Kyzylorda-news.kz. Жаңақорғандық кәсіпкер Амантай Сарбасов бірнеше жылдан бері жылыжай өндірісін қолға алып, жыл сайын 30 тоннадан аса қияр жинап, нарыққа шығарып келеді. Қазір Түркістан мен Қызылорда қаласынан түсетін сұраныстың көптігінен биыл өнімнің көлемін ұлғайтуға жоспар жасап жатыр екен.
Расымен де, күнделікті өмірімізде дүкен сөрелері толы өнімдердің арасында отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерге көп мән бермейміз. Мәселен, ауданымыз мал шаруашылығанан да, ауылшаруашылығынан да көш басында. Бірақ жаңақорғандықтар Өзбекстанның қияры мен қызанағын, Қытайдың алмасын, Марокконың мандариндеріні мен Африканың бананын жеуге әуес. Олардың бағалары да шарықтап тұр. Неге өзіміздің емес, өзге өнімдерге жол беріп қойдық? Осы аталған өнімдердің барлығы өзімізде бар. Олай болса, ебін тауып өнеркәсіпті дамытуға қолдау білдірмейміз бе? Бұған не кедергі? Өзіміздің өнім қаншалықты сұранысқа ие? Халықтың талғамы мен өнімнің бағасы сай келе ме? Осы сұрақтар төңірегінде зерделеп көрген едік.
Жаңақорған – аграрлық аудан. Өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмысты жандандыруға әбден болады. Өкінішке қарай, жергілікті жерде өнімдерін өндеу түпкілікті жолға қойылмаған. Ауыл-аймақта сүт өнімдерін өңдеу шаруасы шала күйі. Сүт өнеркәсібін айтпағанда, шағын цехтың өзі жоқ.
Бүгінгі таңда республика бойынша сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша 200-ге жуық кәсіпорын бар екен. Бұл дегеніміз – елдегі сүт өнімдеріне деген қажеттіліктің 70 пайызын қамтамасыз етеді деуге болады. Нақтырақ айтқанда, ішкі нарықта азықтүлік өнімдерінің жалпы көлемінде сүт өнімдерінің үлесі 17 пайыз. Бұл жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың жылына 3500 тонна сүтті өңдеуге мүмкіндігі жетеді. Ресми статистикаға жүгінсек, 2022 жылы 184 млрд теңгенің сүт өнімдері өндірілген. Еліміздің өндірілген отандық сүт өнімдерімен қамтамасыз етілу деңгейіне тоқталсақ. Сұйық сүт бойынша 91 пайыз, қышқыл сүт өнімдері 85, сары маймен 66 пайызды құрап отыр. Қалған бөлігін импорттық өнім толықтыруда. Оның ішінде, Ресей мен Беларусь елдерінің үлесі басым. Ал, өзіміздің ауданда және елдімекендерде мал басы көп болғанымен сүт өнімдерін өңдейтін бірде бір кәсіпорын жоқ. Сүт өткізетін орындардың жоқтығы, сүтті бір жерден қабылдап, орталыққа тасымалдайтын қызметтің ұйымдастырылмауы қарапайым шаруаға қиындық туғызады. Кәсібін аяққа тұрғыза алмайды. Олардың ірі сауда нүктелерімен байланысы әлсіздігінен көп жағдайда делдалдардың асығы алшысынан түсіп жатады. Кәсібін өрістетуде өз әлеуетіне сүйенген қаратөбелік кәсіпкер Қымбат Исақанованың сүт және сүт өнімдерін өңдеу мен өндіруді жолға қоюда тыңғылықты талабы қуантты.
– Төрт түліктің қасиетін түсініп, бала жасымнан бойға сіңірдім. Қазірде сиыр сауып, айран ұйытып, құрт жайып, май шайқаймын. Жазда 10-12 сиыр, қыста 4-5 бас сиыр малынан өнім алып, кәсібімді жалғап келемін. Қыс мезгілінің өзінде 30-40 литр сүтті отта пісіріп, оны ұйытып, май мен құрт жасаймыз. Жиналған өнімді аптасына бір рет Түркістан қаласына базарға нарық бағасынан төмендеу етіп өткіземіз. Аудан орталығы бізге алыс әрі тез өте қоймайды. Байқайтыным, жұртшылық дүкендегі жылтырақ қалташадағы қоспасы көп айран мен сүтті, 5-6 данасын бір пакетке әдемілеп салып қойған әк қосылған құртты алып жатады. Ал, ауылда сүт пен айран өте қоймайды. Өйткені барлығының қорасында бірліекілі бұзаулы сиырлары бар. Сондықтан отбасымызбен шағын кәсіпті қолға алып, қаймақ, май өнімдерін шығаратын шағын цех ашқымыз келіп отыр. Соңғы кезде мал шаруашылығына ешқандай грант беріліп жатқан жоқ деген желеумен оған да қорымыз жетпеді – дейді ол.
Жалпы, Қазақстан Сүт одағының мәліметіне сенсек, бүгінде нарықта айран, қаймақ, пастеризацияланған сүт, өңделген және тазартылған сүт өнімдеріне сұраныс мол. Халықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуде әлеуетіміз жеткілікті. Бірақ немқұрайлылық пен бейқамдық өндірістің өрістеуіне қолбайлау болып отырған секілді. Ішкі нарықта қалыптасқан жағдайды жадымыздан шығарып алған сияқтымыз. Кейде бәсекеге қабілетті тауар шығаруға қауқарлы бола тұра, өз өндірушілеріміздің өнімі өтпейтін жағдайлар орын алып жатады. Өйткені біз әлі де бір реттік қолданысқа арналған қытайдың жылтырақ тауарына жалтақтаймыз. Оның үстіне, біздің жергілікті өнім халыққа толық жетпегендіктен, экспорт көлемі күн санап артуда. Сөзіміздің дәлелі ретінде аудан орталығындағы «Нұр» орталық базары, «Береке», «Ғани», «Нұрасыл», «Айсара ана», «Қарабура» және «Сырдария» сауда орталығындағы көкөністің көбі Қытайдан, Өзбекстаннан əкелінеді. Бір келі қиярдың бағасы күздің өзінде 700-800 теңге болса, қызанақ 450-500 теңге. Егер жергілікті диқаншыларға қолдау көрсетіліп, жұмыстары жүйеленсе, нарық бағамына да оң әсер етіп, қарапайым қарашаның қалтасына салмақ аз түсер еді ау.
Осы тұста, жаңақорғандық шаруалардың жай-күйін бағдарлап көрдік. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде жұмыс жасайтын 5 жылыжай бар. Соның бірі Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қожалықтың қарқыны қуатты. Көктөбе аумағында орналасқан аталмыш жылыжай кешенінің иесін әңгімеге тарттық.
– 2010 жылдан бері осы диқаншылықпен айналысып жатырмыз. Көлемі 0,7 гектар аумақты құрайтын жылыжайда қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүргенбіз. Қазір тек қиярды егеміз. Өйткені қызанаққа сұраныс өте аз әрі шығыны көп. Қазір тек қана қияр өсіріп жатырмыз. Жылыжайда егін егу, бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл желкем соқса солып қалады. Жылыжайдың температурасы +6 градустың өзінде жеміс жаурап өспей қалады. Сосын 40-45 күн жылы суда жату керек. Өйткені оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі. Біз тынымсыз еңбек етіп, көкөніс пен жемісті ешқандай дәрі-дәрмексіз құдықтың суымен өсіреміз. Тіпті көшеттерді де табиғи баптаймыз. Бірақ көпшілігі өзімізден емес, Ташкенттен, Сарыағаштан барып алып келеді. Үйіне әкеліп, ауласына еккені кейін көпке бармай қурап кетеді. Себебі дәрімен өскен көшет үнемі әлсіз, ыстық, суыққа төзімсіз болады. Біздің бақта барлық жемістер бар. Алма, алмұрт, қияр, анар кете береді. Жылда егілетін өнімді көбіне өзге аймақтарға жөнелтеміз. Сондай-ақ аудан орталығында да ара-тұра келісім бойынша өткіземіз. Көбіне, өзге аймақтардан арнайы келіп, өздері тиеп алып кетеді. Өйткені олар таза табиғи өнім екеніне көздері жетті. Ал, аудан тұрғындары сырттан көтерме бағада әкеліп сатып жатады. Қытайдан, Польшадан беті жып-жылтыр, құрт түспейтін, неше күн сақтасаң да шірімейтін, ірімейтін пластмасса алмаларды әкеледі. Қанша уақыт түрса да, реңі өзгермейтінін біледі. Сөреде жылтырап тұра береді. Дей тұрғанымен, шетелден тасылған жеміс-жидектің адам ағзасына пайдасынан зияны мол. Химиямен өскендіктен, өзіндік құны төмен. Бірақ оған саудагерлер бас қатырып жатқан жоқ, бастысы шығынданып қалмаса болғаны. Негізі бізге субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Аудандағы шығынға ұшыраған өзге жылыжайлар қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Егер мемлекет тарапынан аз-маз қолдау көрсетілсе, жұмысымыз жанданып кетер еді, – дейді бағбан.
Кәсіпкер жыл сайын 30 тоннадан аса қияр жинап, нарыққа шығарады екен. Қазір Түркістан мен Қызылорда қаласынан сұраныс көп екенін тілге тиек етті. Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады кәсіпкер. Расында, бір жылыжай салу үшін қыруар қаржы қажет. Құрылысынан бөлек, суару жүйесі, еңбеккерлер ақысы, тыңайтқыштар бағасы қалтаға едеуір ауыр салмағын салады. Сондықтан болар, көп кәсіпкерлер жылыжайын жабуға мәжбүр. Оның бір ғана себебі, шаруақожалық өзінің шығынын өтемеген. Расында, шағын кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту үшін мемлекет тарапынан қолдау тетігі аз емес.
Осы тақырып төңірегінде аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің маманы Дәурен Абибуллаевпен тілдестік.
– Ауданымызда жер-анадан ризығын теріп, кәсібінің нәсібіне кенеліп жатқан шаруалар аз емес. Дей тұрғанымен, нарықта өзге өңір өнімдерінің бәсі биік. Былай қарағанда ауданымызды күрішпен толық қамтамасыз етуге болады. Оған әлеуетіміз жетеді. Бірақ, халық өзіне ұнаған немесе сыртқы қаптамасы әдемісіне қызығады. Сапа тұрғысынан келсек Көктөбе, Қандөз, Қаратөбе ауылдарында тары егіледі. Бірақ бағасы өзге аймақтікіне қарағанда қымбаттау. Себебі, біздің тарылар ерекше дәмді әрі сапалы. Қарапайым халық көбіне сапасына емес, сыртқы қаптамасы мен бағасына назар аударып жатады, – дейді бас агроном.
Содан орталық базарға бас сұғып, ондағы талқан мен тарының жайын бағамдадық. Қуантарлығы, Сыр беткейдің тарысына сұраныс көп. Кейбір саудагерлер немесе алып-сатарлар Ақтөбенің тарысын арзан бағада әкеліп, пұлдап отырғанын жасырмады.
Қандөз ауылы нағыз жиын-терімнің қызған уақытта бетке алған екенбіз. Әр үйдің ауласында қап-қап тары, оны жер ошаққа қуырып жатқан ауыл тұрғындарын көрдік. Жол жиегіндегі үйдің біріне аялдап, Алмас есімді отағасын әңгімеге тарттық.
– Біздің ауылдың негізгі күнкөріс көзі осы тары ғой. Ала жаздай тары егіп, күзде жинап алып, қыс бойы осылай қуырып сатамыз. Ауызбен айтқанға оңай ғой, бірақ үлкен еңбекті талап етеді. Кейде осы қолымыздағы өнімдерді өткізу қиындау болып жатады. Өйткені, кейбіреулер Ақтөбе қаласынан арзан сөкті тонналап алдырып, диірмен тартқызады да, біздің бағадан төмендетіп саудалайды. Бұл жерде біз тарыны еш дәрісіз әрі піскен уақытта комбайнмен емес, қолмен орып аламыз. Дайын болған тарыны диірменге апарып сала салмаймыз. Оны алдымен 2-3 қайтара жақсылап жуып, қара қазанға өз бабымен жақсылап қуырамыз. Сонда тары сап сары рең алып, ерекші иісі мұрынды жарады. Оны өздеріңізде сезіп тұрсыздар. Ең бастысы, біздің тарылар суға салғанда езіліп кетпейді, өз қалпын сақтап, құнары бойында болады. Әсіресе жас босанған аналарға осы біздің тарыны алыстан алдырып жатады. Себебі, ерекше күш беретінін айтып жатады. Егер аудан халқы өзге өңірдің емес, өзіміздің еккен тарыны сатып алатын болса, жылда алатын өнімді ұлғайтатын едік. Бірақ халық арзанына жүгіреді ғой, – дейді диқан.
Мемлекет басшысы отандық өнімді қолдауды жиі айтып жүр. Мойындау керек, сырттан арзан әрі сапалы тауар ағыны артқанда бұқараның соған ұмтылары анық. Бұл тұрғыда импортты ырықтандырудың жалғыз жолы бар. Ол отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерді әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Яғни, президент айтқан «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана тауар өтімді болып, сырттан келіп бізді ешкім жарылқамайды.
Осы ретте «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековтің ойын білдік.
– Бүгінде біздің ауданның өндірісі жақсы. Аудан тұрғындары өзіміздің жергілікті күрішті тұтынады. Жылыжайды дамытып, кәсіптің көзіне айналдырып отырған шаруалар да бар. Біздің кәсіпкерлік палатадан қолдау тауып, ісін дамытып жатқандар бар. Бірақ толыққанды ауданды қамтамасыз ете алмай отыр. Оның үстіне Ташкенттің жылыжайында дәрімен өскен қияр, қызанақтар жалтырап, көзге әдемі көрінеді. Қарапайым халық кез келген өнімнің сапасын бағалап үйренбеген.
Осы тұста айтқым келеді, халықты өз өнімдерімізді алуға үгіттеп, кеңінен насихаттауымыз керек. Біздің ауданда халыққа керекті тауарлар жеткілікті. Мәселен, кәсіпкерлер дайын өнімді сырттан тасымалдаудан гөрі өндірісті қолға ала бастады. Құрылысқа қажетті ішкі әрлеу жұмыстарына керекті желімдер, шлакоблок, бардер, брусшатка, газаблок, полистререлблок, бетон шығару қарқынды жұмыс жасап жатыр. Мысалы, кір сабын шығаруға ниеттенген азаматқа мемлекеттік грант алуға мүмкіндік беріп едік, қазір сауда орындарында сұранысқа ие. Сапасы да, бағасы да өте жақсы. Аудан халқы осындай жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шеттен келген тауарды емес, өз өнімдерімізді қолданса, кәсіпкерлердің де өрісі кеңейер еді. Қазір мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған, түрлі бағдарламалар қарастырылған. Адамда тек ниет болса болғаны, – дейді ол.
Бұл қатарға Кейден елді мекендегі жүгері сусыны шағын цехын, Жаңаауыл мөлтек ауданы аумағындағы тор сетке және жиһаз жасайтын нысанды мысалға келтіруге болады. Десек те, отандық өнімнің тағдыры ең алдымен оны тұтынатын жергілікті халықтың сұранысына тәуелді екені анық. Егер біздің жеркілікті өнім сатылмайтын болса, онда кіріс те болмайды. Бұл ереже барлық салаға ортақ. Өнеркәсіпке де, ауыл шаруашылығына да, бизнеске де қатысты.
Өз өнімдерімізді қолдау арқылы ғана біз елдегі экономикалық ахуалды жақсартып қана қоймай, әлеуметтік проблемаларды да шеше алатынымызды есте ұстағанымыз жөн. Президент ҚасымЖомарт Тоқаев қыркүйектегі халыққа Жолдауында, Жетісуға барған сапарында: «Далада 30 теңгеден қазып алынып жатқан картоп дүкенде неге 150 теңгеге сатылуда? Бауларда 150 теңгеден сатылатын алма, неге 750 теңгеге бір-ақ көтеріледі? Халықты неге қинап жатырсыңдар? Мәселені тез арада шешіңдер!» – деген сөзі көптің есінде. Егер Мемлекет Басшысының айтқан әр сөзі орындалып жатса, бүгінде гүлденіп кетер ме едік? Өз өніміміздің өрісін қалай өркендетеміз? Бұл ретте елді толықтай отандық өніммен қамтамассыз етіп отырған елдердің тәжірибесіне сүйенсек. Түркияның дүкен сөрелеріндегі әрбір тауарда «жергілікті өнім» немесе «шетелдік тауар» деген таңба болады екен. Олардың дүкен сөрелеріндегі тауарлардың кем дегенде 51 пайызы отандық тауарды құрайды. Кей жерлерде бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін барады. Халықтың жергілікті өнімдерге сұранысы жоғары. Түркияда «түрік жұрты үшін – түрік тауары» деген түсінік қалыптасқан. Жергілікті тауарлардың сапасы өте жоғары әрі бағасы қолжетімді. Сондықтан тұтынушылар басқа елдің тауарларын қажет етпейді екен.
Ақиқатында, өзге емес, өзіміздің өнімдерді брендке айналдыру – заман талабы. Осы жолда аянбай еңбек етіп, бәсекелестікті дамытып, тиісінше, сапалы өнім ұсынуды қолға алған жөн болар. Ендігі мәселе жергілікті жерлерден шығарылатын тауарлардың сапасының жоғары, көлемінің мол, бағасының қолжетімді болуы. Себебі біздің аймақ Өзбекстан, Қырғызстан, әсіресе, азық-түлігі бай оңтүстік облыспен шекараласады. Бұл, біржағынан, бәсекелестікті күшейтеді. Қазір заңды-заңсыз жолмен Қытайдың, Ресейдің арзан азық-түлігі жергілікті нарықты кеулеп барады. Сондықтан жергілікті билік орындары ішкі нарықты қорғау бағытында тиімді жұмыстар жүргізуі тиіс-ақ.