезге дейін былғары кластерінің дамымай отырған себебінің бірі осы болса керек. Қазір малды көпшілігі үй жағдайында және асығыс сояды, салдарынан мал терісіне пышақ іздері түсіп, кесіліп кетіп жатады, оған қоса мүйізді ірі қараға тән оқыра ауруы теріні бірнеше жерден тесіп белгілі көлемін жарамсыз етіп тастайды. “5000 терінің ішінен 2500 ғана жарамды. Кәдеге жаратуға келетін бөлігін өңдеу үшін қыруар химиялық қоспалар кетеді. Қоспалар өзге елдерден келеді, бағасы да қымбат, әрі салығы бар. Бізде кластер жоқтың қасы екен, инемен жіпті Италиядан, химиялық қоспаларды Германия мен Түркиядан, резеңкені Италиядан, бәтеңкенің бауы Ресейден импортталады. Қазақстандық үлес мал терісі мен адамдардың еңбегі. Қазір фабрика жылына 500 000 жұп аяқ киімді шығарса, алдағы 2-3 жылда 1 млн жұп шығару жоспарымызда бар” "ТаразКожОбувь" ЖШС директоры. Зауытта ер, әйел, арнайы аяқ киімдері тапсырысқа сай дайындалады. Биылғы қолданылған былғары мөлшері 15 млн дециметрді құрапты. Сапардың соңғы нүктесі Шымкент болды. Пархат Исабаев басқаратын "Turan Skin" ЖШС тері өңдеу зауытына тоқтадық. Өндіріс орны 2001 жылдан бері жұмыс жасайды. Қуаттылығына сай қазір 1 күнде (күндіз) 1000 теріні өңдеп дайын өнім қылып шығарып отыр. Кезінде осы өндіріс орыны дайын өнімді Қытай, Түркия, Италия, Пакистан, Балтық жағалауы елдеріне экспортталған, ол кезде күніне 1300-1500 дана шығаратынбыз, – деді басшысы. Терінің бір бөлігін тамақ өнеркәсібіне "белок"/протеин/ үшін дайындалып Ресей, Белорусия, Украина, Елдеріне жіберіледі. Қазір зауытта 50 адам жұмыс істейді. МІҚ терісінің 1 данасын 1200 теңгеден бастап алады, бұқаныкі 3500-4000 тг. Солтүстік өңірлерден келіге есептеп алынады екен, себебі, ол жақтың мал терісі салмағы ауыр болып келеді. Зауыт МІҚ (сиыр, бұқа), ұсақ малдардың терісін сапасына сай қабылдау үшін еліміздің әр өңірінде тері қабылдау пунктері, қоймалары жұмыс жасайды. Аталған 3 зауытта іскерлік байланыс орнатып, білгендерімен бөлісетінін және сапаға сай келсе шикізатты да қабылдауға келісетіндерін жеткізді, – деді Асылжан Жолдасбеков. 

Барлығында ұқсас жағдай, ол сапалы шикізаттың тапшылығы. Технологтың болмауы, осы сала бойынша жаңа буын жас мамандарды дайындап оларды соңғы финишпен қызықтыру. Соңғы финиш деп отқанымыз сол жерде өңдеп дайын өнім өзімізде шығару. Аяқ киім, киім, жаға, сөмке, белдік, тон, және өзге де былғарыдан жасалатын тауарлар. Қазіргі ескі құрылғылармен жартылай өнім дайындалатын жүйеге жастардың қызығушылығы төмен. Елімізде небәрі 6 тері өңдеу зауыты бар. Қазақстандағы аяқ киім шығаратын фабрика, цехтардың 15- 20 пайызын ғана қажеттілігін қамтамасыз ете алады екенбіз. Қалғанын шет мемлекеттерден алуға мәжбүрміз. Бір өкініштісі, шикізаттың контрабандалық жолмен шет ел асып кетіп жатқандары да кездеседі. Шикізатты шетке өткізбейміз, өзімізде дайын өнім шығарамыз деген мақсатпен тері сыртқа шықпай қалды. Мал терісі тау-тау болып үйіліп жарамсыз болып қалды. Бірақ дайын өнімді шығаруға дайын тұрған жүйенің жетіспеушілігі кәсіппен айналысамын деушілерге кедергісін келтірді. Теріні сыртқа шығарса өз талабына тура келетін сапалы терілерді алып, жоғарыда айтылғандай кесілген, тесілген қалдық тері кәдеге жарамай кәсіпкерді тағы да қыруар шығынға батырып, зауыттардың жұмысы тұралап, тоқтап қалу, тауар бағасының қымбаттау қауіпі тағы бар. Мәселен аяқ киім фабрикалары дайын былғарының 1 дециметрін Алматыдан 60-62 теңгеге алса, Түркиядан 150- 160 теңгеге алады. Содан кейін баға қымбаттайды. Ішкі нарықты сақтап, оны үйлестіру керек-ақ. – Қандай мәселелерді байқадыңыз? – Шикізатқа қабылдайтын тері сапасының төмендігі, екінші, мемлекет тарапынан қолдаудың болмауы (субсидия, дотация, т.б), үшінші, шет елден келетін тері өңдеуге арналған химиялық қоспаларға, құрылғыларға, басқа да қосымша заттарға кедендік баж салығын алып тастау керек. Төртінші, малды арнайы қасапханаларда (убойный цех) талапқа сай сою, бесінші, төрт түлікке оқыраға қарсы арнайы екпелерді, дәрі дәрмектерді салып, оларды үнемі ветеринарлық бақылауда ұстау. Алтыншысы, Қазақстанда желатин өндіретін зауыт салу, ол жарамсыз теріні қабылдау орыны болмақ. Міне, аудандағы жауапты сала мамандары осылай түйін шығарды. Бұл терінің айналысындағы кәсіптің бірі. Енді келесі бағытқа ойыссақ. Келесі кезекте аудандағы мал өндірісіндегі ең сұранысы көп бағыттың бірі мал сою ісі. Яғни, ет сату бағыты қазір нарықта бірінші кезекке шықты. Сондықтан, ет бағасы да сан құбылып, жылдан жылға өсімі байқала бастады.

Ауданда талапқа сай келетін мал сою пункті санаулы ғана. Солардың ішінде заманауи құрылғымен жабдықталғаны Қыркеңседегі Серік Мырзабаевтың шағын цехы. 

– Қазір осы аймақтағы ауыл тұрғындарының малын сойып, мүмкіндігінше көмек беруге дайынбыз. Қазір сұраныс жаман емес. Автоматтандырылған мал сою пунктінде барлық ветеринарлық талап сақталады. Ең бастысы етті сақтайтын мұздатқыш бөлме бар, – деді шаруа төрағасы. 

Сүт шығару өндірісі тым кенжелеп қалды. Жоғарыда айтқандай, Мемлекет басшысы биылдан бастап әрбір өңірде сүт фабрикаларын салуды тапсырды. Әзірге аудан көлемінде сүт шығаратын, зауыттар жоқ. Тіпті, ешкі мен жылқының сүті, яғни, саумалын үлкен кәсіп етіп отырған шаруалар да жоқтың қасы. Соңғысы біздегі шағын кәсіптің бірі де бірегейі құрт шығару өнеркәсібі. Қазір құрт кәсібі нарықта үлкен сұраныста. Біздің ауданның өзінде таза, қоспасыз құрттың келісі 4 мыңнан асып жығылады. Жылдан жылға құрт бағасы өсіп барады. Осыны ескерген түрлі өндірістер қоспасы көп құрттарды шығара бастады. Бағасы қалтаға қонымды, бірақ, жеуге келгенде өте дәмсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ұлпаш апамыз осы атакәсіпті серік еткеніне 8 жыл болыпты. Бастапқыда немерелерге деген үй тірлігі бүгінде бизнеске айналып барады.

– Шыны керек, мемлекет қолдауын әлі сезінбедік. Өз бейнетімізді көріп, айналамыздағы дүкендерді, ауылаймақты қамтамасыз етіп отырмыз. Негізі кәсіп ретінде қаймақтан бастаған болатынбыз. Кейіннен “Кәусар” жүгері сусынын шығаратын цехпен бірге ары қарай еңбектендік. Алдымен сүттің қаймағын алып, одан кейін қалған сүтті ұйытып, айран етемін. Ал, айранын жүгері сусынының құрамына қосу үшін алады. Өйткені, оларға майлылығы жоғары айран болмайды, сол себепті бізден майлылығы аз айран алып жүрді. Қазір серіктес емеспіз, ол кісілер өздері бөлініп, өнім шығаруды жолға қойды. Жалпы құрт, қаймақ, май өніміне нарықта сұраныс өте үлкен. Қазір жұрттың барлығы табиғи өнімге бет бұрды. Сондықтан, тапсырыс та, ұсыныс та өте көп. 

– Қандай ұсыныс келді?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадан арнайы таныс кәсіп иелері келіп, біуниверлер маңынан дүкен ашып, осы кәсіпті елордада бастауды ұсынды. Әрине, баруға болады, бірақ, оған мүмкіндік еш болмады. Біз тұтынушыларды толықтай қамтамасыз ете алмайтынымыз рас. Шикізат көзі еселеніп жатқан жоқ. Сондықтан ұсыныстан бас тартып, әзірге туған өлке Кейден ауылынан ісімізді дөңгелетіп отырмыз. Ынтымағы жарасқан ауылдың тұрмыс тіршілігін түсіруге бір жылдары ұлттық арнадан тілшілер келген болатын. Сол жобаның ішінде мен де еніп, арнайылап шағын кәсібімді түсіріп кетті, – дейді ол. 

Қазір нарық табиғи өнімнің бағасын шарықтатып жіберді. Ол кәсіп иелеріне дұрыс, дегенмен, ірімшік, құрт, қаймақтың бағасы отандық өнімнің нарығына сай келмей тұр. Ұлпаш апамыз құрт өнімі, оның құнарлығы, пайдасы туралы толықтай талдап берді. Әсіресе, малдың жем-шөбіне аса қатты мән беру керектігін ескертті. Судың тапшылығынан асқабақ егуге қол байланып тұр, әйтпесе, көбірек дән тастап, қыс бойы малымызды асқабақпен қоректендіретін едік дейді. Өйткені, асқабақтың құрамында дәрумен өте көп болады. Мемлекеттен субсидия, жеңілдіктер қаралып, аяқ судың мәселесі шешіліп, ауыл маңынан төрт түліктің қысқы азығын дайындайтын жұмысты жүйелесек дейді. Ауданда өтетін көрме, байқауларға кейіпкеріміз өз өнімдерін жиі шығарып тұрады екен. Бұл тақырыпты тереңірек зерделеу керекпіз. Біз әзірге құрт бизнесінің ақсап тұрғанын, оның табысы көл-көсір екенін тілге тиек еттік. Міне, біз бүгін төрт түліктен тиын тауып, тау тұрғызуға болатын шағын кәсіптердің бірен-сараңын ғана сөз еттік. Оның ішінде, қолда бардың қадірін біліп, шағын кәсіптің шырайын кіргізу туралы сөз еттік.
Қалғаны уақыттың еншісінде...

Фото: osken-onir.kz

Тағы да оқыңыз: